Түркияға келін болған Анардың айтқандары

20.02.2019
Қаралды: 735

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Әйгерім туралы жазғанбыз. Енді біз Түркия елінде өмір сүріп, сол елдің азаматтығын алған қазақ қызы жөнінде жазуды жөн көріп отырмыз.

 

Анар Жұбанғалиева Стамбұлға  бұрынғы әріптесі, түрік ұлтының азаматымен қыдырып барып, келін болып қалып қойған екен. Анар Маратқызы (қазіргі аты-жөні Нүргүнеш Сузук) бізбен сұхбаттасуға келісті.

 

– Анар әпке, өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қайда туып-өстіңіз?

 

– Мен 1981-жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында туып-өскенмін. Жоғары оқу орнын бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша бітірген соң осы салада жұмыс істедім.

 

– Сіздің түрік азаматының етегінен ұстауыңызға ата-анаңыз қарсы болмады ма? Жалпы, жолдасыңызды қайдан танисыз?

 

– Жолдасым Хакан Сузукпен әріптес болдық. «Алсим Аларко» деп аталатын «Атырау – Ақтау» автожол салу компаниясында ол түрік есебін, мен Қазақстан есебін жүргізетінбіз.

 

Жұмысқа орналасқан соң анам теңіңді тапсаң, құтты орныңа қондырайық деп айта бастады. Ыңғайы келмеді ме, әйтеуір сол кезде сөз салып, жүрегін ұсын­ған ешкім жоқ еді. Жасым 23-ке келгенде Хакан аяқасты ұсыныс жасады. Бұл жағдайды анама айқанымда ол кісі бірден қарсы болып, енді бұл әңгімені қайта естігісі келмейтінін жеткізді. Балалығым шығар, мүмкін сериалдағы түрік­тердің әйел, балаларына жақсы қарайтыны санама сіңіп қалды ма, осы «мифтен» арылмай, түрлі ойда жүрдім. Осылай кезекті еңбек демалысымды алған кезімде жігітім өз еліне қонаққа шақырды. Бұл елді көруге деген қызығушылығым жеңіп, үйдегілерге Ақтаудағы туыстарға барамын деп кеттім. Бірақ жанымдай жақсы көретін нағашы апама Түр­кияға қыдырып қайтатынымды ескерткен болатынмын. Содан осында қыдырып келіп, келін болып қалып қойдым.

 

Ата-анам ренжіп, ашуланғаны рас. Бірақ уақыт өте келе менің таңдауымды қабылдап, баталарын берді. Оның үстіне жолдасымды таныған соң әуелгі ойларынан айныды ғой.  Содан бері 11 жыл өтті. Қазір 2 жасар ұлым бар.

 

Алғашқыда өзге ел, бөтен отбасы, жат әдет-ғұрыпқа үйренісе алмадым. Ата-енемнің жылы қарсы алып, ерінбей, тәптіштеп үйретуінің арқасында сіңісіп кеттім. Күйеуімнің  ағасы да отбасылы. Біз Стамбұлдағы Эсэнйурт ауданында тұрамыз. Хакан «Йылмаз Редуктор» деп аталатын үлкен компанияда есепшілік қызмет атқарып жүр. Мен де осында жұмыс істедім. Қазір үйде бала тәрбиесімен отырмын.

 

– Түркияның азаматтығын қашан алдыңыз? Оны алу оңай ма екен?

 

– 9 жыл күткен азаматтықты мен осыдан екі жыл бұрын ғана алдым. Ол кезде жаңа босанған едім. Ұлым кішкене өссін деп жүргенде 1,5 ай кешігіп қалдым. Содан әкімшілік сот өтіп, түсінік жазып жүріп бұл мәселе шешілді.

 

Ал тоғыз жыл бойы рұқсат құжатпен тұрып келдім. Оны тұрмысқа шыққан соң осындағы елшілік тек бір жылға берген. Осы құжатты екінші жылы алуға барғанда өзіңіз қалаған уақытқа дейін жаздырып ала бересіз. Біз де солай еттік.

 

Жұмысқа орналасу үшін «Чалышма ізні» дейтін бір жапырақ қағаз алу керек. Бірақ оны өзіңіз алып әуре болудың керегі жоқ. Сізге бұл құжатты жұмыс орныңыз әпереді.

 

– Сонда мұнда жұмыс істеуге барлық елдің азаматы келе бере ме? Ешқандай қысым болмай ма?

 

– Негізі өзге елдің адамы ешкімге де ұнай бермейді ғой. Сол секілді мұнда да сөйтеді. Екі қолға бір күрек іздеп келетіндердің арасында түркімен, қыр­ғыз, қазақ, өзбектерге мұнда 3-ші сорт  сияқты қарайды. Ал орыстарға аздап оң көзқараста болғанымен орыс қыздарын мүлде жақтырмайды. Оларды жеңіл жүрісті ретінде көріп, лажы болса елден шығарып жіберуге тырысады. Мұны біліп алған орыс қыздары қулыққа көшіп, өздерін Қазақстаннан не Өзбекстаннан келдік деп айтатын болыпты. Сондағысы, мұсылман елінен келгенімізді білсе, тыйым мен тәрбие көрді деп қабылдасын дегендік секілді. Ал, жалпы, мұнда да тамыр-таныс, ақшаң мен ағылшыншаң болмаса жұмыс табу өте қиын.

 

Осы ретте айтқым келетіні, Сирияда соғыс басталғалы түрік үкіметі Сирия азаматтарына жанашырлықпен қарады. Оларға көп көмек көрсетіп, қолдау білдіруде. Қазір Түркияда сириялықтар жетерлік. Десе де соңғы кездері түрік азаматтары (түрік үкіметі емес) бұларды қудалауды бастады. Үгіт-насихат жасалғалы сириялық ер-азаматтар отбасын осында қалдырып, өздері Америка, Еуропа мемлекеттеріне жұмысқа кетуде.

 

– Сонда халық қандай да бір қақтығыс немесе қауіптен сескене ме? Әлде бұл сондай келеңсіздіктің алдын алайық дегені ме?

 

– Ол енді үлкен саяси мәселе ғой. 2015-жылдан бері Сирия шекарасындағы Фырат өзенінің жағалауында лаңкестермен қақтығыс болып жатыр. Соның салқыны сезілуде. Қазіргі таңда инфляция жоғарылап, жағдай едәуір қиындады. Бірнеше жылдан бері жалақы өспей, тұрғындар мұны жақсылыққа жорымай отыр. Бірақ ел басшысы Режеп Ердоған мәселені шешуге барын салуда.

 

– Ендігі сауалдың ауанын бұл елдегі сізді таңқалдырған дүниелерге бұрсақ...

 

– Мені қайран қалдырған – бұл мемлекеттің тарихы және тарихи жерлері, көне кітаптары. Мұндағы әрбір түрік азаматы ел тарихын өте жақсы біледі. Көне кітаптарды көздің қарашығындай сақтап, күтеді. Онысын қайынатам жиырма жылдан бері еңбек ететін кітапханаға бар­ғанда көрдім. Біздің ауданның тұрғындары, біздер  анда-санда сенбі күні осында келіп, жаңа келген кітапты тал­қылап, тарихи оқиғаларды бала-шағамызбен сөз етеміз. Шай ішіп, еркін тақырыптарда әңгімелер өрбітіп, бой жазып қайтатын болғандықтан балалар мұнда тым үйір. Сосын адамдары өте іскер. Мұнда ауыл шаруашылығына айрықша мән беріледі. Үкімет егін егіп, жер жыртқан шаруаларды барынша қолдап, мол мүмкіндік жасап отырады. Тіпті бұл елде арнайы тұқым банктері де бар.

 

Тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғаны маған ерекше әсер берді. Үйлерінен шағын фабрика ашып, тігін тігеді, тосап қайнатады, ірімшік пен сары май, «юфка» дейтін жайма, вермишель де жасай береді. Маңдай термен жасаған соң оны көтерме бағада алатын сау­да орындарына жөнелтеді. Осылардың арасында экспортқа шығаратындары да бар. Бір сөзбен айтқанда, тыным таппайды. Қарап отыру, алақан жайып, тілену деген бұл елде атымен жоқ.

 

Түркияның тоқыма фабрикаларында мақтадан бастап киімге дейін өңделіп, экспортқа шығарылады. Кейде мен Қазақстанда да осылай экспорт дамыса деп армандаймын. Қазақстаным импорт­қа көп әуес болмаса екен деймін.

 

– Мәселен, сіз Қазақстанда тұрған болсаңыз, не жасар едіңіз? Сіздіңше, біздің ел нені экспорттаса ұтады?

 

– Меніңше, Қазақстан астық өсіруді, диқаншылықты мейлінше қорғауы және қолдауы тиіс. Қазақ елінде егіншілікті кәсіп еткен кәсіпкерлерді шет елдегі көрмелерге апарып, астығымыздан көрме жасап, танытса, ұтары көп деп білемін.

 

– Түріктердің салт-дәстүрінде біздікіне ұқсастық бар ма? Отбасыңызда қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп тұрасыз ба?

 

– Иә, аздап ұқсастық бар. Бұл ел де қонақ шақырып, той жасағанды жақсы көреді. Бірақ аста-төк дастархан жайып, жарысып той өткізуді артық шығын деп есептейді. Мәселен, той жасайтын шаңырақ орта жағдайлы болса тойана ретінде бір торт пен бір шырынды қолтықтап апарады. Дәулеті артықтау кісі той өткізсе, әлгі торт пен шырынның қасына тағы тәттілер қосып береді. Ал мейрамхана, фабрикасы бар қалталы адам той жасаса, оған қомақты қаржы ұстатуға тырысады. 

 

Қазақтың тағамдарын таныстырып, бір рет ет асып, бауырсақ пен манты пісіргенмін. Сонда жолдасым: «Бауырсағың мен мантыны жасай бер. Бірақ ет аспашы, шығын ғой», – дегені бар. Соған қарамай, кейде өзім сағынғанда азырақ ет салып, жеп аламыз.

 

– Тіл үйренуде қалай болды?

 

– Күнделікті сөйлесіп жүрген жандар болған соң, араласқан соң үйреніп кетеді екенсің. Түсініспей бара жатқанда жолдасым орысша айтады. Сондай түсіндіру кезінде бір жолы Хакан: «Осы қазақтар өзара неге орысша сөйлеседі? Біз үйімізде ағылшын тілінде немесе орысша бір ауыз сөз айтпаймыз ғой», – дегені бар. Сондайда қанша қысылып ұрсам да: «Бізде орыс тілін білмеу ұят саналады», – деп құтылғаным бар.

 

– Білім және медицина салаларында өзгешелік бар ма? Мұнда мұғалімнің қадірі қай дәрежеде?

 

– Білім алу көптеген елдегідей мем­лекеттік оқу орындарында ғана. Біздің ауданда бірнеше мектеп болса да өткен жылы 1-сынып табалдырығын 100-ге жуық балақай аттапты. Оны жолдасымның нағашысынан естідім. Ол кісінің баласы оқитын мектепте мұғалімдері көп ауысады екен. Тіпті мұғалімдері сырқаттанып қалса, ескертпей үйінде жата беретін көрінеді. Орнына ауысып сабақ беретін, оқушыларға қарайтын адам іздеп әуре де болмайды. Балалар бос жүріп, сабақ өтпей қалатын жағдайлар жиі болады екен. Оған себеп – жалақының аздығы. Ұстаз еңбегі бағаланбаған соң осылай етеді-ау.

 

Медицина саласына келер болсақ, бәрі ақылы. Тек мемлекеттік медицина сәл арзанырақ. Жұмысы мен қызметі бар адамда әлеуметтік сақтандыру жүйесі жүреді. Осы арқылы тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі қарастырылған.

 

Ал тегін курстар Түркияда  өте көп. Есепшілік курстан бастап, бухгалтерлікті үйрену, веб-дизайн, фотошоп, конди­терлік, тігіншілік, араб тілі курстары бар. Осы ақысыз курстардың жартысынан көбін меңгеріп алғаныма қазір қуанамын. Себебі үйде баламен отырсам да тәттілер пісіріп, киімдер тігіп «Инстаграмдағы» парақшам арқылы сатып келемін.

 

Ас-ауқат әзірлеуге үйреткен анам мен алтын апама, іс тігуге қызығушылығымды оятқан көрші Жаңылсын апайға мың тағзым етемін.

 

– Стамбұлда қазақ отбасылар көп пе? Олармен араласып тұрасыз ба?

 

– Түркияда бұрыннан тұратын таныс апайым бар. Сол кісі бұл елде 80 миллион түрік тұрады дегенде аузым ашылған. Апай маған көп дүниені үйретті. Оған да алғысым шексіз. Жуырда біздің ауданда тағы екі қазақтың қызы түрік отбасының келіні атанды.

 

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ