«Еуропада қазақтарға қатысты тәуелсіз ұйым құруға кірістік»

05.03.2019
Қаралды: 962

Кезінде «Азаттық» радиосында қызмет істеген, бүгінгі күндері Германияның Мюнхен қаласында тұратын қандасымыз Өмірхан Алтынның (суретте) есімі көзі қарақты жұртшылыққа жақсы таныс. Ол кісінің кезінде Еуроодақ Парламентінде Қытайда қысым көріп отырған жергілікті қазақтардың басындағы ауыр жағдайды жария еткені белгілі. Өткен жылы Астанада болған Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайында да осы мәселені қозғап, Елбасы Н.Назарбаевқа жеткізген болатын.

 

Сондай-ақ Өмірхан Алтын Қытайдағы қазақтардың құқы тапталып жатқанын Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінде де қозғап, сөздерін Қытайдың ресми өкіліне қаратып тұрып айтқан еді. Біз іс-әрекеті көпшілікті сүйсіндірген осы ұлтжанды азаматтың ой-толғамдарын оқырманға жеткізуді әрі өзін толығырақ таныстыра кетуді ниет еткенбіз. Бүгін сәті түсіп, арада болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

– Өмірхан аға, сіз – Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде оны «Азаттық» радиосы арқылы әлемге қуана, мақтанышпен паш еткен азаматсыз. Содан бергі уақытта елдің даму бағытын үнемі назарда ұстап отырған боларсыз? Осы орайда сізді не қуантады, не қынжылтады?

 

– Қазақстан тәуелсіз мемлекет болса екен деген ой әлемдегі бүкіл қазақ баласының арманы еді. Құдайға шүкір, сол арман орындалып, тәуелсіздігімізді мақтана жария еткелі де 30 жылға таяды. Елдің әр жетістігі – біз үшін мақтаныш.

 

Алайда саяси тұрғыдан тәуелсіз болғанымызбен толық түрде ұлттық көзқарастағы ұлттық мемлекет деңгейіне әлі де жете алмай келеміз. Жас мемле­кетіміздің екі жағында екі үлкен держава бар, олар біздің ойдағыдай дамып, ұлттық мемлекет болуымызды қаламайды. Олар да, басқалар да барынша кедергі жасап келеді.

 

Біз – шетелдік қазақтар көп жылдардан бері  өзге елдерде тұрып келе жатырмыз. Көп жағдайда олар – әлемдегі ең ауқатты мемлекеттер. Тіпті азаматтары әлі күнге дейін өз мемлекеттерінің болашағын ойлайды, көздеген көптеген мақсаттары бар. Ал оған қарағанда бізде Алла жол берсе, жетсек деген армандар әлдеқайда көп.

 

Әрине, Қазақстан өзіндік жетістіктерге жетіп келеді. Бірақ соған қарамастан «әттеген-айлар» да баршылық, көп нәрселер ойдағыдай іске асырылмай келеді. Экономикалық салада болсын, білім беру, тарих, мәдениет және тағы басқа да салаларда болсын, біз өзіміздің ұлттық мақсат-мүддеге сай ұлттық мемлекекетті қалыптастыру деңгейінде жетістіктерге жете алмадық. Дегенмен бәрінен бұрын тәуелсіз мемлекетіміздің барына қуанамыз. Болашақта қазақтың нағыз ұлттық мемлекеті қалыптасады деген сеніміміз мол.

 

– Бүгінде Қытайдағы қандастарымыздың басынан өтіп жатқан ауыр жағдайды халықаралық деңгейде көтеріп жүрсіз. Бұл бағыттағы жұмыстарыңыздың нәтижелері қандай?  Қазір қандай шаруалар атқарылуда?

 

– Соңғы бірер жылдан бері Қытай қол астындағы қандастарымыздың, негізінде өзінің байырғы атамекен же­рінде отырған ағайындардың адамдық құқы жаппай тапталып, олардың адам төзгісіз зұлматқа тап болып жатқаны халықаралық деңгейде белгілі болып отыр. Арғы беттегі осы қысым, қудалаушылықты әшкерелеу үшін біз адам құқықтарын қорғаушы халықаралық ұйымдармен, адамдармен, партиялармен, әсіресе халықаралық деңгейдегі журналистермен бірге жұмыс істесіп келеміз. Қазақстандағы «Атажұрт еріктілерімен» және оның жетекшісі Серікжан Біләшұлымен бірге, адам құқығын қорғайтын ұйымдармен бірге Қытайдың зұлматын әшкерелеуге тырысып бағудамыз.

 

Арғы беттен Қазақстанға қоныс ау­дар­ған қандастарымыздың жақындарының, туыстарының берген нақты мәлі­меттері негізінде біз Қытайдың зұлымдығын әшкерелеуде көптеген жетіс­тіктерге қол жеткіздік. Алғашында қытайлар оны мойындамаған еді, бірақ біз жинақталған нақты деректердің, халық­аралық ұйымдар мен журналис­тердің көмегінің арқасында олардың өтірігінің бетін аштық. Содан олар өз өтіріктерін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ олар түрмелерді «оқу-ағарту орындары» деп дәлелдеуге тырысуда.

 

– Бір сөзіңізде қазақ ұлтының мүддесін халықаралық деңгейде қорғайтын ұйымымыз жоқ деп айтқан едіңіз. Жалпы, ондай ұйымның құрылуы мүмкін бе? Құрыла қалса, оның негізгі мақсаты не болмақ?

 

– Жалпы қазақтың мақсат-мүддесін қорғайтын, оны халықаралық деңгейде  жеткізетін, қазақтың көзімен, сөзімен, түсінігімен жариялайтын халықаралық ұйым жоғын мен бұрыннан байқайтынмын. Басқалардың, мысалы, ұйғыр, тибет, ішкі монғолдардың қалыптасқан ұйымдары бар. Осындай ұйымның жоқтығы бізге әу баста ауыр тиді, дегенмен қысқа уақытта ес жиып, тиісті байланыс­тар ұйымдастырып, үнімізді халықаралық ұйымдарға жеткізе алдық.

 

Бізге жалпы Қытай қазақтарының ғана емес, қажеттілік туғанда бүкіл қазақ ұлтының мақсат-мүдделерін қорғайтын ұйым құру арман болды. Осы орайда айта кетейін, алдағы уақытта Еуропада қазақтың басына туған қиыншылықтарды әшкерелейтін, көмек сұрайтын, сондай-ақ қазақтың тұрғылықты жерінде оны таныстыратын, мәдениетін көрсетететін ұйым құруды қолға алдық. Құжаттарын ресми түрде тапсырдық. Бейтарап, тәуелсіз қоғамдық ұйым құруға кірістік.

 

Мықты мемлекет қана үстемдік жүргізе алады

 

– Бүгінде Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған қазақтар арасында жікке бөлініп, бір-бірін қаралау орын алуда. «Қытайдың шпионы» деген сөздер айтылып қалады. Қазақстанда Қытайдың мүддесіне жұмыс істейтіндер бар деп ойлайсыз ба? Жалпы, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Осыған байланысты пікір білдірсеңіз.

 

– Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі уақыт ішінде елге Қытайдан 500 мыңнан аса қазақтар қоныс аударды. Әрине, көп адамның арасында пікір қайшылығы, еліне, жеріне қарай топ болып бірігу, ой бөлісудің болуы – табиғи жағдай. Ол – қай ұлтта да болып тұратын адами құбылыс. Өкінішке орай, қоныс аудар­ған қазақтар арасында Қытайдың мақсат-мүддесіне, ой-арманына қызмет ететіндер де жоқ емес. Негізінен Қытайдың аса ірі басқыншылық, империалистік пиғылы бар. Оны Кеңес Одағы тарқамай тұрып-ақ ойластырып, дайындап, белгілеп қойған. Әрбір адам қай кезде қандай іс атқаратынын біледі. Бүгінгі таңдағы топтарға бөліну, пікір қайшылығы, «қытайшыл», «жершіл», «ұлтшыл» болып бөлініп жату – соның көрінісі. Қазір кім қазақтың мақсат-мүддесіне қызмет етіп жатыр, сонікі – дұрыс, ал кім Қытайға жұмыс істеуде, онікі – қисық. Бұл айқын көрініп тұр, мұны түсіндіріп жатудың да қажеті жоқ.

 

Қытайдың қызыл юанына сатылғандар болсын, күншілдікпен, көреалмаушылықпен болсын ұлттық мақсат-мүдде жолында қызмет етіп жүрген жандардың балағынан алғандар, жағасына жармасқандар бар. Ондайлардың болмағаны дұрыс еді. Алла қаласа, алдағы уақыттарда бұған байланысты көп нәрселердің айқындала түсетіндігі, өзіміздің мақсат-мүддеге сай көп нәрсенің қалпына келе­тіндігі, сол үшін жұмыс істеудің қажеттілігі көрініп тұр.

 

– Таяуда Түркия Қытайға ұйғырларға қысым көрсетуіңді тоқтат деп ашық айтты. Содан көп ұзамай жеті-сегіз елдің адамдарынан құралған халықаралық топ Қытай жағының арнайы шақыруымен сол жаққа барды. «Саяси үйрену мектебі» деп аталатын орталықтардағы ахуалды тексермек ниетте. Бұдан қандай нәтиже шығады деп ойлайсыз?

 

– Менің ойымша, бұл – кеш жасал­ған мәлімдеме. Негізінен Түркия Қытайдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымға қарсы ең бірінші болып дауыс көтеруі тиіс ел еді. Өкінішке орай, Түркия олай ете алмады.

 

Әрине, әрбір мемлекеттің өзіндік жағдайы бар, көп нәрсе әрбір елдің өзінің күш-қуатына, әсіресе экономикалық жағдайына байланысты. Қазір әлемдегі көптеген елдер орын алып жатқан жайларды біле тұра Қытайға үндей алмай отыр, өйткені олар экономикалық тұрғыдан Қытайға тәуелді. Түркия да солай, ол да Қытайдың инвестициясына, одан келетін қаржыға тәуелді. Бірақ соңғы уақытта түрік халқы өзінің мұсылман бауырларына көрсетіліп жатқан қысымға қарсы үн көтере бастады. Сондықтан Түркия үкіметі халқының қысымына шыдай алмай, әлсіз де болса Қытайға  талап қойған болып отыр. Ал диктатуралық мемлекеттің өзінің қылмысын қалай жасыратыны Совет Одағының кезінен белгілі. Қазіргі таңда Қытайдағы түрмелерді өзінің қалауынша еркін аралап, көріп қайтатын ешбір ұйым, журналист, адам, депутат жоқ.  Қытайлар барлығына жасанды жағдайларды көрсетеді, бар нәрсені жуып-шайып, оларды ішкізіп-жегізіп шығарып салады. Одан ештеңе де шықпайды. Қытайға тек оның экономикасына инвестиция салып отырған, одан үстем мемлекет қана өз дегенін жасата алады.

 

– Осы орайда Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасты қалай жүргізгені дұрыс болар еді деп ойлайсыз?

 

– Тоталитарлық жүйемен басқарылатын, адам баласының еркіндігі жоқ мемлекеттің халықаралық деңгейде өзі туралы таратқан мәліметтеріне сенуге болмайды. Қытайдың қуаты туралы халықаралық деңгейде қалыптасқан ақпарат-мәлімет, түсініктер көбіне жасанды. Соңғы 10 – 15 жылда экономикасы алға басқаны рас, бірақ қазіргі таңда өзін-өзі дәріптеп таратып жатқанындай күшті мемлекет пе – оған үлкен күмән бар. Сондықтан Қазақстан Қытайға байла­ныс­ты саясатында ондай мәліметтерге емес, Қытайдың ішіндегі  шын мәніндегі ахуалға қарай отырып өзінің бағыт-бағдарын белгілеуі керек еді. Негізінен алсаңыз, Қазақстан Қытайға емес, Қытай Қазақстанға тәуелді. Қазақстан шекарасын жауып қойып, Қытайдан бір тиындық зат алмаса да күнін көре алады, мұндайда ең үлкен зардапты Қытайдың өзі тартады. Сондықтан Қазақстан онымен әрбір қарым-қатынасында аздап өзінің пиғылын көрсетіп, әлсіздеу емес, өзіне сенімді түрде саясат жүргізгені дұрыс болар еді.

 

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси жағдай, алыс-беріс тең емес, Қытайдың пайдасына болып жатыр деген түсінік бар. Әсіресе Қазақстан­ға қатысты соңғы жылдардағы  күмәнді саясатына,  Қазақстанды әлемдегі лаң­кестік 26 мемлекеттің қатарына қосуына орай «көршім, досым» деген Қытайға деген көзқарасын аздап өзгертуі керек сияқты.

 

– Қытайдың онда тұратын қазақтарға жасап жатқан қысымын қалай тоқтатуға болар еді? Олар бейбіт, жайлы өмір сүруі үшін Қазақстан не істей алар еді?

 

– Әрине, бұл өмірде әр нәрсе Жаратушы Алланың қалауына сай болатыны сөзсіз. Сондықтан Қытай қазақтарының басынан өтіп жатқан жағдайды Алланың бір сынағы деп есептейміз. Бірақ Қытайдың зұлымдығына, жаппай қысым-қудалауына әрекетсіз қарап отыруға да болмайды. Қандастарымызды құтқару үшін олардың басынан кешіп отырған тауқымет туралы ашық жариялау, Қытай зұлматын әшкерелеп, нақты дәлелдермен халықаралық адам құқығын қор­ғайтын ұйымдарға, Біріккен ұлттар ұйымына, әсіресе АҚШ, Еуроодақ сияқты Қытайға күші, ықпалы жететін  мемлекет­тердің жетекшілеріне жеткізу керек. Ол үшін нақты деректер жинау қажет. Біз соған тырысып келеміз. Бұл бағыттағы жұмысымызды тоқтатпауымыз керек.

 

– Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты түйген ойларыңыз қандай?

 

– Баршаға белгілі, ол  өзіне көрсе­тілген қысымға шыдай алмай, Қазақстан азаматтығын алған отбасына қосылу үшін амалсыздан шекараны бұзып өтті. Мақсаты – атамекеніне оралып, отбасымен қауышу. Қазақи тұрғыдан қарайтын болсақ, Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанда өзінің отбасымен бірге өмір сүруіне ешбір кедергі болмауы керек. Оған тез арада Қазақстанда алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасалуы қажет. Өйткені ол – қазақ, отбасы – Қазақстандағы Қазақстан азаматтары. Саяси тұрғыдан алып қарасаңыз да халықаралық заңдар  Сайрагүл Сауытбайға сондай жағдайлар жасалуына әбден толық құқық беріп отыр. Қазақстан жағы өзінің абыройына дақ келтірмей, мұндай ашық мәселеде Сайрагүлге ашық түрде жағдай жасауы керек деп ойлаймын.

 

Еуропа қазақтары көмекке әрдайым дайын

 

– Енді сіздердің атқарып жүрген қайырымдылық шараларыңыз жөнінде тоқталсақ. Өткен жылдың Рамазан айында Қазақстанға келіп, Германия қазақтарының атынан қайырымдылық іс-шара өткіздіңіздер. Сол жайлы таратыңқырап айтсаңыз.

 

– Еуропаның көптеген елдерінде тұ­рып жатқан қазақ диаспорасының өкіл­дері әртүрлі мерекелерде, діни мейрамдарда басқа мемлекеттерде тұратын жағдайы төмен ағайын-туыстарына, қандас­тарына қолдарынан келгенше көмек беруді дәстүрге айналдырған. Көп жылдардан бері әрбір діни мерекеде – Ораза айтта болсын, Құрбан айтта болсын жағдайы нашар туыстарына көмек көр­сетіп келеді.  Кейінгі жылдары көбінесе Монғолиядағы, Түркиядағы, Қазақстандағы және тағы басқа елдердегі қандастарға киім-кешек, құрбандық малы, қаражат жағынан болсын жәрдем жасауда. Қытайдағы қазақтардың, ол жақтан Қа­зақстанға қоныс аударғандардың жағдайы белгілі болғасын Қытайдан зұлымдық көрген ағайындарға да көмектесейік деп өткен жылы Германиядағы біраз ағайын-туыстармен ақылдаса отырып, Ораза айт, Құрбан айт кезінде біраз көмек беруге тырыстық. Жастарымыздың өздері жинаған ақшасын Қазақстандағы екіге бөлінген отбасы мүшелеріне, әке­лері немесе шешелері Қытайда қамалып отырған тірі жетім-жесірлерге апарып беріңіз дегесін алдыңғы Рамазан айында апарып тараттық. Одан кейін Құрбан айтта да  осындағы ағайын-туыс­тармен ақылдаса отырып, өздері шалатын құрбандық малы етінің бір бөлігін Қазақстандағы сондай қиын жағдайдағы мұқтаж жандарға таратуды жөн көрдік. Ағайын-туыстармен, «Атажұрт ерікті­ лерімен» бірге құрбандық малдарын сойып, етін тараттық. Еуропадағы қазақ диаспорасы алдағы уақытта да қай жерде болмасын мұқтаж қазақ қандастарына көмектесе беретін болады.

 

– Германияда қазақтар көп пе? Олар ол жаққа қалай барып қалған? Негізінен немен айналысады? Араласып тұрасыздар ма?

 

– Бұрыннан бері тұрып келе жатқан диаспора негізінен Германияның Кельн, Мюнхен, Берлин, Гамбург, Франкфурт сияқты ірі қалаларында тұрады. Жалпы саны 2500-дің шамасында. Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін келгендерін білмейміз, бізден көп болуы керек. Олар Қазақстаннан немістермен бірге қоныс аударғандықтан  шағын қала, ауылдарда бытыраңқы тұрады.

 

Алғашқы қазақтар мұнда Түркия ар­қылы келген. Түркиядағы қазақтар Түркия мен Германия арасында жұмыс күшіне байланысты келісім болған жылдары келіп орналасқан. Негізінен қазақ жастары келген, олар осында өсіп-өнді.

 

Қазіргі жаңа, жас буын – жастардың бәрі оқыған, жоғары білімді, инженерлер, дәрігерлер, адвокаттар, басқа да әртүрлі сала мамандары бар. Көбі қызмет істейді, жағдайы жақсы, жоғары деңгейде жұмыс істейді, лайықты табыс табады.

 

Қазақ диаспорасының өкілдері барлығы бірін-бірі бала-шағасына дейін бі­леді, жиі араласып тұрады. Береке-бірлік, ағайыншылық мықты деп айтуға болады.

 

Біз күресті тоқтатпаймыз

 

– Өзіңізді оқырманға толығырақ таныстыра кетсек дейміз. Қайда, қандай отбасында туып-өскенсіз?

 

– Арғы аталарымыздың шыққан жері негізінен Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірі. Өткен ғасырларда Қытай мен Ресей  арасында шекара тартылмас бұрын аталарымыз Алтай мен Шығыс Қазақстан арасында көшіп-қонып жүрген. Шек­ара бөлінгеннен кейін аталарымыз арғы бетте қалып қойған. Сосын Алтайдың Көктоғай жағына қарай жылжыған.

 

Әкем Қасеннің айтуынша, оның ес білгеннен бергі өмірі жауынгерлікпен, ел-жұрт, ағайын-туыс болып, Отан, жер, дін үшін қытайлармен айқаста өткен. Шеше­міздің өмірі де солай, ол жауынгердің жолдасы болды. 1949-жылы «қызыл» Қытай Шығыс Түркістанды басып алғаннан кейін әкем ағайын-туыспен бірге жан сақтау үшін амалсыз Тибет, Үндістан, Пәкстан асып, 1950-жылдары Түркияға өткен. Алғашында Стамбұлға, сосын Алтай ауылына барып орналасып, мал және егін шаруашылығымен шұғылдан­ған. Кейін Стамбұлға тұрақтаған.

 

Қарапайым отбасынан шықтық. Бірақ ата-анамыздың өмірден көрген-білгені, тәжірибесі дипломы бар талай адамнан артық еді. Ұлттық көзқарасы, діни наным-сенімдері, ұлттық ар-намысы ерекше еді. Алла жатқан жерін жәннат қылсын, имандары мол болсын!

 

Көп ағайындарымыз елді, жерді қорғаймыз деп жүріп қытайларға қарсы соғыста шейіт болған. Арғы атамыз Зуха батыр Алтайдың Көктоғай өңірінде қы­тайлармен жылдар бойы соғысып,  елін, жұртын қорғаған. Дін үшін, ұлт азаттығын, ар-намысты қорғау үшін соғысқан. Ерекшелігі – тек қазақтарды ғана емес, барша мұқтаж жандарды бөліп-жармай, оларға ие болып, төңірегінде мыңдаған адамды паналатып, қамқор болған екен. Оны өзінің ең үлкен жауы санаған қытайлар 1929-жылы бір түнде қонысын қа­пия­да басып алған. Сосын атамыздың басын кесіп,  Сарысүмбенің жұрт «Қара көпір» деп атап кеткен көпіріне бір апта бойы іліп қойған. Дәл қазіргі зұлымдығының бір түрін сонда жасап, қазақ ұлтына солай сес көрсеткен.

 

Қытайдың қазақтарға деген зұлматтық саясаты соңғы бірнеше жылда емес, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Ол жалғасқан сайын біз де Қытайға қарсы күресімізді тоқтатпаймыз.

 

– Қазір қайда тұрасыз? Біліміңіз қандай, қайда оқығансыз? Бүгінде немен айналысып жүрсіз?

 

– Мен отбасыммен, бірнеше ағайын-туыстармен бірге Германияның оңтүстік өлкесі – Баварияның орталығы Мюнхен қаласында тұрамын. Бұл қалаға келуіме «Азаттық» радиосының бұрынғы орталығы Мюнхенде болуы себеп. Ұзақ жылдар осында, қазақ бөлімінде жұмыс іс­тедім. 1995-жылы «Азаттық» радиосы Прагаға көшіп кеткенде бармай, осында қалып қойдық. Содан бері жеке жұмыс, қоғамдық жұмыстармен айналысамын, тә­уелсіз журналист ретінде жұмыс істеп ке­лемін.

 

Түркия астанасы – Анкараның оң­түстігіндегі Алтай ауылында  туып-өс­кенмін. Ол жерді әкелерімізге Түркия берген, Алтайдан келгендер деп орналастырған екен. Онда тек қана қазақтар тұрады.  Бастауыш сыныпты сонда оқыдым. Кейін Стамбұлға көштік, онда орта гимназияда оқыдым. Жоғары білім алу үшін Анкараға бардым, инженерлік академияға түстім. Одан инженер мамандығын алып шықтым. Кейін Германияға барып, Берлиндегі жоғары оқу орнына түстім. Ол жерден екінші инженерлік мамандық алдым. 1980-жылдары мені «Азаттыққа» жұмысқа шақырды, соған барып орналастым.

 

Ел мүддесін сыртта жүріп те қорғауға болады

 

– Сізге мынадай сұрақ қойғымыз келіп отыр: Қазақстанға қоныс аудару ойыңызда бар ма? Ел игілігі үшін жұмыс істеуге жағдай жасалып, деңгейіңізге лайық қызмет ұсынылса, келер ме едіңіз?

 

– Адамның өзінің тәуелсіз ата меке­нінде өмір сүргеніне не жетсін! Біздің аталарымыздың да арманы сол еді. Бі­рақ та Алланың тағдыры болар, қазақтар дүниенің әр бұрышына тарыдай тарап кеттік. Бізге де Германияда өмір сүру Алланың қалауы бойынша жазылған шығар.

 

Менің негізгі арманым Қазақстанға өзімнің алған біліміме, тәжірибеме сай жұмыс істеу еді. Ол үшін Қазақстанда арыз бермеген жерім жоқ. Тіпті Елбасының өзіне де арызымды табыстағанмын. Бірақ, әрине, түрлі жағдайларға байланысты ойдағыдай болмаған болуы мүм­кін.

 

Жалпы, барлық қазақтың Қазақстан­ға жиналып алуы да керек емес шығар. Кей адамдар шетелде тұрсақ,  Қазақстанда тұрмасақ та Қазақ елінің мақсат-мүддесіне артық қызмет етуіміз мүмкін. Мен өзімді солай істеп жүрмін деп ойлаймын. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері елге инвестиция апардық, талай жаңалықтар, жұмыс орындарын аштық. Оны көп кісілер біледі. Мұны мақтану үшін айтып отырғаным жоқ, өзімнің ұлтыма деген  қызметім ретінде есептеймін. Қазақстанда бұл туралы көп­теген адамдар біледі.

 

Қазір де егер алған білім-тәжірибеге сай Қазақстанда еркін түрде, шын мә­нінде елге қызмет істейтін жағдай жасалып жатса, неге барып қызмет етпеске? Өйткені Тәуелсіз Қазақстан – менің мақтанышым, қуанышым, оған қызмет ету – менің ұлттық мақсат-мүддем. Егер ондай жағдай жасалып жатса, қашан да болса елге барып қызмет етуден қашпаймыз. Бірақ та елге  қызмет ету деген тек қана Қазақстанда тұру деген емес. Қазақстанда тұрғанымен де ұлттық ар-намыстан жұрдай, қолдағы алтынның қадірін білмей, еліне опасыздық жасап жүрген адамдар да көп қой. Оған қарағанда шетелдерде жүріп, осындағы тәжірибемізді пайдалана отырып, Қазақстанның мақсат-мүддесін қорғай алсақ, мүмкін елге Қазақстанда тұрғаннан артық қызмет істеген болар ма едік деген ойымыз да жоқ емес.

 

– Әңгімеңізге рахмет, Қазақ елі үшін атқарып жүрген істеріңіз жемісті болсын!

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ