Сейіткерім Нұрановтың әндері есіңізде ме?

24.02.2019
Қаралды: 149

Қазақтың кең-байтақ даласын өзінің мәңгі өлмес сыршыл әндерімен еліткен Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткеніне де 27 жыл толып отыр. (Ол кісі 1992-жылы 29-ақпанда қайтыс болған). Дегенмен сазгердің аты халық жадында, онымен сыйлас-сырлас болған жандар бүгінде арамызда жүр. Бізге таяуда солардың бірі – қазіргі күндері Сайрам ауданындағы Сиқым (Құрлық) ауылында тұратын сазгер Сейіткерім Нұрановпен (суретте) сұхбаттас болудың орайы келген еді.

 

«Шәкеңмен сонау 1978-жылы Сүгірәлі Сапарәлиевтің үйінде таныс­қанмын, – дейді ол кісі. – Сүкеңнің үйінде сол күні ақын Исрайыл Сапарбаев та болды. Ақын Әмзе Қалмырзаұлының сөзіне жазылған «Көңілдім» деген әнім болатын, соны орындап бердім. Исрайыл Шәмші ағаға менің де ән шығаратынымды, Құрманбек Жан­дарбековтің туған жиені екенімді айтып таныстырды. Шәкең қуанып қалды. «Ә, айналайын, асылдың сынығы екен­сің, өнерің өрге бассын!» – деп батасын берді. Содан кейін де ол кісімен бірнеше мәрте бірге болдым. Ол кезде Шымкенттегі пресс-автомат зауытында темір жонушы болып істейтінмін. Ауы­сымнан қолым бос кезде аға мені Шәуілдір жаққа, сол кездің өзінде өзі Отырар деп атайтын туған еліне бір­неше мәрте ертіп барған. «Бұл елден ұлылар көп шыққан...» – деп әзіл-шыны аралас әңгімелер айтатын.  1981-жылы өзі де біздің ауылға келіп, ата-анама сәлем берді, үйде үш күн болды.

 

Шәмші аға үнемі қалжыңдап сөй­леуші еді. Бірде: «Сейіткерім, кейін сен де мені бір реті келгенде жұмсарсың, қазір сені жұмсағым келіп тұр», – деді. Ағаны қатты сыйлаймын ғой, «мені де жұмсарсың» дегеніне жаным қалмады. «О не дегеніңіз?! Сізді жұмсамаймын ғой. Айта беріңіз, не істеу керек еді?» – дедім сасқалақтап. Ол кісінің сары «Жигулиі» болатын, шаң басыңқырап қалған екен, соны жуып беруімді өтінді. Жалма-жан керек-жарақты қолға алып, іске кірісіп кеттім. Көлігін көп ұзамай-ақ тап-таза етіп қойдым, бірақ лай баттас­қан дөңгелектеріне жолағым жоқ. Бір кезде Шәкең үстіне костюмін желбегей жамылып, жанымнан өтіп бара жатыр екен: «Дос – басқа, дұшпан аяққа қа­райды» деген, шырағым, баллонға, баллонға таман жақындаңқыра», – деп қояды. Ұялып кетіп, «Жигулидің» дөң­гелектерін де жуып тастадым. Жарықтық, өте бір жақсы жан еді ғой, маған сондай азаматпен бірге жүруді жазыпты, ағамен бірге өткен күндерді әрқашан сағына еске аламын».

 

Сейіткерім Нұранов әйгілі «Қарабауыр қасқалдақ» әнінің авторы, артында жұртшылық арасына таралған көптеген әндер қалдырған тағы бір сыршыл сазгер – Лесбек Амановпен 40 жыл жақын дос болған екен. «Осыдан тура 40 жыл бұрын, 27-ақпанда танысқанбыз», – деп еске алады. (Л.Амановтың дүниеден өткеніне кешегі 12-ақпанда 2 жыл толды).

 

«Шымкент музыка училищесінде оқып жүрген достарымызға жиі баратынбыз. Бізді солар таныстырған еді, – деп сағынышпен еске алады Секең. – Содан бастап Лесбекпен үнемі бірге жүретін болдық. Осы орайда екеуміздің Ақтау қаласына барған сапарымызда туған әндер жайлы айта кеткім келіп отыр.

 

Мен әскерде әуе десантында қызмет еткенмін. «Жанып тұрған» кезіміз ғой. Ауылға оралғасын тіке Шымкентке тарттым, қаладағы пресс-автомат зауытында токарьлыққа оқып, оны бітіргесін зауытқа жұмысқа қабылдандым. Зауыттың жатақханасында тұрдым. Әпкем Қалия «112-ші орамда» тұрушы еді, үйге кел деп жиі шақырады. Сөйтсем, дос құрбысымен арада оның сіңлісін менімен таныстырып-табыстыру ойлары бар екен. Кейін ол қызбен танысып, араласып тұрдым. Мен домбырада, гитарада ойнайтынмын. Ол да өнерлі болатын. Гитара тартуды үйрет дегесін үйретіп жүргенмін. Бірақ оқуын бітірген жылы оны бір жігіт алып қашып кетті.

 

Мені ән шығаруға итермелеген осы жай шығар деп ойлаймын кейде. Алғашында «Қуанышым, көктемім» деген ән жаздым. Сөзі де өзімдікі. Кейін Әмзенің бірнеше өлеңдеріне ән шығардым, олар сол кезде жастар арасында жиі айтылатын. «Сәлем айтшы қалқатайға», «Сағыныш», «Көңілдім», «Айтылмаған сыр» деген әндер өмірге келді. Шәмші аға осы әндерді өзі таңдап алып: «Бұларды Роза Рымбаеваға бер. Мен айтты дерсің. Ол эстрада жұлдыздарының жұлдызы болады», – деді. Бір арманым – осы әндерді Роза Рымбаеваға жеткізе алмай келемін. Осы арман болып қалып отыр.

 

Мен Мұратбек Дүйсенбековтің – «Әдемі қыз», «Билеші, құдаша», Ханбибі Есенқараеваның «Жеңеше», Тұрсынай Оразбаеваның «Бойжеткен», Асқар Мамырбаевтың «Ерекше сүйкімдісің» деген өлеңдеріне ән жаздым. Бірде Мұхтар Шерім «Мерседестегі» қарындас» деген өлеңіне ән шығаруды өтінген, оған да ән жазғанмын.

 

Осыдан біраз бұрын, 2011-жылы Лесбек екеуміз Ақтауға бір жолдасымыздың шығармашылық кешіне баратын болдық. Жолға шығарда әлгі бөтен жігіт алып қашып кеткен қыздың жеңгесі жолығып қалды. Сөз арасында оның жағдайын айтып: «Сені аман-есен бе, қайда жүріп жатыр деп сұрап тұрады», – деді. Көңілім алай-дүлей болып кетті. Өзіме білінбейді ғой, содан Ақтауға барғанша қабағым ашылмай қойса керек, оны кейін Лесбек айтқанда аңғардым.

 

Ақтауға барғаннан кейін жұрт күтіп алып жатқанда бір кісі: «Мына жігіттің өңі сынық қой?..» – деп қалып еді, Лесбек: «Осы жаққа жолға шығарымызда ілгеріректе  сыйласқан қызының жеңгесі жолығып қалып, оның өзін ұмытпай жүргенін айтып еді, соның әсерінен арыла алмай жүр», – деп салды. Сол жерде ақын Ақшагүл Рамазанова бар еді, менен сол жайлы айтып беруімді сұрады. Әңгімелеп беріп едім: «Қазір... Күте тұрыңдар», – деді де, 15 минуттың шамасында сөздері жаныңды егіл­тетін өлең жазып берді. Менің ыңылдай қайталап жүрген әуеніме салып едік, екеуі үйлесе кетті. «Іздедім сені» деген, қыз сезіміне арналған ән осылай өмірге келді.

 

Бұл ән сол жердегі жұрттың бәріне ұнады. Ақшагүлдің лауазымды қызмет істейтін Өмірзақ Озғанбаев деген туған нағашысы: «Шәмшінің батасын алған бала, әрі Құрманбек Жандар­бековтің туған жиені екен. Шығармашылық кешке мұның да әнін қоссаңыздар екен», – деп әкімшілікке телефон шалды. Олар бұған бірден келісті. «Із­дедім сені» әні алғаш рет Ақтау сахнасында орындалды. Осы әнді балаларым Мәдина Сәдуақасоваға бергенімді қалайды. Бірақ оның сәті түспей жүр. Таяуда Роза Әлқожамен байланыс­қанмын, бірнеше әндерімді соған беруге ниеттеніп отырмын.

 

Жалпы, сол жолы екі күнде қатарынан «Іздедім сені», «Таңсәуле», «Тек өзіңмен» деп аталатын үш ән өмірге келді. Ел ішін аралап, жақсы әсер алып қайттық».

 

Секең осылай деп біраз сырдың тиегін ағытты. Ол кісі кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Қазақстан – Шымкент» телеарнасы арқылы өзін жұртшылыққа алғаш танытқан жазушы Мархабат Байғұт пен Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қоныс­бекті аса құрметтейді екен. «Ол кісілерге көпшілікке танытып, талпынысыма қа­нат бітіргені үшін ризамын», – дейді Секең.

 

...Сейіткерім Нұрановтың жасы қазір 65-те. Ол кісі Шымкент пресс-автомат зауытында  еңбек еткен. 1982-жылы отбасы жағдайына байланысты ауылына қоныс аударыпты. Алғашында клуб меңгерушісі, кейін мәдениет үйінің директоры болып істеген. Елді жаппай жұмыссыздық жайлаған 1990-жылдары Шымкент таксомотор паркіне жөндеуші болып жұмысқа кірген. Кейін қаладағы Халықтар достығы үйінде менеджер болып істеген, «Шымкент шоу» театрының іргесі қалануына атсалысқан екен. 2018-жылдың наурыз айында Шым­кенттегі «Махамбет» орталығында оның шығармашылық кеші өткен.

 

Міне, ауылдан шыққан қарапайым жанның өмір жолы осындай. Айтуынша, осы уақытқа дейін 60-тан аса ән шығарыпты.

 

Ол кісінің асабалық та өнері бар. Осы уақытқа дейін талай тойлардың қызықты өтуіне қызмет еткен Секеңді бүгінде түрлі мерейтой, құдалықтарды жүргізуге шақыратындар да аз емес. Бұл кісінің балалары да өнерлі. Бақ­дәулет есімді ұлы әке жолын қуған, өзінің құрған ансамблі бар, түрлі қызықшылықтарда өнер көрсетеді.

 

Сейіткерім Нұрановтың байланыс телефоны: 8-701-836-53-59.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ