Әткеншектен электр қуатын алуды ойлап тапқан оқушы

19.02.2019
Қаралды: 457

Әдетте көпқабатты үйлердің ауласындағы балалар алаң­қайы тек бүлдіршіндердің ойыны үшін жасақталады. Дегенмен оны қосымша энергия көзіне айналдыруға да болады екен. Бұл идеяны Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Ерлан Тұралы ұсынып отыр. Ол идеясын «Natural Energy Park» («Ұлттық энергетика саябағы») деген атаумен жобаға айналдырып, оның макетін де жасап қойған.

 

«Балалар алаңқайында бірнеше әткеншектер болады, – дейді Ерлан. – Сол әткеншектер тербелгенде физика заңдылығы бойынша механикалық энергия пайда болады. Әрбір әткеншектің астына орналас­тырылған қозғалтқыш арқылы сол энергия электр қуатына айналып отырады».

 

Ол аталған алаңшаларға жел генераторларын орналастырыпты. Желдің әсерінен айналып тұратын қалақшалары арқылы тағы да электр энергиясын өндіруге, сонымен қатар балалар ойнайтын үйшік­тің шатырына күн батареяларын қойып, панельге түскен күн сәулесі арқылы да электр қуатын алуға болады екен.

 

Оған қоса алаңшаға күні бойы өндірілген электр энергиясын жинап отыратын аккумулятор орнатылады. Күн батқан сәттен бастап осы аккумулятордан алынған электр энергиясы тек балалар алаңшасын ғана емес, көшелерді де жарықтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жел мен күннен алынған және әткеншектің тербелісінен пайда болған энергияны пайдаға асыруға әбден болады. Мұның бәрі балалар үшін  ойын барысында қауіпсіз болатындай етіп жасақталады. Макетте барлық процесс электр шамын сөндіріп-жандыру арқылы көр­сетілген.

 

«Аталмыш жоба қосымша энергия көзін көбейтуге, осы бағытты дамытуға негізделіп жасалып отыр. Мұны бастан-аяқ ойластыруым үшін жарты жылға жуық уақыт керек болды», – дейді Ерлан. Оған тағы да өзіміз білгіміз келген бірнеше са­уалдар қоюды жөн көрдік.

 

– Физикаға деген қызығушы­лығың қай кезден басталып еді?

– Маған бала кезден-ақ көше­дегі, үйдегі шамдардың қалай жанып-өшетіні қызық болатын. 7-сыныпта физика пәнін оқыта бастады. Сол кезде ұстазым әрі қазіргі жо­бамның жетекшісі Лиза Бей­сенқы­зы сабақ барысында осының бәрін айтқан еді. Ол кісінің қызықты түсіндіргені сондай, физикаға де­ген әуестігім одан әрі арта түсті. Сөй­тіп электр энергиясын тағы да қан­дай жолмен алуға болатынын зерт­тей бастадым. Біраз ізденістің ар­қасында осы жобам дүниеге келді.

 

Мұнымен мен бірнеше конкурстарға бардым. Мектептен бірінші орын алған соң Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының арасындағы жарысқа қатыстым. Ол жақтан техника саласындағы 17 жобаның ішінен менікі екінші орын­ға ілікті. Сондай-ақ былтырғы желтоқсан айында Ақтауда өткен Жастар форумына да  қатыстым. Сол кезде «Natural Energy Park» көп адамды қызықтырды. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов та жобаның стартапқа дайын екендігін айтып, мақтау білдірді. Сонымен қатар 13 – 16-ақпан аралығында Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының ақтық кезеңіне де барып келдім.

 

Алдағы уақытта осыны ары қарай дамытып, пьезоэлементтер қоссам деймін. Пьезоэлемент – пластина сияқты электродтары бар белгілі бір геометриялық пішіндегі бөлшек, тоқ өткізгіш зат.

 

Жалпы, өзімді жоба дайындағанда оның теориялық тұсынан гөрі тәжірибелік жағы қатты қызықтырады.

 

– Болашақтағы арман-мақсатың да осы саламен байланыс­ты болар?

– Қазіргі таңдағы ең бірінші мақсатым – мектепті жақсы үлгеріммен аяқтау. Одан соң жоғары деңгейлі білім беретін оқу орнына түссем деймін. Әлі мамандық түрін нақты белгілеп үлгерген жоқпын. Бірақ техника мен архитектура саласының бірін таңдайтын боламын.

 

– Ал қанша уақытыңды ғаламторда өткізесің? Компьютер ойындарын ұнатасың ба?

– Ғаламторды мен техника сала­сына қатысты тың идеялар алу үшін ғана қолданамын. Ал компьютер ойындарымен кішірек кезімде ойнадым. Қазір ол мені қызықтырмайды, себебі өзім үшін одан да жаңа, қы­зықты дүниелерді табудамын.

 

...Сөз арасында Ерлан соғыс туралы фильмдерді көргенді және тарихи, ғылыми фантастика жанрындағы кітаптарды оқығанды ұнататынын айтты. Бос уақытында бассейн­ге және жаттығу залына баратын үлгілі оқушы ағылшын тілін де жақсы меңгерген. Енді неміс тілін үйренуге ын­та қойып отыр.

 

Оның жетістіктеріне біз де қуанамыз. Өйткені еліміздің ертеңі де осы Ерлан секілді жас буынның қолында емес пе?      

М. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ