Ұлттық киім тігетін Бану 38 қыз-келіншекке жұмыс тауып беріп отыр

27.02.2019
Қаралды: 630

Бүгінде ұлттық өнерді дәріптеп, қазақы нақышты бәрінен биік қоятын бауырларымыз баршылық. Сондай жандардың бірі – жетісайлық Бану Қазыханова ханым. Кәсіпкердің «JB» продюсерлік өнер орталығы, осы атаумен аталатын тігін ательесі бар. Ол кісі бармағынан бал тамған тігінші ғана емес, дарынды  асаба, ерекше дауысты әнші де. Бұған қоса көпбалалы ана, аяулы жар, инабатты келін екендігін де тілге тиек еткіміз келеді.

 

«JB» ұлттық киімдер ательесінде тігілген қазақы нақыштағы көйлектер көздің жауын аларлықтай, бірінен бірі өтеді. Бұл жерден үкілі кәмшат бөрік, бүрмелі көйлектің  сан алуан түрін табуға болады. Әрқайсысы жаңа заманға лайықтап тігілгендіктен бе, әлде тұтынушылардың талғамы мен сұранысын дөп басып дайындалатындықтан ба, мұнда келушілердің қатары күн санап артып жатқан көрінеді. Сәттіліктің сырын білсек деген ниетте біз онмен сұхбаттасқан едік.

 

– Бану Орынбекқызы, әңгімемізді сіздің туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ…

 

– Мен Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында 1984-жылдың 1-қаңтарында дүниеге келгенмін. Осындағы «Жібек жолы» орта мектебін 2002-жылы бітірген соң Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетке оқуға түсіп, оны физика және информатика мамандығы бойынша аяқтадым. Үш жыл мектепте мұғалім болып еңбек еттім.

 

Әкем мен анам – ауданға абыройлы еңбектерімен танылған кісілер. Өкінішке орай, әкем дүниеден өтті. Анам – 40 жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген ардақты жан. Екі сіңлім бар. Олар бүгінде өмірден өз орындарын та­уып, ата-ана үмітін ақтап отыр.

 

Үйдің үлкені болғандықтан жауапкершіліктің көбі маған артылатын. Өзім де екі бауырыма үлгі болуды армандап, не істесем де жақсы болуды көздедім. Әкешім мен анам бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Сондықтан болар, қандай да бір қиындыққа қасқайып тұрар мінез бала кезден қалыптасқан. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – сол ұядан көрген өнегеміз. Тұрмысқа шығып, келін атанғаныма да он бес жылдай болып қалды. Жолдасым әркез жаныма сүйеу, отбасымыздың тірегі екенін мақтанышпен айта аламын. Бүгінде 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырмыз.

 

– Ұлттық киім тігу, насихаттау бағытындағы кәсібіңізді бастауға не түрткі болды?

 

– Мен мұғалімдік мамандықты анама еліктеп таңдаған болатынмын. Оның үстіне жинаған балым сол кездегі несиелік жүйеге жеткендіктен түсе салғанмын. Жаспын ғой. Жоғары білімді алып, үш жыл жұмыс істеп жүргенде тек оқу орны алдындағы берешегімді өтеу үшін ең­бектендім. Бірақ жүрегім басқаны қалайтын. Мен көпшілік ортаны, ерекше бұйымдарды қатты жақсы көремін. Сөйтіп дизайнер болсам ба деген ой келді. 2016-жылы Шымкент қаласындағы арнайы дизайнерлік курсқа келдім. Сызба жасау, тігу, пішу, бір сөзбен айтқанда, тігін ісіне қажетті барлық қыр-сырды осында меңгердім. Жаныма керегі де осы еді. Мұнда үйренгенімнен бөлек, бизнес саласына қатысты тренингтерді қарап, кітаптар оқыдым, іздене бердім. Жеке кәсібі бүкіл елге танымал еткен тұлғалардың туындыларын оқып қана қоймай, іс жүзінде де байқап жүрдім. Осылай өзімнің сызбамдағы киімдерді шығаруды ақырындап бастадым. Жеке кәсіпті жаныма серік ету – менің жан-дүниемнің қалауы.

 

Алғашқыда ұлттық нақыштағы киімдерді үйде тігіп, сата бастадым. Менің жасаған бірін-бірі қайталамайтын сәукелелерім, жакет пен көй­лектерімнің сапасы көптің көңілінен шығып, тапсырыс та арта берді. Бастапқыда аудан тұрғындарынан, кейін Алматы, Атырау мен Ақтау және Шымкент қалаларынан сұраныс жиі түсетін болды. Алушыларымыздың басым бөлігі «Инста­грам» желісіндегі «jetіsaі_banu» парақшама хабарласып, өз талғамы бойынша тапсырыс қалдырып жатады. Кейін тәуекел деп ателье ашып, қазір 38 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отырмын.  

 

– Кәсіпті меңгеру ерекше ептілікті қажет ететіні белгілі. Қиындықтар да болған шығар? 

 

– Иә, небір қиын күндер өтті ғой. Тарыққан, шаршаған, мойыған кездер де болды. Бірақ кәсіп етуді бастаған адам өз жұмысына ғашық болмайынша одан ештеңе шықпайтынына көзім жетті. Мен іздендім, сананы сілкіндіретін, ойды дамытатын кітаптар мен мақалаларды көп оқыдым. Ақылы сабақтарға да қатыстым. Әбден білімімді сүзгіден өткізіп, сосын ғана осы салаға бет бұрдым. Ол кезде қалтамда ақша да көп емес еді. Бар-жоғы 250 мың теңгемен бастағанымды, мемлекеттен көмек алмағанымды естіген таныс, туыстарым әлі де сенбей, таңқалады. Бұны арманымды Алланың қабыл еткені деп есептеймін. Өйткені мен 2010-жылдан бері бес уақыт намаз оқып, жайнамаз үстінде тек жақсы ойлауды, қайырлы іс бастауды көп тіледім.

 

Пенде болған соң, әрине, көпшілікпен, халықпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Үнемі тұтынушылардың талғамына үңіліп отыру қажет. Бес саусақтың бірдей болмайтынындай, бізге әртүрлі адам келеді. Әрқайсысының тілін, көңіліндегісін табу үшін төзім, тәрбие, талғам қажет. Адамның өн бойында қалыптасқан мінезі, көргенділігі кез-келген қиындықтан алып шығатынына көзім талай жетті. Кәсібімді бастаған сәттен бастап-ақ мені қолдап, тиянақты ісімен үнемі көңілімнен шығып жүрген еңбек­қор қыздарыма да алғысым шексіз.

 

Біздегі кемшілік – тігінші қыздарымыз шашырап, әр жерде отырып жұмыс істеуде. Себебі жұмыс көп, ателье тарлық етіп тұр. Енді жаңа фабрика бой көтергенше осылай амалдап, тапсырыстарды тігуге тура  келуде.

 

Қазір «Жетісай Бану» атауымен үлкен тігін фабрикасын іске қосу үшін әрекет етіп жүрмін. Қаланың орталығынан жер алдық, үш қабатты ғимараттың негізі қаланып қойды. Биыл ашуды мақсат етіп отырмын.

 

– Ұлттық киімдерге сұраныс қаншалықты жоғары?

 

– Қазақы ұлттық киімдерге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Себебі қазіргі таңда ұлттық ою-өрнекті киімді тек сахна, қойылымдарға ғана емес, күнделікті жиын, көпшілік ортада, той-томалақта да киіетіндер көбейді. Бұл – қуанарлық жағдай. Тіпті қазірдің өзінде бізге ою-өрнекпен жиектелген көйлек, белдемше, кеудеше тіктіріп әкелсеңіздер деп тапсырыс беріп жатады. Енді бірнеше жылдан кейін қазақы нақыштағы киімдер нағыз сәнді, сұранысы жоғары киімдерге айналатынына күмәнім жоқ.

 

– Осы ретте өзіңіздің асабалық, әншілік қырларыңызды да айта кетіңізші...

 

– «Әу» демейтін қазақ жоқ. Менің де ән айтуға құмарлығым кішкентай күнімнен басталды. Үй шаруасында да, іс тігіп жүріп те ән айта беремін. Ағайындардың, жақындарымыздың қуаныштарында ән айтуымды өтінетіндердің көптігі мені ойландырды. Сосын вокал сабақтарына қатысып, қабілетімді шыңдадым. Үнемі іздену, өзімді дамыту үшін ешқашан ерінбеу – менің ұраным. Осылай тойларға шығып, ән сала бастадым. Сөйтіп жүргенде тойыма асаба болшы деген ұсыныс та түсті. Ауданда қызмет еткен бір ағамыз 50-ге келіп, мерейтойын өткізіп беруге әйел асаба іздестіріпті. Біраз адамдар мені мақтаған соң байланысқа шыққан. Алғаш­қыда не дерімді білмей, мұны да байқайын деп келістім. Қорқып, қобалжысам да той жақсы өтті. Осылай күнімен тігіннің басы-қасында, ал кеш түсісімен қыз ұзату, келін түсіру, тағы басқа тойлардың көрігін қыздырып жүрген жа­йым бар. Көлік айдауды да меңгеріп, кей кездері Шымкентке тігін материалдарын алып келуге кетіп қаламын. Сенесіз бе, ұйқысыз, демалыссыз жүрсем де ешқандай шаршамаймын. Кері­сінше, шабыттанып, кәсібімді өрістетіп, асабалықты да қатар көтеріп, продюсерлік орталық та аштым. Бүгінде орталықта бірнеше әнші қыз-жігіттер мен бишілеріміз де бар.

 

Адам өзінің жаны қалаған дүниені тауып, сонымен айналысса, жетістікке жететінін өз басымнан өткізіп, түсініп отырмын. Жоғары білімім бола тұра дизайнерлікті жүрегім қалады, әнді де, асабалықты да қалауыммен атқарып келе­мін.

 

– Ендеше жетістіктер бұдан да арта берсін дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ