Трансформер-бесік сатумен айналысады

27.02.2019
Қаралды: 456

Баланың тыныш ұйқысы мен дұрыс өсіп-жетілуі үшін бесіктен артық ештеңе жоқ. Әр қазақтың үйінен табылатын бұйым заманауи өзгерістерге ұшырағанымен әуелгі қалыптан көп айныған жоқ. Енді осы өзгеріс жөнінде сөз етсек.

 

Бүгінде озық үлгідегі бесік жасаушылар баршылық. Елімізде алғаш рет бесікке өзгеріс ендіріп, оны жинап-құрастыруға болатын етіп жасаған тараздық Пернебек Ахмет есімді азамат болатын. Сол кісінің бастамасынан кейін жиналмалы бесікке қызығушылар саны артып, жасайтын ұсталар қатары да көбейіп келеді. Ал дәл бүгін трансформер жиналмалы бесікті  сатумен қатар дәріптеп жүрген жастар да бар екен.

 

«Трансформер-бесік іздеп жүрсіз бе?», «Бізде үйге дейін жеткізу тегін», «Бесіктің он пайдасы» деген жазбалар назарымызды аударып, жарнама соңындағы нөмірді тердік. Өзін Илияс Амирзинов деп таныстырған кәсіпкер 2013-жылдан бері бесік сатумен айналысады екен.

 

«Мен ҚазМУ-дің түлегімін. Студент кезімнен бастап базардағы бесіктерді сатумен айналыстым. Үстінен көретін аз-маз ақшаға тойынып ас ішіп, жолкіре қылатынмын. Сөйтіп оқуды бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс іздедім. Мамандығыма лайық қызмет табыла қоймаған соң жеке фотосалон аштым. Бірақ қанша тырысып бақсам да бұл ісім несібелі болмай, жабылып қалды.

 

Жас, бойында күші тасыған жігіттің мұндай жағдайда тауы шағылады екен. Қиналып жүріп бір «сетевой маркетингтен» бір-ақ шықтым. Онда саудамен айналысу, жарнама жасауды үйрену секілді сабақтарға қатысып, екі жыл уақыт жүрдім. Бұл да көңілімнен шықпады. Сосын баяғы бесік сату кәсібіме қайта келдім. Содан бері осы шаруамен айналысып келемін.

 

Қасым есімді атаның жасаған бесіктерін халыққа жарнамалап, «gazag_besіk» бренд атандырып жұмыс бастағаныма бір жылдан асты. Ұзындығы 100 сантиметр, ені – 46, бала жататын бөлігінің ұзындығы 80 сантиметрді құрайтын бесікті күтіп ұстаса, 7 атаға дейін қолдануға болады. Өте төзімді, сапалы дүниені Қасым шебер ақ қайыңнан жасайды. Ағашты ою-өрнекпен ұлттық нақышта әспеттеп, ас ыдыстарын бояйтын лак жағып, 5-7 келі салмақ көлеміндегі аппақ бесік етіп шығарады.

 

Жиналмалы бұл бұйым жолға шыққанда өте ығайлы. Бір сөмкеге жинап алып, ұстап жүре бересіз. Үйде де көп орын алмайтынын айта кету керек. Сондықтан да сұранысқа ие. Тұтынушылар менің байланыс телефоныма хабарласып, тапсырыс берсе, Қазақстанның барлық аймағына тегін жеткізіп беремін.

 

Жолымды ашып, ісімді қайырлы еткен бұл кәсіпке барынша адалмын. Қолы шебер атамыздан алған жиналмалы бесікке көп те ақша қоспаймын. Қайта, керісінше, әр сатылған бұйымның 10 пайызын қайырымдылық қорларына аударып келемін. Сырқат балаларға аз да болса осылай көмек көрсетуді міндетім, адамгершілік парызым деп білемін. Келешекте өзім де қайырымдылық қор ашуды көздеп отырмын», – дейді жас кәсіпкер.

 

Трансформер бесіктің бағасы – 34 мың 900 теңге. Ал жасауын арнайы жеңілдікпен, яғни19 мың 900 теңгеге алуға болады екен. Илияс бесіктердің сапасына 100 па­йыз кепілдік береді.

 

Ол осылайша аналарды әбіржімейтін, бір қолына баласын, екінші қолына жиналған бесікті ұстап жүре беретін жағдай жасауда.

 

Илияс Амирзиновтың байланыс телефоны: 8-775-780-66-19.

Д. ТОҚБОЛАТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ