«Пирамиданың» бастығы да ұры болып шыққаны ма?

11.03.2019
Қаралды: 156

Өткен сәрсенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры қамауға алынды. Әділ Арынға мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр.

 

Мәліметтерге  сенсек, ел «Пирамида» атап кеткен алып сарайдың директоры бір емес, бірнеше миллионды қалтасына басқан көрінеді. Мәселе мемлекеттік сатып алу, яғни тендерден бастау алады.

 

Тарқатып айтайық. Әділ Арын «Пирамиданы» 2016-жылдан бері басқарып келеді. Халықаралық маңызы бар басқосулар мен ірі іс-шаралар өткізіліп тұратын мекеменің ұйымдастыру-бақылау бөліміне ол өзінің ескі танысы Айдос Исахановты басшы етіпті. 2017-жылы «Пирамидада» жаңажылдық мерекені өткізу жайлы келісім-шартқа қол қойылады. Осы шараға қатысты сарайға 130 шаршы метрлік LED-экран қажет болған. Айдос Исаханов бұл қажетті алыстан іздеп әуре болмапты. Ол осындағы қызметкерлердің бірінде өлшемі бұдан басқа LED-экран барын білген. Жекенің бұл жабдығы нақ осы сарайдың қоймасында жатқан екен. Қылмысқа осы жай түрткі болған сияқты. Оқиға былай басталған:

 

А.Исаханов қажетті экранды тездетіп алу жөнінде бастығына хат жолдайды. Сөйтіп бірнеше сатушыдан аталмыш жабдықты 33 – 39 миллион теңге аралығында сатамын деген «ұсыныс» жинайды. Бірақ мем­лекеттік сатып алудың жеңімпазы «Astana Art Creatіve Group» ЖШС болып танылған.  (Бұл А. Исахановтың туысының серіктестігі). Ол әлгі жабдықты өзгелерден арзан бағаға ұсынады. Келісім-шарт осы компаниямен жасалып, оларға 32.778.000 теңге беріледі.

 

Шын мәнінде, тап осы сарайдың қоймасында сақталған LED-экранды иесі 11,5 миллион теңгеге бағалаған. Ал мемлекеттен артық алынған 21 миллион теңгені Әділ Арын досы Айдос Исаханов екеуі бөлісіп алған көрінеді. Иә, 20 миллион теңгені біреулер 20 минутта оп-оңай олжалай салады. Ал біреулер оны 20 жылда да таба алмайды.

 

Тым қымбат бағаланған жабдық тиісті органдардың күдігін тудыратыны анық. Сондықтан Астана қалалық мемлекеттік кірістер департа­мен­тінің экономикалық тергеу қызметі бұл іске қатысты тергеу-тексеру жұ­мыстарын жүргізеді. Тықыр таянғанда Әділ Арын «Astana Art Creatіve Group» ЖШС-нің көзін жоюға әрекет етеді. Ол тіпті А.Исахановқа осындай тапсырма да берген. Бірақ мұның бәрі тергеу назарынан тыс қалмайды. Нәтижесінде «Пирамиданың» директоры сот шешімімен  қамауға алынған. Оған Қылмыстық Ко­декстің 4-бабы, 4-бөлігінің 189-бабы (ірі мөлшерде басқа біреудің мүлкін заңсыз иелену немесе ұрлау) бойынша айып тағылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмысы дәлелденсе, пирамида құрған «Пирамида» директоры 7 жылдан 12 жыл­ға дейін сотталуы мүмкін.

 

Бақандай 21 миллионды бір-ақ сәтте досымен бірге қалтасына баса салған Ә.Арын деген кім, енді осыған тоқталайық.

 

Әділ Сейілханұлы Қызылорда қаласының тумасы. Осы қылмыстық іске арқау болған досымен Арқалық қаласында педагогикалық институтта оқып жүрген кезінен араласатыны айтылады. Үш жоғары білімі бар ол Мәдениет минис­тр­лігінде, Астана қаласы ішкі саясат бас­қармасында, «Қазақстан темір жолы» ҰК мен «Қазақфильмде» басшылық қызметтер атқарған.

 

Келер жылы жасы 40-қа толатын Ә. Арынның әлеуметтік желідегі парақ­шасы түрлі мәдени шараларға қатыс­қан суреттерге толы. Одан Әділ Сейіл­хан­ұлының түрлі сұлулық байқаулары, шоу-бизнес жұлдыздарының концерті, көптеген мәдени іс-шаралардың ортасында жүретінін аңғаруға болады. Мұн­дай мәдени шаралар бірлік пен достастықтың, бей­бітшілік пен ынтымақтастықтың бел­гісі болады делінген сарайда да өте көп өтетіні мәлім. Жалпы, мұнда халықаралық басқосулар жиі ұйымдастырылатыны белгілі. Ал әлемдік деңгейдегі шараларға қаралатын қаржы қос достың қамалуына себепші болған жаңажылдық кеш сомасынан да көп болатыны түсінікті. Сондықтан көңілде: «Олар­ға кеткен шығын орнымен жұмсалды ма екен?» деген сұрақ та жоқ емес.

 

Қалай десек те Астананың қақ төріндегі мекемеде осындай құйтырқы тірлік жасағандар құрықталды. Ал құрықталмағаны, ашылмаған-айтылмағаны қанша?

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ