Біз неге өзімізді жағдайы төмен елдермен салыстырамыз?

18.02.2019
Қаралды: 446

Әлеуметтік желіде Байдарбек Жанәділ атты азаматтың пікірі жарияланды. Ол қоғамда қазіргі орын алып жатқан мәселелер туралы сөз қозғай келе, кейбір көңілі толмайтын көлеңкелі тұстарды да ашына жеткізіпті. Оның пікіріне қарсылық танытушылардың да қарасы аз болмапты. Ары қарайғысын Байдарбектің өз аузынан берейік.

 

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Кеше мен «Youtube» желісіне: «Қазақстандықтар, бірігейік! Болып жатқан келеңсіз жағдайлармен, әділетсіздікпен күре­сейік, белсенді болайық! Бірақ заңды бұзбайық» деген пікірімді айтып, орыс тілінде видеожолдау жіберген едім. Соны көрген адамдар маған: «Сен неге орысша сөйлейсің? Қазақ емессің бе? Намысың қайда?!», «Неге бүлік шығарып отырсың?! Тыныш жүрсейші!» –  деген сөздер айтып жатыр.

 

Айтқым келетіні, мен – қазақпын. Оңтүстік өңірінің тумасымын. Қазір Алматы қаласының тұрғынымын. Отбасым бар. Екі қыз тәрбиелеп отырған әкемін.

 

Ол видеоны мен не үшін жолдадым? Қазақстан зайырлы, демократия­лық мемлекет болғандықтан мен осы елдің азаматы ретінде видео арқылы тек пікірімді айттым. Мен ешкімді бүлікке, қиратып-төңкеруге шақырып жатқан жоқпын. Елімізде қандай әділетсіздіктер орын алып жатқанын көріп отырсыздар. Кешегі қаза болған бес нәресте мен Айгүл Ақберді туралы да естіп-білудесіздер. Осындай жағдайлар белең алып жатқанда неге бел­сенділік танытып, ойымызды айтпасқа? Айтатын жерде айтайық, көрсететін жерде көрсетейік. Бір-бірімізді қолдайық. Ертең осы жағдайлардың біздің де басымызға түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Маған көптеген азаматтар: «Сендер тырнақ астынан кір іздеп отырсыңдар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш кезде бәле іздеудесіңдер. Соғыс болып жатқан жатқан жоқ, риза болсаңдаршы. Шүкір етіңдер!» – дейді. Менің оларға: «Сіздер заң шеңберінен аспай, өз пікірін айтып отырған азаматтардың аузын жауып, оларға тоқтау айтып, қарсылық көрсету арқылы өздеріңіздің сауатсыздықтарыңызды көрсетіп отырсыздар», – дер едім.

 

Қазір қай жерге жұмысқа тұрсаң да міндетті түрде ақша сұрайды немесе таныс керек. Қысқасы, пара беріп, пара алу арқылы ғана тіршілік етесің. Болмаса біреудің жуындысын жеп, соны мақтап, табанын жалау арқылы ғана көтерілесің. Басқа ешқандай жол жоқ, көріп те тұрған жоқпын. Жасым 30-ға келді, осыған дейін қызметте адал жолмен көтерілген санаулы ғана адамды көрдім. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Халық бекер айтып жатқан жоқ, адамдар бекер қарсылық танытып жатқан жоқ.

 

Байқап қарасақ, біз әлемдік деңгейде ешқандай мақтанарлықтай жаңалық ашқан жоқпыз. Ойлап тапқан техникамыз, медицинада ашқан жаңалығымыз, экономикада ауыз толтырып айтарлықтай ешбір жетістігіміз жоқ. Неменесіне мақтанамыз? Неге біз өзімізді Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сириямен салыстыруымыз керек? «Сириядағыдай болмағанына Құдайға шүкір де. Қазақстанда бәрі бейбіт» дейді. Осылай отыра берсек, Сириядағыдай боламыз. Неге біз өзімізді жағдайы төмен мемлекеттермен салыстырамыз? Неге дамыған елдермен бәсекелесуге ұмтылмаймыз?

 

Бір нәрсе айтайын десең, ауызды жа­ба­сыздар. Тек «үндеме» деп келе­сіздер. Осы үндемегеннің кесірінен осындай жағдайға жетіп отырмыз. Әрқайсыңызды ауызбіршілікке, белсенділікке шақырамыз. Әрбіріңіз қолдарыңыздан келгенше, білімдеріңіз, деңгейлеріңіз, шамаларыңыз жеткенше үлес қосыңыздар, әрекет қылыңыздар, айтыңыздар, көрсеті­ңіздер!

 

Өкінішке орай, бүгінге дейін ешқандай да жетістікке жетпегеніміз рас. Егемендікке ие болғалы бері «Оскар» алған бірде-бір фильміміз жоқ. Рас, спортта азды-көпті жетістіктеріміз бар. Бірақ көптеген салада артта қалып бара жатқан мемлекетпіз.

 

Қазіргі шығып жатқан қоғам белсен­ділерінің аяғынан тартпаңыздар. Кері­сінше, оларға демеу беріңіздер. Әрқайсысыңыз өз азаматтық ұстанымдарыңызды білдіріп, әлеуметтік желілер арқылы айтыңыздар. Оған сіздердің толықтай құқыларыңыз бар.

 

Болат Атабаев деген өнер қайраткерін білетін шығарсыздар. Қазір Германияда жүр. «Саяси босқын» десек те болады. Сол кісінің «Коррупция – біздің ұлттық идея­мыз» деген сөзі бар. Қазір расында да солай болып жатыр. Осыны тоқтатудың орнына біз керісінше, осы жүйеге кіріп жатырмыз. Адамдар пара арқылы кө­теріліп, белгілі бір шенге жеткенін мақтан тұтады. Бұл мақтанатын емес, ұят нәрсе. Барып тұрған намыссыздық!

 

3-4 мың долларға сатып алған ше­телдің ескірген көлігіне отырып аласыздар. 8 соттық жерге үй саласыздар. Осыны жетістік деп ойлайтын шығарсыздар. Бұл жетістік емес. Сіздер ғылыммен, технологиямен айналысып, үлкен жаңалық ашқан жоқсыздар. Онымен мақтанбаңыздар. Құрдымға кетеміз, ағайын! Бір тудың астына жиналайық!

 

Біз қазір өзімізден бетер қорқақ, өз пікірін айта алмайтын, өтірікші, жағымпаз, әлсіз ұрпақты тәрбиелеп отырмыз. Осылай отыра берсек, солай бола береді де. Біз бейғамдығымыздың кесірінен соларға осындай үлгі көрсетіп отырмыз. Сондықтан бейбіт түрде бірігейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ағайын-туыстың арасы тату болсын. Мемлекетіміз дамысын».

 

Міне, бұл азамат осылай дейді. Бас жарып, көз шығаруға емес, әділ қоғам орнатуға бейбіт түрде атсалысуға шақырып отыр. Сол үшін оның аузын жабу керек пе енді?

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ