Үрбигүлге үй керек, алты баласына ас-ауқат керек

06.03.2019
Қаралды: 291

Бүгінде тұрмысы төмен көптеген отбасылардың тағдыры туралы естіп-біліп жатырмыз. Солардың қатарында шымкенттік Үрбигүл Нұржанова да бар. Ол алты баланың анасы, жасы 30-ға енді ғана жуықтады. Қазіргі таңда «Қайтпас» мөлтекауданында айына 27 мың теңге төлеп, үш бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатыр. Балаларының үлкені 10-да болса, одан кейінгі қызы 8 жаста, ортаншысы 6-да. Егіз қыздары 4-ке келген, кішісі 3 жасқа енді толады.

 

Үрбигүлдің егіздері сал ауруымен ауырады. Бірақ оларға мүгедектігі үшін жәрдемақы алмайтын көрінеді.

 

Үрбигүл жолдасымен осыдан екі жыл бұрын ажырасып кетіпті. Содан бері оның тарапынан да ешбір көмек жоқтығын айтады. Тіпті балаларына алимент те алмайды екен. Кіріс көзі болып тұратын мұндай істерге басыбайлы құжат мәселесімен жүгірейін десе, балаларына алаңдап, шыға алмайды. Екі бірдей ауру бала баққан кімге оңай тисін?

 

Оның үстіне Үрбигүлдің мектеп жасындағы екінші қызы да жуырда отадан шығыпты. Оның екі қолы да туыл­ғанынан қисық біткен екен. Әу баста білін­беген. Қызы мектеп табалдырығын аттап, қолына қалам ұстаған кезде ғана оның денсаулығында ақау бары байқалған. Өсе келе қатты біліне бастапты. Дәрігерлер отаны әзірге қыз­дың бір қолына ғана жасапты, келесі ота 3-5 айдан кейін жасалынатын көрі­неді. Осы отаға деп үш жылға 350 мың теңге банктен несие алған Үрбигүл енді оның ай сайынғы төлемінен қиналып отыр.

 

«Портал арқылы ота тегін жасалды. Бірақ қолда ақша тұрсын ба, әу бас­та отаға деп банктен алған несием қарыздарыма, дәрі-дәрмекке, ас-суыма жаратылып кетті. Айына 21 мың төлеуім керек. Алатын жәрдемақыма 5-6 мың теңге қосып, ішпесем де, жемесем де не­сиемді жабуға тырысып жатырмын», – дейді ол.

 

Үрбигүлдің айтып отырғаны – Күміс алқа иегері ретінде алатын жәрдемақы. Оның мөлшері небәрі 16 мың теңге ғана. Бар кірісі осы ғана. Әр жерден уақытша жұмыс шықса, содан алатын тиын-те­бенін талғажау етеді. Тұрақты жұмысы болмаған соң амалы жоқ.

 

«Қызым отаға түскелі бері үйдемін. Күн жылынса, тойхана, асханалардан жұмыс қарастырмақпын. Мен үйде жоқта баларымның үлкендері өздері қала береді, оларды көршілерге дайындап кетемін. Кішілері балабақшаға барады. Балабақша меңгерушісі менің жағда­йымды түсініп, сол кісінің арқасында үш балам тегін барып жүр. Арнайы автобус­тарымен өздері әкетіп, әкеледі. 

 

Балдарымның ем-дәрісі, пәтерақы, коммуналдық төлемдер мен несие бар, ақшамды қай жағына жеткізерімді біл­меймін. Сіздерден өтініш, менің жанай­қайымды ел-жұртқа жеткізіңіздерші! Қа­рап отырсаң болды деп бос тұрған үй­лерін уақытша беретін жомарт жандар табылса, маған үлкен жәрдем болар еді. Менен қайтпаса да Алладан қайтар. Қазір шын қиналып тұрмын. Қандай көмек болса да бас тарта алмаймын. Мейлі бір келі қант, бір теңге ақша болса да аламын. Қандай жұмыс болса да істеймін. Аула тазалау, үй әктеу, кілем жуу, шөп жұлу, дәретхана тазалау секілді шаруалардың барлығын істей беремін», – деп жыларман болды Үрбигүл.

 

Пәтер жағы жанын қинап отырған Үрбигүл  үй кезегіне де тұрған. Бірақ үш жылдан бері оның да жылжымай жатқанын айтады.

 

«Қызымның жағдайы бір қалыпқа келген соң алимент пен жәрдемақыға байланысты құжат мәселесімен жүгіретін боламын. Кезінде алимент өндіруге арыз жазбақ болғанымда күйеуің жұ­мыссыз болса төленбейді дегенді естіп, қоя салған едім. Сөйтсем, олай емес екен. Заң жағынан сауатымның жоқтығы осындайда кесірін тигізді», – дейді ол.

 

Шындығында қазір осылай сабылып жүрген қыз-келіншектер көп. Алимент өндіру, әлеуметтік көмек алу, жәрдемақының түрлерін білу, мүге­дектікке құжат рәсімдеу секілді алуан түрлі шаруаларда қайда барып, кімнен кеңес алатынын білмейтіндер жетерлік. Мұның бәрі құқықтық сауаттың жоқтығынан екені рас. Осындайда әр қаладан әлеуметтік, құқықтық мәселелерге қатысты сауалдардың барлығына жауап алуға болатын, «бір терезе» прин­ципімен жұмыс істейтін құқықтық орта­лықтар ашылса, көптеген адамға пай­дасы тиер еді деген ой туындайды.

 

Үрбигүлдің де өзіне тиесіліні заң жүзінде қалай жүзеге асыру керектігін білмеуі кіріс көзінің аздығына әкеліп отыр. Соның нәтижесінде алты баласына азық таппай титықтауда. Соған байланысты арамыздан Үрбигүлге көмек қолын созғысы келетін жандар табылып жатса, редакциямызға хабарласуына болады. Себебі оның ендігі үміті тек қайырымды жандарда.

 

Тұрмыс тауқыметін тартып жүрген алты балалы, жалғызбасты анаға көмек қолын созайықшы, адамдар! 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ