Қымыз бен саумалды тегін таратып жүр

04.03.2019
Қаралды: 492

Мемлекетімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында атқарылып жатқан жобалар баршылық. Соның бірі – жастарға, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған ел тұрғындарын қолдауға бағытталған «Zhas Project» жобасы. Білім және ғылым минстрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы өткен жылы басталып, биыл аяқталып үлгеріпті. Дегенмен бұл бастама арқылы талай жас өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алған.

 

Айта кетейік, «Жас прожекттің» негізгі мақсаты – қоғамның әлсіз топтарын жұ­мыс­қа тарту, өзін-өзі жұмыспен қамту болыпты. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, тың идеяларының арқасында қайтарымсыз 1 миллион теңге грант ұтып алыпты. Тек оған жұмыссыз жастар ғана қа­тысуы шарт екен. Сондай-ақ кәсіп бастаушы өзін қолдайтын 3-5 адамнан тұратын топ құрады. Олардың да жас шамалары 14-29 жас аралығында болуы қажет. Серіктес ретінде туыс, достарын шақырса да тыйым қойылмаған.

 

Осы «Zhas Project» жобасын тиімді пайдаланып, кәсіп бастағандардың қатарында жуалылық Қазбек Тіленбай да бар. Ол жобаға өзінің тың бастамасын дәлелдеп, шәкірт­ақыға қол жеткізген. 

 

Қазбек Жамбыл облысы, Шақпақ ауылдық округінен «Жу­алы қымыз орталығын» ашыпты. Әлеуметтік жобаның тағы бір шарты бойынша жеңімпаз Қазбек Хамзалбек­ұлы өз командасымен бір құ­лынды бие сатып алған. Олар 6 ай бойы тұрмысы төмен және осындай жанұядағы денсаулығында кінәраты бар тұр­ғындарға қымыз, саумал сусындарын тегін ұсынып келеді.

 

Бүгінде «Жуалы қымыз орталығы» үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірігіп іс бастаған Қазбек Тіленбай, Құдияр Тіленбай, Бауыржан Тілепов аптасына алты күн, төрт сағаттан ауысып жұмыс істейді. Олар биеден күніне орта есеппен 10-12 литр сүт алып жүр. Көктемге қарай сүттің көбейетінін де айтады. Әзірге аталмыш орталық тек Амансай ауылының тұрғындарына қызмет етуде. Алдағы уақытта олар кәсіптің ауқымын кеңейтіп, бүкіл аймақты қымыз, саумалмен қамтысақ деген ойда.

 

Қымыз бен саумалдың адам ден­сау­лығына пайдасы орасан. Бір қымыздың өзінде адамның физикалық жағдайын жақсартатын, тәбетін ашатын, ас қорытуды жақсартуға көмек­тесетін 28 түрлі микроэлемент бар. Сонымен қатар, қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстырып, өкпе туберкулезінен, бүй­рек, сүйек ауруларына және де асқазан, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ дәрумендер жетіспегенде де қолданып жүр. Жуалылық жастардың да көздегені – тұрғындардың саулығы.

 

Д. ӘБДҮМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ