Баспаналы болудың тиімді жолдарын үйретеді

04.03.2019
Қаралды: 473

Бүгінде баспанаға қол жеткізе алмай жүргендер аз емес. Осы орайда халыққа баспаналы болудың тиімді жолын түсіндіру мақсатында «Баспаналы бол» атты семинар өткізіп жүрген экономист әрі журналист Дәулет Төлеутайұлымен сұхбаттас­қан едік.

 

– Дәулет мырза, бұл іске кіріскеніңізге қанша уақыт болды? Қалай басталды өзі?

 

– Жалпы, өзім бұрыннан ел өзіне керектіні түйіп ала алатындай нәрсе ұйымдастырсам дейтін едім. 2014-жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы ретінде баспана алу жолында нарықты зерттедім. Алдымен депозит ретінде осы банкке ақша жинап отырдым. Сол жиған-тергенімнің үстіне 2 миллион теңге қосып, үлескер болдым. Есілдің сол жағалауындағы бір бөлмелі үй маған бас-аяғы 10 миллион теңгеге түсті. Ақысы үлескер ретінде төленсе, арзанырақ болатынын түсінген соң мен өзім осы жолды таңдадым. Енді жыл аяғында құрылыс аяқталады, содан соң баспанамызға көшеміз.

 

Сөйтіп жүріп өзім де көп нәрсені біліп қалдым және достарыма, таныстарыма осы жайында кеңес бере бастадым. Менің берген кеңесім арқылы бір-екі жігіт үйлі болды. Осылайша мен туралы естігендер маған келіп жолығып жатты. Бір күні таныстарымның таныстарына кеңес бере бастадым. Ақырында халыққа да, өзіме де пайдалы іс болсын деп осыны қолға алдым. Нәти­жесінде 2018-жылдың 23-желтоқсанында Астана қаласында алғашқы мастер-класымды өткіздім. Сұраныс көбейе бастаған соң Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында семинар өткіздім. Енді алдағы уақытта Семей, Өскемен, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Орал, Талдықор­ған өңірлеріне бару жоспарда тұр.

 

– Сіздікі мастер-класс па, әлде семинар ма?

 

– Біреулер мастер-класс десе, енді бірі тренинг дейді, бірі семинар деп жатады. Қалай атасақ та айналып келгенде онда пайызды есептеу, формулалар, есеп-қисап секілді нәрселер айтылады.

 

Ақысына келер болсақ, әр аймақта әртүрлі. Атырау, Ақтауға барғанымда ұшақ билеті құнының қымбаттығына байланысты 8 мың теңге деп белгіледім. Ал Астана, Қарағанды, Шымкент, Семей, Өскеменде 5 мың теңгеден болды. Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалалары үшін – 6 мың теңге.

 

Шыны керек, қазір мұндай  бағадағы мастер-кластарды таба алмайсыз. Мынауың су тегін дүние ғой деп жатқандар да бар. Маған келіп, 5-6 мың теңге төлеу арқылы адамдар баспана алуда миллионға жуық қаржыны үнемдей алады. Тіпті 2 мың теңге төлеп, жеке кеңес алған бір адам 1 миллион теңге, енді бірі 1 миллион 800 мың, тағы біреуі 2 миллион теңгеге жуық ақшаны үнемдей алды. Осылайша оншақты адам үйлі болды.

 

Адам есеп-қисапты көріп, түсінгеннен кейін көзі ашылады, ойлана бастайды. Қаржылық сауаттылыққа байланысты білім жинақтауда ақшаны аямау керек деп ойлаймын. Басқалар пісіру, тігу, тоқу, бояндыру секілді дүниелерді үйреткені үшін 15-20 мың теңге алып жатыр. Тіпті онлайн мастер-кластардың өзі 10 мың теңге тұрады. Ал менікі онлайн өтпейді, қай қалаға болса да өз тобымды ертіп, арнайы барамын. Оның арасында жол шығыны, жейтін тамағымыз, жататын орнымыз тағы бар. Соның бәрін есептегенде 5 мың теңге деген түк те болмай қалады.

 

– Мұндағы мақсатыңыз не?

 

– Мен бұл жерде үнемі журналист Дана Нұржігіттің сөзін негізге аламын. Ол кісі маған: «Жасаған әрекетің өзіңе емес, халыққа пайда әкелуі керек. Халыққа пайда әкелген дүние кейін саған да пайда әкеледі», – дейді. Сондықтан дәл қазіргі таңда өзімдікінен бұрын елдің пайдасын ойлағым келеді. «Халық банкіне» барып, артық пайыз төлеп жем болмаса, сауатты болса, әрбір қазақ баспаналы болса деген тілегім бар. Осындай кеңбайтақ жерде тұрамыз, бірақ пәтерден пәтерге көшіп, «Ұлы дала квартиранты» болып жүргеніміз жасырын емес. Осы мәселенің шешімі табылып, қазақ өз үйінде бақытты болса, көбейе берсе деймін.

 

– Сабақтарыңызда нақты не туралы айтасыз?

 

– Менің қарным ашатыны – біздің есепке шорқақтығымыз. Қаржылық сауаттылығымыз төмен. Соның кесірінен банктен алған несие­лерімізді артық пайызбен, бірнеше есе артығымен төлеп жатамыз. Осының барлығын жүйеліп, баспананы қай банктен қалай алуға болатынын, пайыздық мөлшерлемелерін, бағдарламалардың тиімділігі туралы айтамын. Жалпы, баспана алудың оңтайлы жолдарын көрсетуге тырысамын. «7-20-25», «Баспана Хит», «Орда», «Нұрлы жер», «Өз үйім» секілді көптеген бағдарламалар бар. Солардың қанша пайызбен, қалай есептелетіндігін, олардың пайыздық үстемелерін азайтуға болатын – болмайтын тұстарын, жалпы, үй алуға болатын нарықтағы барлық мүм­кіндіктерді түсіндіріп беремін. Ары қарайғы шешімді жинаған ақшасына, кіріс мөлшеріне қарай  әр адам өзі қабылдайды. Арасында адамдарға еңбек етіп, әрекет жасау қажеттігін, мақсат қойып, армандай білу керектігін айтып, мотивация да беремін. Мұндағы басты бағыт-бағдарым – қазаққа баспаналы болудың тиімді жолдарын көрсету.

 

Кейбір банктерден 10 миллионға үй алсаңыз, үстіне 15 миллион теңге артық төлем төлеу керек болады. Сонда бас-аяғы 25 миллионға шығады. 10 жыл бойы ай сайын 200-250 мыңнан төлеп жатады. Бір танысым ипотекаға ал­ған 14 миллионның үйі үшін ақшаны 29 миллион етіп қайтарып жатыр. Ай сайын 200 мыңнан астам ақшасын құйып отырады. Халық осылай ұрынбаса, есепті білсе, елдің көзі ашылса екен деймін.

 

Мастер-кластарға келген адамдар көбіне ризашылықпен қайтып жатады. Менікі аспаннан алынған нәрсе емес, ғаламтордағы бар дүние. Бірақ соның астарын ашып, қарапайым қазақ тілінде тәптіштеп түсіндіріп жүрген жайым бар. Айтып жатқан ақпараттарымның құндылығына 100 пайыз кепілдік бере аламын.

 

– Мемлекет ұсынған «7-20-25» бағдарламасы туралы не айтасыз?

 

– Халық үшін тиімді деп «7-20-25» бағдарламасы мен «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкін» айтар едім.  Қалған банктердің пайызы өте жоғары. Осылай айтсам, жұрт: «Сен мемлекеттің адамысың ба? Сені сатып алған ба?» – деп жатады. Түсінген адам оңтайлысына қарай әрекет етеді.

 

– Көп балалы әйелдерге баспаналы болуға қандай мүмкіндіктер бар?

 

– Негізі көп балалы әйелдердің үйлі болуы өте қиын. Барлық жерде табыс көзін растау керек. Оларды үй кезегіне қояды. Ол кезекте 10-15 жыл бойы тұрады. Балалары 18-ден асып кетсе, көпбалалы ана статусынан да айырылады. Кезектен де шығарылады. Көп жағдайда баспана жұмысы бар адамдарға ғана несие ретінде беріліп жатады. Сондықтан оңайлықпен жылжымайтын кезекке сенгенше, мүмкіндік болса, қосымша табыс көзін іздеген дұрысырақ.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Дәулет Төлеутайұлының байланыс телефоны: 8-707-185-85-82.

Сұхбаттасқан – М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ