«Табысты жұмыс қаласаң, көп ұзамай хабарлас!»

18.02.2019
Қаралды: 285

Кешегі аптада Шымкенттің Елшібек батыр көшесіндегі аялдамада автобус күтіп тұрып бір азаматпен әңгімелесіп қалған едік. Сырт қарағанда жасы 50-дің төңірегіндегі, шаршаңқы жүзді азамат аялдамаға жапсырылған жарнамадан телефон нөмірін жазып алып жатыр екен. «Өлтіріп жіберген, ә?!» – деген соң ондағы жазуға назар аудардық. Былай деп жазылыпты:

 

«Табысты жұмыс қаласаң,

Көп ойланбай, хабарлас!

Басшыдан қысым көп көрсең,

Көп қиналмай, хабарлас!

Шетелге шығам деп келсең,

Мақсатқа жетем деп сенсең,

Уақыт созбай, хабарлас!»

 

Жалпақ тілмен айтқанда, жарнаманы расында да «өлтіріп» жіберіпті. Екпіндеп тұр. Жұмыс іздеп сабылып жүргендерді елеңдететін, кеудесіне үміт ұялататын жарнама.

 

Біз сұрағасын атын Самат деп таныстырған жігіт әлгі жарнамада көрсетілген нөмірге телефон шалуға кірісті. Өзіміз күткен №84 бағыттағы автобус келе қоймағасын оның сөздеріне құлақ түрдік.

 

«Қандай жұмыс дейсіз?.. Сразу айта салсаңызшы... Бірақ босқа сандалып қалмаймын ба?.. Жолкіреге де ақшам аз еді... Қандай жұмыс екенін айта салыңызшы... Офисте отыратын?.. Не істейді сонда?..» – дегендері естіліп жатты. Сосын: «Телефонда ылғи жас қыздар отырады. Айтатын сөздері де – осы: «Офиске келіңіз. Бастықпен собеседованиеден өтесіз. Сағат қаншада келесіз, жазып қояйын» дейді. Осындай жұмыс­қа шақырғандардың талайына барып көргенмін, түкке тұрғысыз бірдеңелерді ұсынады. Мұны да көрейін. Бірақ, әй, қайдам...» – дей берген жігіт осы кезде келе қалған №43 автобусқа ұмтыла мініп, ұзай берді.

 

Ол кеткен соң аялдамадағы жарнамаларға көз жүгірттік. «Белсенді қазақтарға ЖҰМЫС!» деген жарнамаға бірден көзіміз түсті. «Армандарыңды жүзеге асыр!» деп тұрған жарнамада айлық жалақы «120 мың теңгеге дейін» екені көрсетіліпті. Мұнда берілген телефон нөмірінің «өлеңдетіп» тұрған жарнамадағымен бірдей екенін аңғардық.

 

Яғни бұл екі жарнама да бір жерден шығып тұр деген сөз. Табысты жұмыс іздегендерге 120 мың теңгеге дейін жалақы уәде етіледі.

 

Біз осындай жерге «собеседованиеден» өтуге кеткен Саматқа іштей тілектес болып қала бердік. Бү­гінгідей заманда ер-азаматтың, әсіресе жасы 45-50-ден асқан жандардың жұмысқа қабылдана қоюы қиын екені есімізге түсті. Мұны өткенде бір танысымыз айт­қан еді. «Шымкентте жұмысқа шақыратындар көп. Жарнама бойынша хабарлассаң, бірінші қанша жаста екеніңді сұрайды. 45-тен асқан болсаң, ары қарай сөйлеспейді де», – деген болатын.

 

Ал біз бірер ауыз ғана тілдесіп үлгерген Саматтың жасы кемінде 50-де сияқты. Өзі шаршаңқы, киімі жұпыны, аяғынан тозып жұмыс іздеп жүргендіктен жақ жүні үрпиіп, қырынбаған сияқты болып тұрды. Бала-шағасын асырау қамымен әбігер болып жүргені анық. Үйінде елеңдеп әйелі, балалары күтіп отырған болар. Ал оны жұмысқа ала қояр ма екен, 120 мың теңге жалақы бере қояр ма екен? Жолы болып кетсе ғой!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ