АХАТ қызметкері қате жазады, ал қара халық бұл үшін ақша төлеуге мәжбүр

19.02.2019
Қаралды: 500

Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Бекенова қалалық АХАТ бө­лімі қыз­меткер­лерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оған себеп – баласының туу туралы куәлігінде кеткен әріп қателігі.

 

А.Бекенова 2018-жылдың қыркүйек айында ұлының тегі өзгертілгеніне байланысты оның туу туралы куәлігін қайта алған екен. Сол кезде ондағы жіберілген қателікті байқаған әкесі мұны АХАТ бөлімінің қызметкерлеріне  көрсетіпті. Ондағылар болса, бұл алдыңғы туу туралы куәлікке қарап толтырылды деген желеумен құжаттың жарамды екендігін айтады. Ал бала мектепке барған кезде ондағылар құжаттың жарамсыз саналатындығын айтыпты. Енді туу туралы куәлікті үшінші рет алу мақсатында анасы Айсұлу сондағы жіберілген грамматикалық қателік үшін біраз уақыт сандалғанын, онымен қоса кассаға 2500 теңге төлегенін айтып күйінуде.

 

«Осыған дейін балама «Бекенов» деп өзімнің тегім берілгендіктен, құжатта солай жазылған болатын, – дейді ол. – Бірнеше жыл өткен соң туған әкесі балаға өзінің атын беруді ұйғарды да, баланың тегін өзгертпек болдық. Ұлымның бұрынғы туу туралы куәлігіндегі аты-жөні «Бекенов Аян Хамитұлы» болса, енді «Бекенов» тегін алып тастап, тек «Аян Хамидұлы» болуы керек еді. Сол мақсатта туу туралы куәлігін тағы да алдық.

 

Жаңа куәлікті алып қарасақ, онда «Д»-ның орнына «Т» қойып, «Хамитұлы» деп жіберіпті. Шындығында әкесінің аты құжат бойынша – Хамид. Туу туралы куәліктегі «әкесі» деген жерде әкесінің аты «Хамид» деп дұрыс көрсетілген де, баланың аты-жөні көрсетілетін жерде «Хамитұлы» болып кетеді. Олар «Хамитұлыны» баланың бұрынғы туу туралы куәлігінен көшіре салған көрінеді.

 

Ал бұрынғысында «Бекенов Аян Хамитұлы» деп көрсетілгені рас. Енді бұрынғысында солай екен деп көшіре бермей, әкесі деп танылып отырған адамның жеке куәлігіндегі аты-жөніне неге қарамайды бұлар?! Адамның өмірінен ақпар беретін құжат жасап жатыр емес пе?»

 

Тиісті қағаздарды бастан-аяқ жинақтап болғанша Айсұлудың күні бойы сенделуіне тура келіпті. Сонымен қатар, «Эльмирадағы» алғашқы «Э» әрпінің орнына «Е» жазылып кеткені, басқа да есімдердегі «Қ» әрпінің орнына «Х»-ның қойылғаны секілді түрлі қателіктері бар қаншама халықтың сол жерде сабылып жүргенін айтады. Бірі әкесінің аты, бірі өз есімі қате жазылған құжаттарын ауыстыру үшін барғандар жеткілікті көрінеді.

 

«Таңнан кешке дейін сандалып, керекті қағаздарды жинақтадым, онымен қоса өздері жіберіп отырған грамматикалық қателікті түзету үшін кассаға 2500 теңге тағы бердім. Мен секілді жүргендердің барлығы да осы соманы төлеуде. Адамдар не үшін төлеп жатқанын өздері де білмейді, әйтеуір төлеу керек болған соң төлеп жатыр. Негізі мұның бәрі тегін болуы тиіс емес пе?

 

Сонда ақшасы жоқтар қате жазылған құжатпен жүре бермек пе? Айналада 2500 теңге таба алмайтын да адамдар бар ғой. Біреудің жіберген қатесі үшін неге қарапайым халық ақы төлеуі керек?  Мемлекет қазынасына түсетін ақша болса, «мынадай нәрсе үшін мынадай ақы төленеді» деп неге жазып қоймайды?  

 

Аттап басқаның – ақша. Сол жерде ксерокөшірме жасайтындар да отыр. Әрине, олар да тегін қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Автотұрағы тағы ақылы. Қарап тұрсаңыз, қарапайым халықты тонау ғой бұл. Бергісі – өз ісіне салғырттық, арғысы – жоқ жерден ақша жасау емей немене?!» – деп ашынады Айсұлу.

 

Осының бәріне көңілі толмаған ол сол жердің басшылығына кіріп, бұл туралы айтқан екен. Айсұлудың: «Мұның бәріне кім жауап береді? Мөр басылып, қол қойылған кезде де құжатқа ешкім қарамай ма?» – деп тікесінен қойған сұрағына олар да нақты ештеңе дей қоймаған көрінеді. Тек «Құжат алып жатқан жалғыз сіз ғана емес, күніне мың сан адам келеді. Бірен-саранында осындай қателіктер кетіп жатады», – деген сөзді ғана естігенін айтады.

 

Шынында да, бұған кім жауапты? Көкейімізде: «Мың сан адамның сенделгеніне қарағанда, расында да қадағалаушының болмағаны ма?» деген сауал тұр.

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ