«Шыжың» бала ауруынан қалай айықты?

07.03.2019
Қаралды: 327

Атыраулық Марал Намаз – Қазақстандағы «Отбасы хрестоматиясы» тобының суицидпен күресу қоғамдық тобының белсенді мүшесі. Бірде ол кісі әлеуметтік желіге мынадай жазба салыпты:

 

«Кейбір отбасыларда мынадай проблема бар. Есі кіріп қалған баласы төсегіне түнде «кіш етіп» қояды. Ата-анасы мұны ешкімге айта алмайды. Бала да достарының, ата-анасының алдында өзін өзі қор санайды. Сондықтан мен Виктор Франклдың «Логотерапия» кітабынан оқыған осы бір әдісті ата-аналармен бөліскім келеді.

 

Бір күні достарымның үйіне қонаққа бардым. Әңгімелесіп отырғанбыз. Бір кезде құрбым балалары жатқан бөлмеге қарай жүгіріп кетті. Баласын тұрғызып, дәретханаға апарғысы келген екен. Сәлден соң: «Сен бала төсекті шірітіп бітетін болдың! Бөлмеге де иісі сіңіп қалатын болды. Не істеймін сені?!» – деген дауысы қаттырақ шықты. Мен бірден түсіне қойдым да, құрбымды шақырып: «Мен білетін бір әдіс бар, соны жасап көрейік», – деп тыныштандырдым. Сосын оның баласының жанына барып: «Егер де сен бүгін түнде төсекке кіш етсең, мен саған таңертең ақша беремін. Екі рет кіш етсең, ке­ліскен ақшаны екі есе етіп көбейтіп беремін», – дедім. Басы салбырап тұрған баланың жүзі жайнап шыға келді. «Мақұл», – деді бірден.

 

Алғашқы күні уәделескен сомамыз 200 теңге болатын. Ертесіне қайта кел­дім де, есіктен кіре сала баланы шақырдым. Ол қуанып шауып шықты. «Қалай, норма ма?» – деп қоямын. Ол: «Иә, норма, бірақ бір-ақ рет кіш еттім», – деді. 200 теңгені ұсындым. Мәз болып жөніне кетті.

 

Дәл ертесіне ерінбей тағы келдім. Одан: «Бүгін бірдеңе бар ма?» – деп сұрадым. Ол мәз болып: «Екі рет», – деп екі саусағын шошайтып қояды. 400 теңгесін беріп тұрып: «Күнде осылай кіш ете берсең, бай болып кетесің», – деп әдейілеп ескерттім де, жөніме кете бардым.

 

Үшінші күні таңертең қайта бардым. Атын атап шақырсам, бала шықпайды. «Әу, батыр, не болды?» – деп бөлмесіне кіріп бардым. «Апатай, бүгін түк те жоқ», – деп қарап тұр. Даусымды қатқылдау шығарып: «Қалай жоқ?! Неге әрекет етпейсің? Мен сенімен осылай келістім бе? Ертең уәдеңде тұратын бол!» – деп, ренжіген түр көрсетіп, шығып кеттім. Ата-анасы аң-таң.

 

Баланың тағдырына алаңдағандық қой, ертесіне тағы да бардым. Бәріне бейжай қарай алмадым. Кірсем, әке-шешесі жымың-жымың етіп отыр. Даусымды әдеттегіден қаттырақ шығарып, әлгі баланы жаныма шақырдым. «Апатай, түк те жоқ. Қанша әрекет жасасам да болар емес. Не істеймін енді?» – деп басы салбырап тұр. «Уәде қайда?!» – деп ұрысқан кейіп таныттым да, уәдені орындаса, енді 200 емес, 500 теңге беретінімді айттым.

 

Келесі күні үнсіз қалмай, телефон соқтым. «Қалай, балапан, шаруаны бі­тірдің бе?» – десем, ол күмілжіп, дұрыс сөйлей алмайды. «Кешіріңізші, қанша тырыссам да шығар емес...» дейді. Кейіннен ата-анасы маған алғыстарын айтып жатты.   

 

Бұл – расымен де болған оқиға. Сіз­дер де жасап көріңіздер. Бірақ жатар алдында міндетті түрде баланы әжетханаға апарып алуды ұмытпаған жөн».

 

...Марал Намаздың осы жазғанын оқып болған соң өзіне хабарласып, бұл туралы толығырақ айтуын сұрадық. Әңгіме барысында біраз нәрсені білдік.

 

«Бұл тәсіл логотерапия ілімінде «Парадокс интенциясы» немесе «Екі ерін принципі» деп аталады, – дейді ол. – Яғни «ти десем – тимейді, тиме десем – тиеді» деген принцип. Бұл бұрын да тиімді тәсіл ретінде қолданылып келген, тек логотерапия ілімі оны өз жүйесіне енгізген. Логотерапия ілімінің негізін қалаған Виктор Франкл 1929 жылы осыны тәжірибе жүзінде қолданған. «Парадокс интенциясын» тек энурезге ғана емес, қорқу, шошыну, агрессия нәтижесінде орын алған кекештікке, тұтығуға, түрлі фобияларға да қарсы қолдануға болады.

 

Аталған тәсіл шыжыңдыққа шалдыққан балалардың ес біліп қалғандарына қолданылады. 2-3 жасар балаға оны түсіндіру қиынырақ. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларда да жаңа ортаға енгеннен кейінгі стресс нәти­жесінен шыжыңдық пайда болып жатады. Сол кездері тек ақшаға ғана уәделесу шарт емес, баланы өзі ұнататын нәрсені айтып қызықтыруға болады. Ол бутерброд, бургер болуы мүмкін, бәлкім телефон немесе планшет туралы айтарсыз, әйтпесе ойыншық болар. Киноға барамыз деп қызықтыруға да болады. Сол кезде баланың психологиясы өзінің қалағанына қол жеткізуге барынша талпынады. Солай талпынған кезде үйрен­шікті болған әдеті жоғалады. Бұл қызықты әрі тиімді әдіс. Әрине, жалғыз осыған қарап қалуға болмайды. Бір балаларда денсаулығында ақау не болмаса суықтаған болуы мүмкін. Дегенмен мұны қолданып көруге болады».

 

Осылай деген Марал ханым мұндай тәсіл арқылы әлгі дертті жеңген екі-үш отбасы өзіне алғыстарын жеткізгенін айтты. Ол шыжыңдық және кекештік секілді дүниелер баланың келекеге ұшырауына негіз болып, бала бойында комплекс туғызатынын, тіпті оның психологиялық соққы алуына әкелетінін айтады.

 

«Есімде, ауылда көршілеріміздің қызы бойжетіп, тұрмысқа шыққанға дейін ешқандай емге бой бермей, төсегін был­ғап қойып отыратын еді. Қыздың өзі де, анасы да ел арасында емін-еркін жүре алмайтын. Ауласында күн құрғатпай көр­пе жайылып тұратын. Қазір сол қызға ата-анасы кішірек кезінде осындай тә­сіл­ді қолданғанында сол жағдай орын алмас еді деп ойлаймын. Қазір де дәрігерден дәрігерге жүгіріп жүрген қаншама отбасы бар. Солар үшін де бұл өте оңай әрі ыңғайлы әдіс деп айта аламын», – дейді ол.

 

Марал ханым бізге сөз арасында мынадай да мысалдар келтірді: мәселен, біреулер үй аламыз деп тиын-тебеніне дейін жинап отырады. Бірақ ақшаның басы құралмай жатады. Оған да қарамай, бар ойы баспана алу болып үнемдей береді. Бірақ қанша жанталасса да ала алмайды. Содан үміт үзіп, қолды бір сілтеген кезде ойламаған жерден сәті түсіп, баспаналы болып қалатындар бар.

 

«Бір баладан соң 16 жыл жүкті бола алмай қиналған әйелді білемін. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған еді.  Анда да, мында да жүгіріп, емшіден емші, дәрігерден дәрігер қоймай аралаған. Содан күндердің күнінде ерлі-за­йыптылар: «Бүгіннен бастап ешқайда сабылмаймыз, дәрі де ішпейміз. Алла берген бір баламыздың барына шүкіршілік қылып, отыра берейік», – деп көндігеді. Бірақ бір айдан кейін-ақ әйел өзінің жүкті екенін біледі.

 

Мұндағы айтпағым – біз кейде психологиямызды тым қинап жібереміз, мақсатымызға жете алмай жанталасып жататынымыз сондықтан.

 

Бұл әдіс ҰБТ, емтихан кезінде де өте жақсы нәтижесін береді. Мұны тіпті ғалымдар да пайдаланған. Бір ғалым аудитория алдына шығып дәріс оқыған уақытта терлей береді екен. Бірде өз-өзіне  ерік беріп, аудиторияға келе жат­қан уақытта «Ал, терледім, бастадым. Осы дәрісті бастан-аяқ оқып шыққанша шылқып бір терлейінші» деп өзін-өзі іштей дайындайды. Бірақ ойлағанындай болмай, жылдар бойы алысып келген әдетінен бір сәтте құтылыпты, – деп бір таңдандырды Марал ханым.

 

Айта кетейік, Марал Намаздың мамандығы психолог емес. Бірақ логотерапия ілімін өзінше оқып, үйреніп жүр­ген жандардың қатарынан. Аталған ілім­мен өткен жылдың ақпан айында та­нысқ­ан ол логотерапия бойынша жеті айдай сабақ алыпты. Ол «өмірдің мәнін іздеуші, даналық ілімі» деп аталатын бұл ілімнің бастауы Иассауи, Абай, Шәкәрім аталарымыздың еңбектерінде де кезде­сетіндігін айтады. Сонымен қатар мұның әлі де біз білмейтін қызықты тұстарының бар екенін аңғартты. Сәтін салса, «Замана» газетінің алдағы нөмірлерінде  логотерапия іліміне қатысты басқа да қызықты дүниелерді жарияламақ ойымыз бар.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ