Ақтаудан шыққан айқай

18.02.2019
Қаралды: 182

Ақтау қаласында тосын жай орын алды. Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы қалалық сот төрағасы Мәлік Кенжалиевті қызметінен босатты. Өйткені оның үстінен біреулер: «Коттедж салдырып, жарты ақысын бермей кетті, оны сұрағанымыз үшін соттатып жіберемін деп қорқытты» деген тұрғыда арыз түсірген көрінеді.

 

Ал М.Кенжалиев бұл істе өзінің кінәсі жоғын айтады. Яғни ақпарат құралына берген сұхбатында: «Оларға бір беделді адамның өтініші бойынша жолыққанмын. Мәселені ҰҚК тексеріп, менің қатысым жоғын анықтаған», – дейді. Сөйтіп, өзінің қызметтен босатылуында саяси астар бар деген пікір білдірді, жеке бас қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтып, осыған орай халықаралық ұйымдар мен Батыс ел­дерінен өзін қолдауды сұрады. Өзіне қатысты кінәлау бойынша журналистерге арнап брифинг өткізбек болғанда полицияның оған жол бермегенін жеткізді.

 

Расында да кейін полицияның брифингке жиналғандарды бас салып ұстап, тірек бекетіне әкеткені, арада біраз уақыттан соң босатып жібергені туралы ақпар таралды.

 

Жалпы, М.Кенжалиев өзіне қатысты жайды «ҚДТ» жақтастарының» ісін қарау­да тәуелсіз ұстанымда болғанымен түсін­діреді. «Бұл былтырғы қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатқан қысым», – дейді ол.

 

Яғни өткен жылы Қазақстанда экстре­мистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауының» әлеуметтік желі чатындағы жазбасына пікір қосқаны үшін Ақтау қаласының 45 жастағы тұрғыны Авлобас Жұмаев сотталған еді. «Әлеуметтік, рулық алауыздық тудырды», «билікті күшпен басып алуға шақырды» деген айыптар тағылған А.Жұмаев 3 жыл­ға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Дегенмен ол өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

 

Сондай-ақ А.Жұмаевтың 39 жастағы әйелі, 4 баланың анасы Айгүл Ақбердиеваға да «Қазақстанның демократиялық таңдауына» қатысты жазбасы үшін қылмыстық іс қозғалған болатын. Оған «билікті күшпен тартып алуға шақыру» бабымен кінә тағылды. Мемлекеттік айыптаушы кінәсі дәлелденді деп тауып, оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жө­нінде сұраған болатын. Ал А.Ақбердиева сотта өзінің кінәсіздігін, тек қоғамдағы көңілі толмайтын мәселелерге қатысты пікір біл­діргенін айтып, соттан өзін ақта­уын өтінген еді.

 

Өткен жылғы қыркүйек айынан бері жүргізілген осы сот процестері жақында ғана аяқталды. Істі жүргізген Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова қылмыс құрамы жоқ деп тауып, А.Ақбердиеваға ақтау үкімін шығарды.

 

М.Кенжалиев өзінің қызметтен босатылуына осы оқиға себеп болды деп отыр. Яғни ол А.Ақбердиеваны түрмеге жабуға әуел бастан қарсы болғанын, кінәсі дәлелденген жағдайда да оған шартты жаза беруді сұрағанын білдірген. Айтуынша, оны өзін қызметтен босатқан Тәртіптік кеңеске А.Ақбердиеваға ақтау үкімі шыққан күннің ертеңіне-ақ шақыртқан көрінеді.

 

...Қысқасы, Ақтауда осындай даулы оқиға орын алды. Мұның соңы біразға дейін баратын сияқты.

 

Ал қызметінен босатылған сот төрағасы туралы қысқаша айтар болсақ, М.Кенжалиев бұрын Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында, Жаңаөзен қаласында – сот төрағасы, Ақтау қаласындағы мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы қызметтерін атқарыпты. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметіне 2016-жылы 3-қарашада тағайындалған екен. Сот саласында 14 жылдай еңбек етіпті.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ