Үйі өртеніп, қызы мерт болған

24.02.2019
Қаралды: 148

Бүгінде тағдыр сынына ұшырап, баспанасыз жүрген көпбалалы аналар туралы көп еститін болдық. Шиеттей бала-шағамен моншада, жертөледе, құлағалы тұр­ған ескі үйлерде өлместің қамымен тіршілік кешіп жүргендер бар. Біз сондай жандардың бірімен әңгі­мелескен едік.

 

Гүлжан Үсенова Ақтау қаласында тұрады. Осыдан тоғыз жыл бұрын, жаңа жыл қарсаңында екі қабатты үйі өртеніп, 14 жастағы қызы қаза болғанын айтады қайғы жұтқан ана. Содан бері үйсіз-күйсіз, әр жерде пәтер жалдап тұрып келеді екен.

 

«Елордада орын алған ауыр жағдайды естігенде өз қайғым тура кешегідей көз алдымнан өте берді. Ол кезде біз Орал қаласында тұратынбыз. Жолдасым вахтада еді. Мен екі қыз, ұлым және жиеніммен 2011-дің жаңа жылын қарсы алуға дайындық жасап жүргенбіз. Бұл 28-желтоқсанға қараған  түн болатын. Раушаным сол күні мектептегі жаңажылдық мерекесін атап өтіп, ертерек ұйықтаймын деді. Сөйтіп үстіңгі қабаттағы бөлмесіне барып жатып қалған. Кейін өзіміз де ұйқыға қамдандық. Біз астыңғы қабатта жатқанбыз. Түнгі бір-екі шамасында аяқасты өрт шығып, үйім отқа орана бастады. Үлкен қызым кішкентайымен үйде болатын. Екеуміз де не болғанын түсінбей қалдық. Көк түтін, ыстық ауа бет қарып, тұншықтырып  барады. Жалма-жан тұңғышым терезеден секіріп түсті. Мен әуелі 9 айлық жиенімді алып, көрпеге орап далада жылап жүрген қызыма қарай лақтырдым. Сосын он жасар ұлымды көтеріп, оны да сыртқа лақтырдым. Өз басымды ойлауға шама жоқ. Есіл-дертім – 2-қабаттағы  Раушанда. Атын атап қанша шақырсам да ешқандай дыбыс жоқ. Көтерілейін десем, ештеңе көрінбейді. Не болса да жетпей қоймаймын деп тепкішекке екі аттағанымды білемін, ары қарай аспан айналып түскендей ауып кете беріппін. Есімді жисам, Витя деген көршім төбемнен төніп тұр. Көйлекшең, жалаңаяқ, ақ қар, көк мұзда жерде жатырмын. Жан-жағым у-шу. Ұшып тұрып, жартылай жанып кеткен үйге қарай жанұшыра жүгірдім. Ішім өр­теніп, үйді айналып айғайлай бе­ріппін. «Жедел жәрдем» келгенге дейін мені бір көршіміздің үйіне көтеріп әкелді. Бұл кезде өрт сөндірушілер жұмысын аяқтаған екен. Жылап-еңіреп: «Қызымның бір саусағы болса да қалды ма, әлде күл болып жанып кетті ме? Жер қойнына күлін саламын ба енді...» – дей бердім. Содан есімнен танып қалыппын. Есімді ауруханада жинадым. Таңғы төрт болып қалыпты. «Қызыма кетем, жанында болуым керек!» – деп, қашып шыққандай болып үйге жеттім. Есіктің алдында бірнеше қабат көрпеге оралып, қызымның мәйіті жатыр. Сондағы жан азабын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көз алдымда перзентім жанып кетті ғой. Ештеңе істей алмай, қолымнан дым кел­ме­геніне өкіндім. Өлгім келді.

 

Жаназасын шығаратын үй таппай сандалғанымды айтсам ешкім сенбес. Енем мен қайынәпкем: «Біздің шаңырақтан өлік шығармайсың», – дегенде онсыз да зорға аяқ басып тұр­ған мен құлап қала жаздадым. Осыны естіп тұрған күйеуім олардың сө­зінен аса алмады. «О, тоба! Мұнша қатігез адамдардың нағыз бет-бей­несін 25 жыл бойы қалай байқамағанмын?!» – деген күйі шығып кете бардым.

 

Содан қызым оқыған №5 мектепке барып, директорына бар жағдайды көз жасымды көл етіп жайып салдым. Ол кісі Раушанның белсенді, алғыр қыз болғанын, бізге қолдау білдіретінін айтты. Осылай перзен­тімнің жаназасын өртенген үйімнен шығарып, әрбір бейсенбілігі мен қы­рық күндігін мектеп асханасында өт­кіздік. Бұған рұқсат берген облыстық, аудандық білім бөлімдеріне, білім ошағының басшысына алғысым шексіз. Қырық күндік аста қызымның ұстазы мен сыныптастары, мектеп әкімшілігі жақсы лебіздерін арнады.

 

Өзім қайғыдан қан жұтып жүргенде күйеуім басқа әйелге кетіп, одан бетер сорлатты. Жаныма жалау, көңіліме медеу бола ма деген отағасы мені үш рет сотқа да берді. Сондағысы – «үйді өзі өртеген» деген ақылға қонымсыз уәжі. Мұны заң қыз­меткерлері жақсы білген соң бірінші, екінші сотта да мені айыпсыз деп таныды. Ол сонда да қоймай, үшінші рет тағы арыз жазды. Осы күні марқұм қызым түсіме кіріп: «Анашым, мені ойлап жылай бермеңізші! Мен ең жақсы жердемін. Сіздің жан ауыртқаныңызды, әкеммен соттасқаныңызды қа­ламаймын. Қоя беріңізші оны», – деді. Көзімді аша сала қызымның әруағына: «Жыламаймын, соттаспаймын», – деп серт еттім. Өзімді қолға алып, мықты болуға, әлі ұл-қызыма керектігімді түсіндім.

 

Үйді кепілге қойып, банктен несие алған едік. Күйеуім соны төлемей қойды. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, кепілге қойылған үйімнің ақшасы жағадан алды. 12 миллионды қайдан табарымды білмей қатты састым. Пәтерден-пәтерге қаңғып жүріп, күні-түні жұмыс істедім. 44 жаста денсаулығым сыр бере бастады. Тапқанымды тек банкке құюмен болдым. Осынша қайғы мен қиындықта жанымнан бір елі ұзамаған қызым да кішкен­тайын арқалап, жұмыс істеді. Оның тапқаны тамақ пен пәтер ақысына, менің табысым несие құюға жұмсалды.

 

Осы тоғыз жылдың ішінде біреуден көмек сұрамадым. Бірақ мен марқұм қызыма берген уәдемді орындадым.

 

Қазір жасым 53-те. Ұлым 19 жас­қа толды. Оны оқытуым, үйлендіруім керек. Алла бұйыртса, бұл мақсатыма да жетермін. Бізді баспана мәсе­лесі қатты қинайды. Енді талқаным таусылғанға дейін, балам мен қызым, жиенім тұратын бір үй әперіп кетсем деймін.

 

Бүгінде әкімдік пен тұрғын үй басқармасына телміруден шаршадық.  Менің тартқан азабымды түсінген қа­йырымды жандар болса, баспаналы болуыма көмек қолын созса екен».

 

Жаны жаралы ана осылай дейді. Өзіне ғана сеніп үйренген оның дәл қазіргі уақытта ештеңеге әл-дәрмені де қалмаған. Ол кісіге шамаларыңыз келгенше қол ұшын берсеңіздер екен.

 

Гүлжан Үсенованың байланыс телефоны: 8-702-571-03-55.

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ