Анкара университетінде сабақ беретін қазақ қызы

04.03.2019
Қаралды: 538

Бүгінде алыс-жақын шетелдерде қызмет істеп жүрген қандастарымыз баршылық. Біз сондай жандардың бірі – Түркия астанасы Анкарадағы университет кафедрасы деканының орынбасары Гүлжанат Құрманғалиевамен сұхбаттас болған едік.

 

Гүлжанат 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысында өмірге келген екен. Ауылындағы мектепті Алтын медальмен бітіріпті. Сосын Түркияға барып, Анкара қаласындағы ағылшын тілінде білім беретін Таяу Шығыс техникалық университетінің тарих факультетіне оқуға түскен. Сонда жүріп түрік және ағылшын тілдерін меңгеріпті. Саясаттану және қоғамдық басқару мамандығы бойынша «Сталиндік қуғын-сүргін және жазалау жүйесі: Қазақ зиялылары» деген тақырыпта магистрлік диссертация қорғапты. Өзінің оқытушылық еңбек жолын сол университетте бастаған екен.

 

Гүлжанат 2004-жылы отбасылық жағдайына байланысты Бішкекке ауысып, сондағы «Манас» қырғыз-түрік университетінде аға оқытушы болып жұмыс істепті. Сонда жүріп  докторлық бағдарлама бітіріп, тарих ғылымдарының докторы атанған. Кейін Түркияға оралып, Стамбұлдағы Малтепе университетіне жұмысқа тұрған, ондағы Еуразия зерттеу орталығының директоры болған. Бір жыл Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласындағы Квангвун университетінде тарих, саясаттану, қоғамдық басқару пәндерінен сабақ берген.

 

Ол 2012-жылдан бері Анкарадағы Гази университетінде қазіргі түркі тіл­дері және әдебиеттері кафедрасында істеп жүр. Бұған дейін университетке қарасты институт директорының орынбасары қызметін атқарған. Қазір уни­верситеттің өзіндегі әдебиет факультеті деканының орынбасары болып еңбек етуде екен.

 

«Ата-анам – бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ұстаздар, – дейді Гүлжанат біздің қойған сұрағымызға орай. – Әкем Кеңесбек  – математик, көп жылдар ауылымыздағы Қойтас орта мектебінде басшылық қызметте істеді. Кейіннен Арқалық педагогикалық институтында еңбек етіп құрметті демалысқа шықты. Өлеңдер, мақалалар жазып тұрады. Анам Әлия – мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі, құрметті ұстаз, қазір зейнеткер. Екеуі де елге сыйлы, балаларына салт-дәстүрді, жақсы қасиеттерді сіңірген, үйінен қонақ үзілмейтін адамдар.

 

Үш әпкем бар. Гүлнәр мен Гүлжан, жезделерім де ата-ана жолын жалғас­тырған танымал ұстаздар. Қазір олардың ұрпағы да осы мамандықты жалғастырып келеді. Ағам Бақытбек пен жеңгем Жанар – тіс дәрігерлері. Әсем әпкем мен Тимур жездем Шымкентте беделді дәрігерлер».

 

Гүлжанаттың жолдасы Қоңыралып – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ол Анкарадағы Қажы Байрам Уәли универ­ситетінің тарих кафедрасында еңбек етеді. Ата-енесі де білім саласында істеген, профессорлар. Атасы Ахмет – түрколог ғалым, филология ғылымдарының докторы екен.

 

«Қоңыралып Қытайша біледі, қытай деректерінен көне дәуірдегі түркі халықтарының тарихын зерттеумен айналысады, – дейді Гүлжанат. – Ұлымыз Алтай бастауыш сыныпта оқиды, Қазақстанға келуді ұнатады. Оқу жылы аяқталған күннің ертеңінде-ақ Қазақстанға баруға асығады».

 

Гүлжанат тұратын үйлерінің ұлттық нақыш, бұйымдармен безендірілгенін айтады. Үйінде көбінесе қазақ тағамдары дайындалады екен. «Түркияда жалпы халық жылқы етін жемесе де біздің ортадағы таныстардың бәрі қазы десе ішкен асын жерге қояды», – дейді Гүлжанат.

 

Түркияда білім саласы, әсіресе жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасы мықты екен.

 

«Түрік азаматтарына мемлекеттік университетке түскеннен кейін ұзатпай, өз мерзімінде оқыса бакалавриат, магистратура, докторантура тегін, біраз жылдан бері ақысыз оқумен қамтамасыз етілген, – дейді Гүлжанат бұл жөнінде. – Университетке түсу үшін ұлттық бірыңғай тест сынақтарына ұқсас емтиханнан өтеді. Түсу үшін бәсекелестік өте жоғары, ол әділ түрде өткізіледі. Магистратура және докторантураға түсу үшін бакалавриат­та алған балына, шет тілі бағасына және тағы бір ұлттық бірыңғай тест көрсеткішіне қарап, ең жоғары балл алған үміткерлерден бастап кезекке қойылады. Бөлінген орынның үш есе шамасындай көп үміткерлерден жазбаша және ауызша сынақтар алынады. Қабылдау және сондай-ақ оқу барысы әділ түрде жүргізіледі. Бұл жақта оқуға ақшаның күшімен түсу, мәсе­лені ақшамен шешу деген атымен жоқ».

 

Анкарада оқуға шетелден барған үміт­керлерге жеке орындар бөлінеді екен. Шетелдік студент, магистрант, докторанттар ақы төлеп оқыған жағдайда да бағалар қолжетімді, бірақ түсу үшін бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен шетелдік студенттерге қонақ ретінде қарап, көмектесіп тұрады екен.

 

«Жалпы, ұстаздарға барлық жағдай жасалынған. Мұғалімдер ғылыми зерттеумен жақсылап айналыса алуы үшін әркімге жеке кабинет берілген және компьютермен қамтамасыз етіл­ген. Қанша ғылыми атақ-дәре­жеміз болса да, уақытымыз тығыз болса да студент, магистрант, докторанттарға уақытымызды бөліп, әрқайсысымен жекелей түрде жұмыс істейміз, ғылыми бағыт-бағдар, мотивация беруге әрекет жасаймыз. Студенттерге танымдық конференциялар ұйымдастырылады, әртүрлі үйірмелер бар.

 

Жатақханалар ұлдар және қыз балалар жатақханасы болып бөлінеді. Негізі Түркияда автобусқа, пойызға билет аларда да осындай тәртіпті көре аласыз. Жатақхана, пәтер бағалары, азық-түлік бағалары айлық жалақымен салыстырғанда қолжетімді», – дейді Гүлжанат.

 

Жалпы, Түркия халқында ұлттық құндылықтарға, тіліне, тарихына, туына, мем­лекетіне деген құрмет өте жоғары деңгейде. Олар, мысалы, мейрамдарда терезе-балкондарына ту іліп қояды екен.

 

Тарихшы ретінде Гүлжанат ХІХ – ХХ ғасырлардағы Орта Азия тарихымен, Кеңес дәуірі тарихымен айналысады. Ол бірнеше ғылыми ең­бектердің авторы. Іс-сапарлармен АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Германияға, Швецияға, Жапонияға, Кореяға, Үн­дістанға, тағы да басқа бірнеше елдерге барған, дәріс оқып, баяндамалар жасаған екен. Ол өз ана тілімізден бөлек, қырғыз, түрік, орыс, ағылшын, француз тілдерін меңгерген. Түркияның жоғарғы оқу орындарында  оқы­тылатын «Қазақ тілі» оқулығы авторларының бірі.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ