Жаңа Үкімет: Кім келді, кім кетті?

04.03.2019
Қаралды: 272

Кешегі аптада Қазақстан Үкіметінің жаңа құрамы жасақталды. Министрлер қатарында жаңадан тағайындалғандары да, бұрынғы орнын сақтап қалғандар да бар.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына Асқар Мамин тағайындалды. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары міндетін Әлихан Смайылов атқаратын болды. Яғни 2018-жылдың қыркүйек айынан бері Қаржы министрі қызметіндегі Ә.Смайылов өз орнын сақтап қалды, сонымен қатар оның өкілет­тілігі де артып отыр. Сондай-ақ 2014-жылдан бері Мемлекеттік хатшы болып келген Гүлшара Әбдіхалықова мен 2016-жылдан бері Инвестициялар және даму министрі болған Жеңіс Қасымбек Премьер-министрдің орынбасарлары болып бекітілді.

 

Кейінгі бірнеше жылдардан бері басынан дау кетпей отырған күрделі сала – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын жолға қою осыған дейін Ақтөбе облысының әкімі болып келген 66 жастағы Бердібек Сапарбаевқа жүктелді. Министрлікті 2018-жылдың ақпан айынан бері басқарған 40 жастағы Мәдина Әбілқасымова орнынан кетті.

 

Сондай-ақ «құлағынан шу кетпеген» тағы бір сала – Білім және ғылым министрлігіне жаңа басшы келді. Министрлікті 2016-жылдың ақпан айынан бері басқарып келген Ерлан Сағадиев қызметінен босатылып, орнына осыған дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы» басқармасының төрайымы болып келген Күләш Шәмшидинова тағайындалды.

 

Ұлттық экономика министрлігін  2016-жылдың желтоқсан айынан бері басқарған Тимур Сүлейменов те қызметінен босатылды. Орнына 2017-жылдың сәуір айынан бері министрдің бірінші орынбасары болып келген Руслан Дәленов тағайындалды. Сондай-ақ аталған минис­трлік басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Роман Склярға Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі міндеті жүк­телді.

 

Ауыл шаруашылығы министрі де ауысты. Бұл лауазымды 2017-жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келген Өмірзақ Шөкеевтің орнына Сапархан Омаров тағайындалды. Ол бұған дейін Парламент Мәжілісіндегі Агроөнеркәсіп жөніндегі комитетті басқарып келген болатын.

 

Президент Жарлығымен Қоғамдық даму ми­нистрлігі мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі таратылып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болып қайта құрылды. Оған бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар минис­трлігінің ақпарат саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына Дәурен Абаев тағайындалды.

 

Сондай-ақ Қорғаныс және аэроғарыш  өнер­кәсібі министрлігі Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып қайта құрылды. Оған бұрынғы Ақпарат және коммуникация министрлігінің байланыс, ақпарат, «электрондық үкімет», мемлекеттік қызметтерді көрсету бағытындағы мемлекеттік саясатты дамыту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері бе­рілді. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне Асқар Жұмағалиев тағайындалды. Ол бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып келген еді.

 

Ұлттық банк төрағасы да ауысты. Ұлттық банкті 2015-жылдың жазынан бері басқарып келген Данияр Ақышев қызметінен босатылды. Бұл лауазымды енді Ерболат Досаев атқаратын болды. Е.Досаев 2017-жылдың тамыз айынан бері Премьер-министрдің орынбасары қыз­метін атқарып келген болатын. Ал Данияр Ақышев Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды.

 

Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермекбаев, Ерлан Тұрғымбаев, Елжан Біртанов, Марат Бекетаев, Қанат Бозымбаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы осыған дейін атқарып келген Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Әділет,  Энергетика, Мәдениет және спорт министрі лауазымдарын сақтап қалды.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ