Елге еркіндік бермей, халықты қарық қыла алмайсың

11.03.2019
Қаралды: 595

Соңғы кезде биліктегілердің аңдамай айтқан кей сөздері халықты көп ашындыруда. Олардың қатарында балалар жәрдемақысына қатысты әңгімелер де бар. Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаевтың «Бір балаға 20 мың жетеді» дегені де көпшіліктің көңіліне жаға қойған жоқ. Оған қарсы пікір айтушылар да көп болды. Соның ішінде әлеуметтік желіде депутат сөзіне шүйліккендердің бірі қоғам белсендісі, кәсіпкер Бақытжан Көпбаев болды. Ол өз сөзін былай деп жеткізеді:

 

«Нұржан, саған айтамын. Сен мұны қай оймен айттың? 53 доллар жетеді дедің бе? Білесің бе, Германияда есірткіге тәуелділер мен үй-күйі жоқ қаңғыбастарға мемлекет ай сайын 504 доллар төлейді, одан бөлек олар тегін тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Оларға өздерін әлеуметтік ортада жоғалтып алмауы үшін ит бағуға да мүмкіндік берілген. Германия мемлекеті ит асырағаны үшін қаңғыбастарға күніне 3-5 евро береді. 5 евро айына шаққанда 150 евро, яғни 210 доллар, біздіңше 80 мың теңге. Сонда Германияда 80 мың теңге тек итке арналып төленіп жатыр. Сен «20 мың теңге бір балаға жетеді» дейсің. Сонда Қазақстандағы баланы Германия қаңғыбасының итінен 4 есе арзан санағаның ба? Қалайша? Елдегі дені түзу, 12 мүшесі сау адамға төленетін айлық 42.500 теңге. Қазақстан азаматтары Германиядағы итке төленетін ақшадан 2 есе төмен айлық алады.

 

Айналайын, депутаттар, бұлай істейтін болсаңдар кеткендерің жақсы. Менің билікке айтарым, жаңа туған баладан қартайған қарияға дейінгі әрбір азаматқа 500 доллардан беріңіздер. Аллаға шүкір, жеріміздің байлығы жетіп жатыр. Әрбірінің хақысы бар. Алсын. Неге бермеске? Сонда халықты иттен төмен санағандарың ба? Германияның «бомжы» 190 мың теңге алады, соның алатынындай етіп, 500 доллар беріңдерші деп жатырмыз. Тіпті одан да төмен. Олардікі 504 доллар, біздікі 500 доллар-ақ бола қойсын. «Бомждан» төмен, иттен жоғары беріңдерші... Соның өзі жетеді, басқа ештеңе керек емес. Жұмыс істей алмайсыңдар ма, орындарыңнан кетіңдер! Қазақстанның халқы адам ретінде, ең болмаса немістің қаңғыбасынан артық өмір сүруге хақысы бар деп есептеймін».

 

Міне, қоғам белсендісі Бақытжан Көпбаев осылай дейді. «Замананың» тілшісіне ол кісінің өзімен сұхбаттасудың сәті түсті. Айта кетейік, Бақытжан Көпбаев – Қазақстан интернационалистері әлеуметтік қоғамдық қозғалысының мүшесі. Ол кісі интернационалист, яғни ұлттар достығы мен теңдігін  қолдайды.

 

Бақытжан мырза, елдегі ана мен баланың жағдайын дұрыстау үшін өз тарапыңыздан қандай нақ­ты ұсыныс айтар едіңіз?   

 

– Біздің Қазақстан интерна­ци­она­листері әлеуметтік қоғамдық қозғалысының әлеуметтік-экономикалық бағдарламасы бар. Сол  жерде біз міндетті төлем туралы айтамыз. Онда «ай сайын барлық адам басына 500 доллардан, яғни 190 мың теңгеге жуық төлем төленсін» деген ұсынысымыз бар. Бұл жемқорлыққа белшесінен батып кеткен мем­лекеттегі халық үшін өте тиімді болады. Бізде билік тарапынан қабылданған қандай да бір бағдарлама болмасын, түбі жемқорлардың ұрлығына әкеледі, халыққа дейін ештеңе жетпейді. Ал егер осындай міндетті төлем енгізілсе, оған ешкім қол сұға алмас еді. Бізде 18 миллион адам бар. Әрбіріне 500 доллардан берілсе, 12 айда бұл 108 миллиард долларды құрайды екен. Жер қойнауының байлығын, яғни мұнайды, жезді, мысты, темірді сатып отырған компания­ларға салынатын салық мөлшерін 70 пайызға дейін көтеру керек. Мемлекетке олардың шектен тыс байығаны керек емес. Сонда 108 миллиард долларды жинау Қазақстанға аса қиындық тудырмас еді.

 

Халық ертеңі үшін алаңдамауы керек. Асыраушысынан айырылып қалған отбасылардың күйреп кеткенін де көріп отырмыз. Бүгінгі күні елімізде 2 миллион өте төмен және соларға қосылу алдында тұрған 12 миллионнан астам орта деңгейлі кедей адамдар бар. Бұл – өте үлкен цифр.   

 

Бұл жерде, біріншіден, көп балалы ана мен көп балалы отбасылар ұтатын еді. Бұл бала саны неғұрлым көп болса, кіріс те соғұрлым көп болады деген сөз. Екіншіден, сол ақшаның есебінен адамдар несиеге пәтер де алар еді. Сонда әлеуметтік саладағы мәселелер оңай шешілер еді. Мұның бәрі адамдардың көңіліне ертеңгі күнге деген сенімді ұялатады. Сол сенімнің арқасында отбасыдағы ажырасу мәселесі де азаяр еді. Қазір жыл сайын 70 мың отбасы  құрылса, соның тең жартысы айрылысып жатады. Бұл – отбасы құндылығына деген халықтың сенімсіздігі. Олигархтарға елдің байлығын талан-тараж етіп таратып бере бергенше, осыны қолға алса, барлық мәселе оңды шешімін тапқан болар еді.  

 

Үкіметтің тарауына халық тарапынан болған кей наразылықтар себеп болды деп ойлайсыз ба?

 

– Үкіметтің отставкаға кетуіне себеп көп болды. Халық наразылығын тудыр­ған бес баланың өмірден өтуі тек итер­мелеуші себеп қана, негізгісі – экономикалық дағдарыс. Дағдарыстан шыға алмау, әлеуметтік салаға дұрыс көңіл бөлмеу халықты ашындырды. Халық биліктен қорықпайтынын білдірді. Б.Сағынтаев басқарған үкімет осыған дейін­гілердің ішіндегі ең әлсізі, дәрменсізі болып шықты. Оларды Елбасының «қорқақтар кабинеті» деп атағаны да сондықтан. Ендігі тағайындалған үкімет қазіргі таңдағы орын алған мәселелерді шешпейтін болса, оның да өмірі өте қысқа болуы мүмкін. Себебі халық қазір жаңалық күтіп отыр. Өз басым олардан үлкен реформаторлық өзгерістер күт­пеймін. Өйткені бұл үкімет әлеуметтік сұрақтарды шешу үшін емес, Елбасының билікті тыныш әрі бейбіт түрде тапсыруы үшін жасақталып отырған уақытша үкімет деп ойлаймын.

 

– Сонда сіздіңше бізді қандай болашақ күтіп тұр?

 

– Халықтың ойын өзгерту үшін тек үлкен экономикалық реформа жасау керек.  «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» деген бағдарламаларды халық қабылдаған жоқ. Мұның әшейін ойын екенін сезіп отыр.

 

Мен ойлаймын, үкімет көп ұлтты бол­ғаны жақсы. Өңкей қазақ болса, бір-бірімен оп-оңай ауыз жаласып кетіп жатыр. Ал егер өзге ұлттар аралас болса, олар бір-бірін аңдып-ақ мемлекет ақшасын ұрлануына жол бермес еді. Ақыры биліктегілердің ұлттық сана-сезімін оята алмайды екенбіз, ең болмаса бақталастық көзқарасты халықтың пайдасына шешуіміз керек деп ойлаймын.

 

Бір сәтте сіздің қолыңызға билік берілсе, нені өзгерткен болар едіңіз?

 

–  Мен биліктен аулақ адаммын. Бірақ солай бола қалса, ең бастысы, халыққа жаппай еркіндік берер едім. Ол сөз, ой, еңбек еркіндігі болуы мүмкін. Сол кезде халық өз өмірін өзі реттеп алар еді. Кешегі Кеңес Одағы қирап жатқан кезде бірде-бір адам орнынан тұрмады. Себебі халықты саяси көзқараспен қысып тастаған болатын. Ал саяси көзқарасы еркін АҚШ мемлекетін қараңыз. Олар өздерінің жерін, жер қойнауын қорғамайды, «же­рімізді анда-мында бердің» деп айқайламайды, олардың оған түкіргені бар, олардың қорғайтыны – тек АҚШ демо­кратиясы. Яғни өмір салты. Өмір салтына нұқсан келтірілсе, олар бүкіл әлеммен соғысуға дайын. Міне, бізде де солай болуы тиіс. Бізде адамдар жерді, жер байлығын, елді, қазақты, тілді емес, адамның өмір сүру дәстүрін қорғауы керек. Сондықтан елге еркіндік бермей, кім болсаң да халықты қарық қылу қолыңнан келмейді.

 

– Ойыңызды еркін айтады екенсіз. Сіздіңше, бізде сөз бостандығы бар ма?

 

– 100 пайыздық сөз бостандығы бар, егер сіздің аудиторияңыз 5000 адамнан аспаса. Әлеуметтік желілердегі парақшаңызда 5000-нан аз адам болатын болса, сіз үкіметке қызық емессіз. Қалай аудитория өседі, сөз бостандығы да солай тежеледі, яғни цензура пайда болады. Сөйлеуге рұқсат етпейді. Әбден өз дегенін істеп, тізесін батырып  үйренген билік ешқашан өзіне қарсы ойлардың пайда болғанын қаламайды.

 

Жалпы, мемлекетте күш қолдану, қысым жасау монополиясы болуы керек-ақ. Бірақ соны не нәрсеге қарсы қолданады, мәселе сонда. Иә, құқық қорғау орындары немесе әскер болсын, олардың күшін қолдануға болады. Бірақ оны халыққа қарсы пайдалануға бола ма, жоқ па, ол басқа мәселе. Егер үкіметке жақпаған дүние үшін белсенділердің бәрін қыспаққа ала берсе, онымен ештеңе шешілмейді. Жанайқайын айтқан жандарды түсінетіндердің болмауы Үкіметтің тарауына әкеліп соқтырған жоқ па?

 

– Енді интернационалист ретіндегі көзқарасыңызды білсек. Біздің елде ұлтшылдық мәселесі бар деп ойлайсыз ба?

 

– Ұлтшылдықтың Қазақстанда дамығанына бірталай жыл болды. Мәселен, сіз өзбек, мен әзірбайжан болайын. Екеуміз қазақ тілін қаншалықты жақсы біліп тұрсақ та, қанша мықты болсақ та сіз де, мен де үкімет немесе облыс басшысы бола алмаймыз. Неге? Өйткені біздің Қазақстан қазір радикалды ұлтшыл мемлекет болып кеткен сияқты. Сіз қазақ болған соң, әрине, оны түсіну қиын. Кім болса да өз мінін, сынын көргісі келмейді. Егер сіз Қытайдағы қазақтар секілді аз ұлттардың көзқарасымен қарасаңыз,  онда әділетсіздікті байқаған болар едіңіз. Өзге ұлттардың жағдайына кірмеген соң олардың жанайқайын біле бермейсіз. Мен интернационалист болғандықтан күштіден әлсізді қорғауымыз керек деп есептеймін. Бүгінде елімізде сан жағынан көп болғандықтан күштілер – қазақтар, әлсіздер – өзге ұлттар болып тұр. Елімізде ұлтшылдықтың өскені соншалықты, қазақтарымыз нағыз қазақ, таза қазақ, шала қазақ деп өзін-өзі бөле бас­тады.

 

Өзіңіз білесіз, ұлттар арасында қақтығыстар көп. Бірақ солардың барлығы тек қазақтармен ғана болып жатыр. Шым­кенттегі күрдтермен, Жамбылдағы түрік­термен, Алматыдағы шешендермен бол­ған барлық қақтығыста қазақтар жүр. Соңғысы – қазақтар мен армяндар арасындағы дау. Астанадан келген радикалды ұлтшылдар ортаға одан сайын от салып, қазақтарды армяндарға қарсы көтерді. Сол кезде бірде-бір адам сөйлеген жоқ. Тек мен ғана интернационалист ретінде әлеуметтік желі арқылы армяндардан кешірім сұрадым. Сөйтсем, қазақтар мені «өлтіру керек» деген ұран тастап жатыр. Яғни осы үшін қазақ қазақты өлтірмек. Бұл шектен шыққан нәсіл­шілдік, ұлтшылдық дер едім.

 

– Интернационализмнің қазақ тілінің ескерусіз қалуына, тұншығуына әсері болмай ма?

 

– Қазақтар саны көбейген сайын жылауық болып барады. Байқасақ, жаңадан ашылып жатқан мектептердің ішінде тек қазақ мектептері бар. Ал басқалары аралас, яғни қазақ-өзбек, қазақ-орыс білім ордаларына айналып жатыр. Сөй­тіп отырып қалай жылауға болады? Қазақ тіліне ешқандай қауіп жоқ. Егер сіздер барлығы қазақ тілінде болсын деген саясат құрған болсаңыздар, әрине, онда қауіп бар. Дегенмен қай жерде болмасын, ешкімнің ешкімге қазақша сөйле деп айтуға хақысы жоқ. Қаласаң қазақ, қаласаң орыс тілінде сөйле. Егер сен қазақша да, орысша да білсең, ол сенің ұпайың. Ал қазақша білмеген адам болса, ол оның кемшілігі. Біздің мемлекетте барлығы еркін болуы керек. Қазақстан – әлемдегі жалғыз ғана осындай ерекше мемлекет. Ешкімді мұнда жаулап немесе қуғын-сүргінмен алып келген жоқпыз. Тарих солай болды. Бәрі осында келді, осы жерде туып-өсті. Қазақстан осында туылған адамның отаны болып саналмаса, сонда бұл тек қазақтардың ғана отаны ма? Сіз бәрінің қазақша сөйлегенін қалайтын шығарсыз, себебі бұл сізге ыңғайлы. Сонда сіз өзі­ңізге ыңғайлы болғаны үшін өзгелерді қи­намақсыз ба? Ол орынсыз. Қай тілде сөйлесе де адамдардың өз еркі. Қазақ тілінің орны мемлекеттік тіл екені рас, бірақ ол өктем тіл емес. Қайта біз аз ұлттарды қолдап, солардың тілін қорғау­дың орнына тек қазақ тілін өзгеден артық санаудамыз. Бұл нәсілшілдікке, ұлтшылдыққа итермелейді деп ойлаймын.

 

Сұхбатыңыз үшін рахмет.  

Сұхбаттасқан – М. ӘМІР.

 

Редакциядан: Сұхбат берушінің жеке ой-пікірлері редакцияның көзқарасы болып табылмайтынын ескертеміз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ