Ер өлмейді, түсінбеген ел құртады

11.03.2019
Қаралды: 201

Қытайда жазықсыз түрмеге тоғытылып, тағдырлары тәлкекке түскен қандастарымыздың жағдайы бәрімізді де алаңдатып отыр.

 

Осыған орай әлеуметтік желілерде өз үнін білдіріп, ерекше белсенділік танытып жүрген қандастарымыз баршылық. Солардың бірі  «Уатсап» желісі арқылы таралып жатқан аудиожазбалары арқылы танымал болып үлгерген шымкенттік Бақытжан Жасұзақұлы.

 

Біз ол кісіні іздеп жүріп тауып алып, арнайы сұхбатқа шақырдық.

 

Айта кетейік, бұл кісі бабалар өсиетін насихаттауда да айрықша көзге түсіп жүрген азамат.

 

«Мені ұлттық қауіпсіздік комитеті арқылы таптыңдар ма?» – деп самбырлай кабинетімізге кірген Бақытжан Жасұзақұлы әңгімені бірінші өзін таныстырудан бастады.

 

«Мен 1966-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келдім. Әкем Жас­ұзақ пен анам Мереке – 10 баланы бағып-қағып, тәрбиелеген ардақты жандар. Мен үйдің жетінші перзентімін. Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті бітірген соң Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түстім. Онда жеті жыл білім алып, фармацевт мамандығын алып шықтым. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Халал техникалық стандарттау комитетінде 2005-2014 жылдары еңбек еттім. Қазір Құран тілімен уағыз айтып, адам ем­деймін. Отбасылымын. Бес балам бар.

 

Қытайда қысым көрген қазақтардың жағдайы туралы дабыл қағылғалы үш жылға жуықтап қалды. Атажұртқа қоныс аударған қаншама отбасы екіге бөлініп, бір-бірінен жырақта өмір сүріп жатыр. Мұның барлығы жанымызға аяздай батады. Алғашта бұл қиындықтар туралы «Атажұрт еріктілері» ұйымының негізін салушы Серікжан Біләш бауырымыздан біле бастадық. Ал Серікжанды өзім 11 айдан бері жақсы танимын. Талай жерде бас қостық, пікір бөлістік. Ұққаным – бұл азаматтың бағытының дұрыстығы. Бұл азамат, «Атажұрт еріктілері» ешқандай заңға қайшы әрекет жасап немесе билікке қарсы сөз айтпайды. Ол туралы көптеген алыпқашпа, қауесеттердің айтылуы орынсыз дер едім. Мұның барлығын шығарып, бүлік салып жүрген – қу қытайшылдар.

 

Негізі қытайшылдардың кім екенін осы күнге дейін мен де түсінбедім. Осылардың астыртын саясаты туралы Се­рікжан Біләш та, басқалар да көп шырылдады. Бұл қалай өзі, жұрттың сонша шамына тиген қытайшылдарды қайдан тапсам болады деп ойланып, бес ай бұрын «Фейсбукке», «Уатсаптағы» жиырмаға жуық топқа тіркелдім. Айтары бар көптің пікіріне құлақ салдым. Сөйтсем, қытайшылдар деген – қазақша сөйлейді, бірақ қазақтың бірлігін қолдамайды. Қытайдың билігі туралы, ондағы қиналып жатқан қазақ туралы ештеңе айтпайды.

 

«Фейсбукті» енді-енді түсіне бастап, жақында ғана Серікжанмен түскен суретімді салып едім, Ертарғын деген атпен біреу бес сағат бойы тиісе бастады. Сосын өзі секілді бір әйел қосылды. Айтатындары: «Сендер салафи-вахабиссіңдер, ұйғырсыңдар», «анаусыңдар-мынаусыңдар» деп айтпағандары жоқ. Тура бір жынды секілді. Ақылдан жұрдай. Не деп отырғандарын өздері білмейтін секілді. Көздегендері – қазақ халқының арасына іріткі салу. Елді дүрліктіріп, қазаққа жаны ашыған адам сияқты көрінген соң бұлардың кім екенін білмейтін біреу «Мына байғұс қазақты ойлап жатыр екен ғой. Бірдеңені біліп айтып отыр-ау» деуі мүмкін. Қытайшыларға да осы керек. Осал тұсты тапқан соң арандатуды бастап кеп жібереді.

 

Менің суретімнен кейінгі жазбасын оқыған соң оларға қайта-қайта телефон нөмірімді жібердім. Оған мүлде басқа біреулер телефон соғып, Серікжанды сөйлетпеу, Қытайда азап көрген ба­уырларымыз туралы айтпау керектігін жеткізеді. Бар жұмыстары осы.

 

Мен: «Сөйлесейік, дұрыстап түсіндір», – десем: «Көліктемін, рульдемін», – деп қашады. Көлік жүргізіп келе жатқан адам тоқ­таусыз пікір жаза ма? Сөйтіп отыр­ған Ертарғын дегенге: «Сенің атың өш­сін! Одан да арандатушымын, сатқынмын деп жазбайсың ба?!» – дедім күйіп кетіп. Содан бастап мұндай сатқындарды бетпе-бет кездеспесе де тани аламын.

 

Бұл қытайшылардың әдеті – аты-жөндерін толық көрсетпейді екен. Біздің билікті аямай жамандайды. Әйел мен ердің, Оңтүстік пен Батыстың арасына от тастайды. Өкінішке орай, соған еретін, сенетін қазақтар да бар. Еліміздегі сенгіш, аңғал азаматтар осыларға ілессе билікке қарсы шығып кетуі ықтимал. Бұл дұрыс емес. Біз үкіметке наразылық көрсетіп жүргенде осыны аңдып отыр­ған Қытай әскерін әкеліп, біздің көзімізді жоюы әбден мүмкін. Соны ұйымдастыратын – Қытайдың «жұмсақ күштері». Ақшасын тойып жеп алған жанкеш­тілерге Серікжан Біләштің керегі жоқ. Олар Серікжан аузын жапса, азап шеккен қандастарымыз құрыса деп отыр.

 

Қытайшылдар деген, міне, осылар. Онсыз да миы ашыған қазақты одан бетер сандалтып, санасын улау үшін ештеңеден тайынар емес. Қытайдан келген үш жүз мың қазақ бар. Бауыр-жақындары Қытайда қалып, қиналып, қайғыдан қан жұтып отырған бауырларымызға жаман сөйлеп, жала жапқыш осындайларды тайраңдатып қойған үкіметке таңқаламын. Заң қайда, тәртіп ше? Ойлануымыз қажет», – деген   Бақытжан Жасұзақұлы тәрбие, ұлттық болмыс туралы да сөз етті.

 

«Біз тәрбиенің тал бесігін тек үйде ғана емес, мектепте де түзеуіміз керек. Бала тәрбиесіне отбасыдан бөлек, мектептерде тереңірек мән берілсе екен. «Қазақты тану» немесе «Алланы тану» пәндері енгізілсе, келешек ұрпағымыз орыстанбас еді. Мен Лесбек Байжанов ағамыздың жазып кеткен 6 томдық «Бабалар өсиеті» кітабындағы мына өлең жолдарын әрбіріңіз жаттап, мағынасына тереңірек үңіліп көріңіздер деймін:

 

«Тау өлмейді – жер құртады,

Ер өлмейді – түсінбеген

                  ел құртады.

Батыр өлмейді – батасы өледі,

Батасы өлген соң батырға

                     оқ өтеді.

Байлық өлмейді – пейілі

тарылған азаматқа уын төгеді,

Ел өлмейді – өсиет өледі.

Данышпан өлмейді – жетесізге

       айт­қан сөздің атасы өледі.

Кебін кимей тұрғанда келсабы

               жұмсақ сөз ұстам,

Кебенек келсе, ажал келеді.

Тау шағылар қарадауыл

                 селге ұрынса,

Ер шағылар надан кеп

                   елге ұрынса.

Ел жоғалар Алланы ұмытып,

әруағын аттап, өсиетін таптап,

Киелі сөзге ұрынса», – деп жырлаған екен бабаларымыз.

Сонымен қатар бабаларымыз өз өсиетінде:

«Жерден қасиет тайғанда,

Құс жүгінен келеді.

Адамнан қасиет тайғанда,

Әділдіктен безеді.

Діннен қасиет тайғанда,

Алланы сөгеді.

Иманынан айырылып,

Абыройын төгеді.

Елден қасиет тайғанда,

Жетім-жесір көбейіп,

Бірінен-бірі көреді.

Әділдік, қанағат, иман жоғалса,

Шайтан қонақ төріңде,

Несібеңе түкіріп,

Бесігіңді тебеді.

Адамзаттың баласы,

Аманатын тапсыруға асығып,

Мезгілін күтпей өледі.

Гүлін ашпай өседі, 

Күн де жылдам өтеді», – деп дәл бүгінгі қоғамды суреттепті.

 

Халық қадірлеген пір Бекет бабамыздың «Киелі өсиет» жазып қалдырғанын біріміз білсек, біріміз мүлде бейхабармыз. Бұл кітапта:

 

«Киелі өсиет – елдің қазығы,

Киелі өсиет – ұрпақтың азығы.

Киелі өсиет – сұлудың наз үні,

Киелі өсиет – Құранның өңі,

Киелі өсиет – шариғаттың белі.

Киелі өсиет – имандылықтың бесігі,

Киелі өсиет – әруақтың есігі.

Киелі өсиет – періште шаңырағы,

Киелі өсиет – тектіліктің төрі.

Киелі өсиетті бұрмалаған пенде – Елдің шөлі», – депті. 

 

Міне, осы өлеңді оқығанда елімізде бұрмаланбай қалған нәрсе қалды ма деген ой сананы билей жөнеледі. Қазақ қазір адасып, өз жолын, тектілігін ұмытып барады. Бұлай жалғаса берсе, күніміз қараң. Сондықтан аталған кітаптарды көптеп жарыққа шығарып, әрбір үйден табылуы үшін әрекет етіп жүрмін. Мұның өскелең ұрпаққа пайдасы орасан», – деп әңгімесін аяқтады Бақытжан Жасұзақ­ұлы.

 

Онымен арада болған әңгіме бізді ойлантпай қоймады. Әсіресе «Бабалар өсиеті» кітабында жазылған өлең жолдарын жатқа айтқан Бақытжан ағамыздың бүгінгі бала тәрбиесіне алаңдап, қазақ үшін шырылдап жүргеніне риза болдық.

 

Д.МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ