Сіз домбыра тарта аласыз ба?

19.02.2019
Қаралды: 424

«Әр қазақ домбыра тарта алуға тиіс» деген ұранмен жуырда ғана Шымкент қаласында домбыра курсы ашылды. Ұлттық аспапта ойнауды кез келген жастағы ниет білдірген қатысушы үйрене алады екен. Яғни жас мөлшеріне шектеу жоқ.

 

Бұл курсты Битөре есімді музыка маманы ашып, дәріс беруді бастап кетті. Қазақтың қасиетті аспабында ойнауды үйренемін деушілер қаланың Байтұрсынов көшесінде орналасқан «Оңтүстік полиграфия» ғимаратының 4-қабаты, 408 кабинетіне барса, жетіп жатыр. Немесе осы курстың «Инстаграмдағы» «gazag_dombyra» деп аталатын парақшасына тіркелсе, мамандар үйге келіп, сабақ өтеді.

 

Айта кетейік, қызмет ақылы түрде өтеді. Егер қатысушы домбыра сабақтарына келсе, айына 9500 теңге төлейді. Ал үйге шақыратын болса, сәл қымбатырақ екен. Ол үшін 12 мың 500 теңге төлеу керек. Сонда аптасына екі рет, ешқайда шықпай-ақ үйренуге де болады.

 

«Біз әрбір қатысушымен жеке жұмыс істейміз. Бір сабақтың ұзақтығы – академиялық сағат, яғни 45 минут. Музыкалық қабілеті мүлде жоқ жандарға жаңа тә­сілдер арқылы оңай әрі тез үйретуге қа­білет-қарымымыз әбден жетеді.

 

Қазіргі таңда курста өзімнен басқа музыка пәнінен ұзақ жылдар қаладағы бірнеше мектептерде сабақ берген, тәжірибесі мол ұстаз жұмыс істейді. Ол кісі кіші топқа, мен ересек топқа домбыра үйретеміз. Бар-жоғы 2 айда сандық жүйе арқылы кемі 4-5 ән немесе күй үйреніп шығуға толық негіз бар. Мәселен, небәрі 10 жастағы Елырыс есімді жас қатысушымыз екі айға жетпей «Кеңес», «Келіншек», «Балбырауын», «Ата тол­ғауы», «Көрұғлы», «Ерке сылқым» күйлерін үйреніп алды. Мінеки, нәтижеге бағыттал­ған біздің жұмыстың бұл бір ғана мысалы.

 

Ашылғанымызға көп бола қоймаса да ниет білдіріп жатқандар баршылық. Әсі­ресе үйіне шақырып, дәріс алғысы ке­летіндердің қатары күннен-күнге артып келеді. Өзімізден үйренгісі келетіндер үшін біздің жалға алып отырған бөлмелер тарлық қылуда. Енді алдағы жаз мезгілінде тағы бөлмелер қосып, үлкейтуді жоспарлаудамыз.

 

Жалпы, бізде арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Курсқа алғаш болып жазылған 5 қатысушы осы жеңілдікті пайдалана алады.

 

Қазір кәсіптің түрі көп қой. Менің музыка саласының маманы ретіндегі басты мақсатым – әр қазаққа домбыраны насихаттау мен үйрету. Сондықтан осы бағытта жұмыс бастап отырмын», – дейді Битөре Таубай.

 

Тағы айта кетерлігі, қолыңызда домбыра болмаса бұл кісілер сапалы және арзан бағалы аспапты  сатып алуға кө­мектеседі. Тіпті жалға алуға да мүмкіндік қарастырып қойған. Қысқасы, ұлттық аспапта ойнауды меңгергіңіз келсе, сізге осындай мүмкіндіктер туып тұр.

Д. ҚАЛЕН.

Битөре Таубайдың байланыс телефоны: 8-707-180-12-12.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ