Министрді бас-көз жоқ мақтағандар енді ұяла ма?

05.03.2019
Қаралды: 385

Негізі жауапкершілік деген жақсы ұғым бар. Мемлекеттік басқаруда бұл өте қажетті ұғым.

 

Бұрынғы Білім және ғылым министрі басшылыққа келе сала мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деген бастама көтергені есімде. Негізі ағылшын тіліне ешкім де қарсы емес еді. Бірақ Астана мен Алматыда іске асуы мүмкін болса да Қазақстанның бас­қа аумақтарында бұл реформаны іске асыру үшін кемі 10-15 жыл уақыт керек және оған сатылап жету қажет дегенді сол кездері көп азаматтар жазып та жатты.

 

Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім мен базаның жоқтығы бәріне белгілі дүние. «Онлайн оқытамыз, одан қалса жаздың күндері офлайн оқытамыз, бәрі «зың» болады», – деп айтқанынан қайтпады. Мемлекеттік блогерлер, әлеуметтік желіде белсенді журналистер (оның ішінде «Болашақ» түлектері де бар) неше түрлі «керемет бастама» деген жазбаларын үсті-үстіне бұрқыратып жатты. Министрмен кездесіп, кабинетінде суретке түсіп, біраз дүниелер жасады. Өздерін ақылды сезінді, бұларың асығыстық дегендер ақымақ секілді болып көрінді.

 

Кеше «Нұр Отанның» съезінде Елбасы бұл бастаманың асығыстық болғанын, бәрін уақытымен асықпай жасау керектігін, жан-жақты сараптап, дайындықпен келу қажеттігін шегелеп айтты. Міне, осыны түсіну үшін 3 жыл уақыт керек болды ғой. Та­лай мұғалімнің әлегін шығарып, жүйкесіне тиген 3 жыл.  Қаншама азаматтың пайымды ой-пікірлері естіл­меген 3 жыл.

 

Министр де орнынан кетті. Бірақ кезінде неше түрлі ақылды пікір жаз­ғандар «Кезінде сол жазғандарымыз, елді адастырған бастамаларымыз қате болыпты. Асығыстық жасаппыз» деп бір сұxбат бермеді, не мақала, әлеуметтік желіде кешірім сұраған бір жазба да жоқ. Ешкім жауапты емес. Өтті – кетті. Уақытында шулатты. Бү­гін ұмытты. Раxат қой. 

 

Әлде ақшаға, тапсырыспен жазды ма екен?

Бауыржан СЕРІКБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ