Бірнеше қыран құсы бар жігіт

19.02.2019
Қаралды: 255

Алматы облысындағы Қаскелең мен Шамалғанның арасында Ұлан деген ауыл бар. Руслан Абыл – осы аймақтың тұрғыны. Ол ес білгелі құсбегілікті жанына серік етіп келеді. Өзі Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» факультетін тәмамдаған.

 

Бүгінде Русланның бірнеше бүркіті бар. Бірі 10 жастан енді асқан болса, ең жасы 4-те. Жыртқыштарымен көбіне шіл, кекілік, қырғауыл, үйрек аулайды екен. Олар табылмаған жағдайда қарға, сауысқан, кептерге салатын көрінеді. Құстарының ішінде ең сүйіктілері де бар. Солардың бірі – Сұңқаршын атты ителгісі мен Қаған атты бүркіті екен.

 

– Құс та сүйген қызың секілді. Жігіт қыздың жүрегін қалай жауласа, құсбегі де құстың жүрегін солай жаулауы тиіс. Қыз да, құс та алғашында жігіттен қорқады, сенбейді. Қызға сыйлық беру керек болса, құсқа ет беріп, сеніміне кіру керек, – дейді Руслан. Ол құсбегіліктің үлкен философия екенін айтады. Мәселен, құсты аңға алып шығатын уақыт оның биоырғағына байланысты белгіленеді екен. Кей құстардың тәбеті таңертеңгі уақытта, енді бірінікі кешке қарай ашылады. Сонымен қатар, егер қыран құстың зат алмасуы жылдам жұмыс істейтін болса, онда ол құс үнемі ашығып, қомағайланып тұрады екен.

 

Русланның айтуынша, құстардың да табиғаты әртүрлі болады. Бірі қомағай, келесісі пысық болса, психологиясына қарай флегматиктері мен холериктері де жоқ емес көрінеді.

 

– Бұл өнерге бала кезімнен қызықтым. Құсбегілерді теледидардан көріп, одан сайын құмарта бастадым. Түрлі жан-жануарларды асырайтынмын. Сөйтіп, аспанды айнала ұшып жүрген басқа да қанаттыларды ұстасам деп армандайтынмын.  Ол кезде қырғи, жамансары деген құстардың ұясы ауыл маңында көп болатын. Оларды барып, ұясынан ала беретінбіз. Кітаптардан қарап жүріп, түрлерін ажыратып алатынмын. Кейін келе бұл туралы ғаламтордан да біраз ақпараттар оқып-білдім, – дейді ол сөз арасында.  

 

Әңгіме барысында аңшыдан құсты баптау әдісін де сұрап-білдік.

 

– Басында жыртқышқа мең-зең болып қалу үшін ұйқы бермеуге де болады. Қазақта мұны «ұйқысын алу» деп айтады. Бұл біразға дейін бүркіттің бойындағы қорқу сезімін жоюға көмектеседі. Ары қарай ақырындап қолға шақырып үйрету басталады. Содан соң «далбайға салу» деген бар. Далбай дегеніміз – құсты аңға түсуге баулу үшін қолданылатын аңның жасанды бейнесі. Оны кейде «шырға» деп те атайды.

 

Қолға үйренгенше шыжым бау деп аталатын арқанға байлайды. Шыжым бау – құстың қашып кетпеуі үшін жасалатын зат. Әбден сенімге кіргеннен кейін шыжымнан босатылады. Қазір заманауи технологиялар дамығандықтан құсты бос жіберуге қорықпауға да болады. Өз басым оларды көп пайдаланамын. Соның ішінде радиопилингация, JPS жүйелері, дрондар да бар.

 

Содан соң тірілету басталады. Ол – тірі аңды байлап қойып, алдырту. Сол уақытта құстың күйі жақсы болса, онда аңға шыға беруге болады, – деп түсіндіреді құсбегі.

 

Сонымен қатар, ол қыран құстардың активті және пассивті деп екіге бөлі­нетіндігін айтты. Соның ішіндегі актив­тілерінің ішегі қысқа болғандықтан етті ғана қорыта алады, еттен басқа ештеңе жей алмайды екен. Сондықтан Руслан да күнде ұшып, физикалық салмақ түсетіндіктен оларға калориясы жоғары қорек ретінде көгершіннің, кептердің етін береді. Яғни табиғатта нені жейді, соны беруге тырысатын көрінеді. Оны біраз уақыт суық жерге қойып залалсыздандырған соң ішек-қарнын, басын, жемсауын алып тастап же­гізеді. Кептерлерді кейде сатып, кейде атып алатын көрінеді.

 

Русланның айтуынша, құсбегілікте «аң­шылық маусым» деген түсінік жоқ. Құс­бегілер үшін аңшылыққа ерте жаздан бас­тап, келер көктемге дейін шыға беруге болады екен. Сондықтан мемлекетке «құс­бегілер үшін аңшылық маусымның мерзімі шектелмесін» деп ұсыныс жасау керектігін де қоса айтады.

 

– Дегенмен бұрынғы кезде ата-бабаларымыз жазғы уақытта қырандарды тү­лекке отырғызған ғой. Яғни бүркітті үш ай бойы аңға жібермей, тек қоректендіріп отырған. Есесіне қауырсындары жаңарып, күзгі аң аулау уақытына дайын болып шыққан, – дейді ол.

 

Расында да құсбегілік – ата-бабаларымыздан келе жатқан көне өнер. Уақыт өте келе бұл кәсіп ұмытылып кетпесе болғаны деген қорқыныш та жоқ емес. Себебі бұған келгенде насихат жағы әлсіздеу. Деген­мен Руслан секілді бүркітті баласындай көретін аңшыларымыз мұны бүгінге де­йін дәріптеп келе жатқаны шын қуантады.     

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ