Жабылып жүріп үй алып берді

20.02.2019
Қаралды: 155

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы қайырымды жандар игі істің ұйытқысына айналды. Ауданның және Жаңаауыл ауылдық округінің бір топ азаматтары «Баспанаға жол» қайырымдылық зекет қорын құрып, өңірдегі тұрмысы төмен, жалғызбасты көпбалалы аналардың баспанаға қол жеткізуіне мұрындық болуда. Осыдан 8 ай бұрын, яғни өткен жылғы қасиетті Ораза айында құрылған қор бүгінде 7 шаңырақты баспанамен қуантып үлгерген.

 

«Ауданымыздың бас имамы Сыздықов Бекзаттың ұйытқы болуымен және мешіт жамағаты кәсіпкерлерінің қолдауымен қор жұмыс бастады. Осының нәтижесінде біршама отбасыларға тұрақжай берілуде.

 

Жетісай қаласындағы «Өткелбай» және «Нұғман» мешіттерінің жамағаты осыдан бір жыл бұрын ойласа келе қор құруға ниет қылдық. Оған себеп, мешіттерге келіп, көмек сұрап, жағдайын айтатын әлеуметтік жағдайы нашар отбасылы жандардың бүгінгі халі еді. Содан «Баспанаға жол» деген атаумен қайырымдылық зекет қорының негізін қалауға шешім қабылдадық. Бұл Ораза айының қарсаңында еді, – дейді «Нұғман» мешітінің найб-имамы Тілеуберген Тұрсынәліұлы. – Бұл жаңалықты естіген аудан тұрғындары бастаманы құптады. Қор жетекшісі Бауыржан бауырымыз өңірдегі баспанаға зәру жандардың тізімін жасады. Осылай жұмыс басталып, Ораза айына дейін шиеттей бала-шағасымен пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жамағат ішіндегі Қуаныш пен Үбайдуллаға Жетісай қаласынан құны 3 миллион теңге тұратын баспана алып бердік. Ал Рамазан айында сауап үшін қаржылай қолдау білдірушілер қатары көбейді. Тіпті бір азамат отбасы атынан  2 миллион теңге табыстаса, көп өтпей тағы бір кісі 500 мың теңге беріп кетті. Екеуі де Алла разылығы үшін жасаған ісін жариялап, есімдерін атамауымызды өтінді.

 

Қасиетті айда ниеттенген әрбір адам мүмкіндігіне қарай 50 мың, 100-300 мыңдап әкеліп жатты. Жиналған қаржыға бас-көз болу маған жүктелген соң бұл шаруаға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Осылай барлық қаржыны есептеп, Жұлдыз, Әлия, Әбдірахман, Мәдина есімді тұрмысы төмен, көпбалалы жандарға тұрғылықты жері бойынша ескі де болса үй сатып әпердік. Тағы бір үйдің кілтін тауық қораны сырқат әйелімен паналауға мәжбүр болған Әбділбахы қарияға ұсынғанда ол кісінің қуанышы қойнына сыймады.

 

Сауапты іске Қазыбек би ауылының әкімі де атсалысып, өз атынан 30 соттық жер берген болатын. Алла қаласа, осы жылы бұл жерде үлкен құрылыс жұмыстарын бастап, үй соғуға кіріскелі отырмыз. Тағы айта кетерлігі, осы тұрғылықты үйлерді қазіргі иелерінің атына аударуда көп көмектескен нотариус Гүлнәр Басымбековаға қордың атынан алғыс біл­діргім келеді. Ол кісі барлық құжаттарды өзі реттеп, тегін заңдастырып берді. 

 

Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаң­ғырт­паған елміз. Қазіргі таңда тағы 20 адам кезекке тіркелді. Қордың 11 мүшесі бұл тіркелген азаматтардың жағдайын тексеріп, саралайды. Тиісті талаптарға сәйкес келсе келешекте баспана алуына әбден болады».

 

Елімізде осындай жомарт жандар мұқтаждарға қол ұшын берсе, баспанаға зәрулер саны азайып, тіпті үйсіз жүрген қазақты көрмейтін де болармыз.

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ