Президент Үкіметті отставкаға жіберді

23.02.2019
Қаралды: 528

Кешегі бейсенбіде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев арнайы мәлімдеме жасады. Онда Президент ел экономикасының дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы жөнінде айта келе орын алып отырған кемшіліктерге де тоқталып өтті. Осыған орай Үкіметті отставкаға жіберу жөнінде ұйғарғанын жеткізді.

 

«Үкімет пен Ұлттық банк ел экономикасын сапалы дамытуға серпін беретін нақты құралдарды толыққанды жасап шығара алмады, – деді Елбасы бұған байланысты. – Мем­лекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын талдау қорытындысы олар­дың орындалып жатқанын көр­сеткен, бірақ көптеген маңызды бағыттар бойынша нақты нәтижелер жоқ екенін аңғартты.

 

Атқарушы органдардың салғырт­тығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұ­мыс істей алмады, жұрттың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы кел­меді.

 

Бұл ретте мен ел Президенті әрі Конституцияның кепілі ретінде халықтың мүддесін ескере отырып, мынадай шешім қабылдадым: Үкі­мет отставкаға кетуі тиіс деп санаймын».

 

Осылай деген Президент Үкі­меттің жаңа құрамының мойнына тың міндеттер жүктелетінін, оның өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканы ынталандыру және тағы басқа да бағыттар бойынша нақты шаралар әзірлеуі тиістігін жеткізді. Өзінің «Нұр Отан» партиясы съе­зінде бірқатар шаралар ұсынатынын, жалпы шаруаларды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан қомақты қаржылар бағытталатынын айтты.

 

Осылайша Мемлекет басшысы Министрлер Кабинетін отставкаға жіберді. Премьер-министр міндетін уақытша атқару Асқар Маминге жүктелді.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ