Әйелдер әлемінде қызықтар көп

06.03.2019
Қаралды: 684

Әне-міне дегенше көктемнің бірінші айы да басталып кетті. Алдымызда 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні келеді. Жұрт аяулы анасын, ардақты апа-қарындастарын, жұбайларын, сүйіктілерін мерекемен құттықтауға дайындалып жүр. Осы орайда назарларыңызға әйелдер туралы танымдық материалдар ұсынуды ұйғардық. Ендеше, біле жүріңіздер:

 

Олар еркектен ұзақ өмір сүреді

 

* Әйелдердің құпия сырды сақтауға деген шыдамы ары кеткенде 47 сағат 15 минутқа ғана жетеді екен. Орташа алғанда, әрине. «Ерте ме, кеш пе, ол құпияны әйтеуір біреуге сөзсіз жеткізеді», – дейді зерттеушілер.

 

* Әйелдер өз басындағы қиындықты өзгеге айтқысы келіп тұрады. Бұл қандай да бір көмек күткендіктен емес, ол тек осы арқылы өзін біршама жеңілдеп қалғандай сезінеді.

 

* Әйелдер тыныштыққа шыдай алмайды. Олар үнемі сөйлеп жүруі керек. Сондықтан да олар көбіне өсек айтуға бейім. Жалпы, өмірінде әйел еркектен 3 есе көп сөйлейді.

 

* Неге екені белгісіз, әйелдер өрмекшіден қатты қорқады. Сондықтан үйдің бұрыш-бұрышын үнемі таза ұстауға тырысады. Ал еркек көбіне өрмекші торына назар аудармақ түгілі, жанынан оның өзі өтіп бара жатса да селт етпей отыра береді.

 

* Әйелдер кеудемен тыныстайды, ал еркек дем алуды іштің бұлшық еттерінің қимылы арқылы іске асырады.

 

* Әйел омырауының біреуі екіншісінен сәл үлкендеу болады. Біреулерде ол айқын аңғарылуы мүмкін, ал көп жағдайда мұндай ерекшелік жай көзге де, ұстап көргенде де байқалмайды.

 

* Әйелдің миы көлемі жағынан еркектікінен 10 пайыз аз, жеңілірек.

 

Еркекте естіген ақпарат мидың бір бөлігі арқылы өң­деледі, ал әйелде бұл іске мидың екі жағы да қатысады. Сондықтан олар бір мезгілде бірнеше ақпаратты қабылдап, өңдей алады.

 

Әйел шашының диаметрі ер­кек­тікінен екі есе жіңішке.

 

Әйелдің иммунитеті еркек­тікінен күшті. Бұл эстроген гормондарының әсерінен болады.

 

Әйел «айлық қонағы» келгенде өзін өте жайсыз сезінетіні белгілі. Ал жинақтай алғанда осы құбылыс әйел өмірінің төрт жылын толықтай қамтиды екен.

 

Қандай да бір себеппен құлақты жабу керек болса, әйел оны сау­сағымен бекітеді. Ал еркек мұндайда құлағын алақанымен жабады.

 

Әйелге қолыңды көрсет десең, алақанын төмен қарата көрсетеді. Ал еркек мұндайда керісінше іс­тей­ді.

 

Көйлек-шалбар кию керек болса, әйел бірінші шалбарды, сосын көйлекті киеді. Еркек болса, бірінші көйлекті, сосын шалбарды киеді.

 

Әйел еркектен біршама ұзағырақ өмір сүреді.

 

Темекі шегетін әйелдер шылымды ауызда тістеп ұстамайды, қолына алады.

 

Еркек бірдеңені лақтырарда қолын жанына қарай жайса, әйелдер мұндайда қолын көтере артқа қарай созады.

 

Қолының үнемі бос жүрмеуі – әйелдерге тән қасиет. Олар сөмке болса да, пакет немесе әмиян болса да қолында жүрмесе бірдеңе кем болып тұрғандай сезінеді.

 

Әйелдер шомылып шыққаннан кейін басын міндетті түрде сүл­гі­мен орайды.

 

Әйелге дауыстасаң, ол мойнын бұрып қарайды, өйткені мойны иілгіш. Ал еркек мұндайда бүкіл немесе жартылай денесімен бұрылады.

 

Ыстық жерді басқанда әйел аяқ ұшымен жүруге тырысады. Мұн­дайда еркек ыстықты өкшесімен басады.

 

Әйел ешқашан талтайып отыр­майды, оларды қосып немесе параллель ұстап отырады.

 

Әйел қырға шығып-түсерде міндетті түрде бір қырымен жүреді.

 

Жүргенде бөксесі бұлтыңдайтын себебі – әйелдің жамбас аумағының сүйектері еркектікінен гөрі алшақтау орналасқан. Оның бала туу кезінде пайдасы бар.

 

Ернін бояйтын әйелдер өмі­рінде  кемінде 2 кило опа-далап жұтады.

 

Әрбір төртінші әйел өзінің еркек болып туылмағанына қатты қынжылады.

 

69 бала туған әйел

 

«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейтін» әйел – өмір жалғасын дүниеге әкелетін ана. Бүгінде әлемде 7 миллиард 500 миллиондай адам ғұмыр кешіп жатса, соның 3 миллиард 700 миллионнан астамы – әйелдер, олар өмірге жылына 147 миллионға жуық бала әкеледі екен. Осы орайда әйел­дердің бала туу бойынша таңқаларлық көрсеткіштері туралы да айта кетсек дейміз.

 

Бала туу бойынша рекордты тарихта бір орыс шаруасының әйелі жасаған екен. XVІІІ  ғасырда өмір сүрген Федор Васильев дегеннің әйелі 30 жылда дүниеге 69 бала әкеліпті. Ол 27 мәрте босанған, 16 рет – егіз, 7 рет – үшемдер, 4 рет төрт баладан туған көрінеді. Осы балалардың 2-уі ғана сәби шағында шетінепті, басқасы аман-сау өскен. Ал әлгі шаруаның өзі болса «өсімтал» әйелі өлгесін тағы біреуіне үйленіп, одан 18 перзент сүйген деседі.

 

Әйтсе де бұл орыс мұжығы бала таптыру жағынан рекордшы бола алмапты. Дәл осы ғасырда ғұмыр кешкен Марокко королі бірнеше әйелінен 342 қыз, 700 ұл бала сүйген екен.

 

ХХІ ғасырда да әйелдер арасында бала туудан рекорд жасағандар бар. Мысалы, чилилік Леонтина Альбина деген әйел 55 баланы өмірге әкеліпті. Олардың 5-уі үшемдер екен.

 

Сондай-ақ бір ретте 7, 8, 9 баладан туған әйелдер де бар. Мысалы, АҚШ-та Бобби Маккоги деген әйел мен Сауд Арабиясындағы Хасна Мохаммад Хумэйр деген әйел бірден 7 баладан өмірге әкеліпті. АҚШ-тық Нкем Чукву деген әйел бірден 8 бала туған. Олардың біреуін өз күшімен туса, қал­ғаны «кесарь тілігі» әдісімен өмірге келген. Австралиялық Джеральдина Броудвик есімді әйел бірден 9 бала туыпты.

 

Сондай-ақ қартайған шағында өмірге перзент әкелген аналар да бар екен. Мысалы, италиялық Розанна Делла Корта мен америкалық Арсели Кех 63 жасында сәби сүйіпті.

 

...Мұндай қызықтарды тізбелей берсеңіз, сан жетпейді. Жалпы, мән беріп қарасаңыз, әйелдердің бо­йында таңқалдыратын, біліп жүру­дің пайдасы болмаса, зияны тие қоймайтын ерекшеліктері көп екен.

 

Ендеше, Жаратушы Алла бо­йына талай ерекшелік, талай сырды тұндырған аяулы аналарымызды, ардақты апа-қарындастарымызды, сүйікті жұбайларды алдағы келе жатқан мерейлі мерекеле­рімен құттықтауға дайын болайық, ағайын!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ