8-наурызда туған Ұлту апа өзінің 91-ші көктемін қарсы алды

06.03.2019
Қаралды: 356

Қарт Қаратаудың етегіне қоныс тепкен шағын ғана Елтай ауылында жасы 91-ге  келген Ұлту Түзелбаева есімді Батыр ана тұрады. Жастық кезеңі қиыншылықпен өткен ол кісінің өмір жолы келер ұрпаққа әрқашанда үлгі-өнеге болып қалары даусыз.

 

1928-жылдың 8-наурызында Түлкібас ауданындағы Ақбиік ауылында дүние есігін ашқан қаршадай қыздың тағдыры оңай болмады. Буыны бекіп, қабырғасы қатаймай жатып бүкіл елді жайлаған ашаршылықты бастан өткерді. Одан әрі жоғарғы жақтан түскен солақай саясаттың әсерінен туындаған қуғын-сүргіннің ызғары да қарапайым халыққа оңай соқпады. Осы нәубет жылдары талай көзі ашық Алаш азаматтарына нақақтан жала жабылып, алды атылып, арты сонау жер түбіндегі «Итжеккенге» айдалып кете барды. Міне, мұның бәрі жұдырықтай ғана қыздың жүрегіне жазылмас із қалдыр­ғаны анық. Ауылындағы мектептен сауатын ашып, үлкендерден қалыспай колхозда еңбек етіп жүргенде соғыс өрті бұрқ ете қалды.

 

Тұрмыс тауқыметімен жастай  Сарманбай дейтін жігітке тұрмысқа шыққан  Ұлту жұрт қатарлы колхоздың қара жұмысына шығып кетті. 1922-ші жылы туылған Құдай қосқан қосағы Сарманбай нағыз еңбектің адамы еді. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралысымен тракторшылар бригадасының бригадирі болып ұзақ жылдар еңбек етіп,  1993-ші жылы дүниеден озды.

 

Ұлту апа да кезінде аянбай еңбек етіп, озат колхозшылардың қатарынан орын алды. Еңбектен қол үзбей жүріп Райхан, Салиха, Дариға, Күлшар, Седеп, Мұқан, Мұхарбек, Мұхамед, Ғалымжан, Маралбек есімді перзенттерін өмірге әкеліп, оларды жан-жақты етіп тәрбиелеп өсірді. Бүгінде кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан олардан тараған 44 немере мен 30 шөберенің қызығына тоймай жүрген жағдайы бар.

 

Жасы тоқсанның тұғырына көтеріліп отырған ардақты ананы қазіргі кезде келіні Тамара  тікелей өз қамқорлығына алған. Енесін жас балаша мәпелеп отырады.

 

«Апам жасы 90-нан асса да әлі күнге дейін газет-журналдарды оқып тұрады. Теледидардағы жаңалықтарды да қалт жібермейді. Үйде отырып зеріккен кезінде үстіне тәуір киімдерін киіп алып: «Мені балаларыма апар, сағынып кеттім», – деп қолындағы баласы Мұхарбекке  де қолқа салады.

 

Апамыз үнемі көңілді жүргенді қалайды. Бір жақсысы, балаларының да, немере-шөберелерінің де аттарын жатқа біледі. Солармен емін-еркін сөйлесіп отырып кейде жас балаша бұртиып, болмашыға өкпелеп қалатыны да бар... Бірақ онысы көпке бара қоймайды. Мінезі қарапайым, жүзі жайдары апамды бүкіл көрші-қолаң, ауыл-аймақ жақсы көреді. «Сұм соғыс болмасын. Құдай жастарға өмір берсін», – деп батасын беріп отырады. Үйде де қарап отырмай, өзінен тараған ұрпақтарын ойлап, телефон арқылы хабарласып тұрады.

 

Бірақ бәрібір апамды көзден таса етпей, қадағалап жүремін. Қонаққа барғанда да апам не болып қалды екен деп тыпыршып, қашан қайт­қанша асығып отырамын. Апам да маған бауыр басып қалған. Мені ылғи іздейді де жүреді. Шынын айтқанда, енем өзімнің туған анам сияқты», – дейді Тамара.

 

Шіркін-ай, отбасының басты тірегі – ене мен келін тату болса шаңырақ шаттығы қашанда салтанат құра береді емес пе? Біз береке мен ынтымақ дарыған үйден көңілді аттанып, Батыр ананың сырға толы әңгімесіне тоғайып қайттық.                              

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ