Жеті баламен жертөледе өмір сүруде

15.02.2019
Қаралды: 550

Рима Тохсанбоева біреуге алақан жайып, көмек сұрауды ұят санайды. Ол кісі бала-шағасының келешегін ойлайды, бір баспанаға қол жеткізгісі, үш рет ота жасалған сырқат ұлын толық емдеткісі келеді.

(Рима апайдың өтініші бойынша, бала-шағасының түрлерін көрсетпеуді жөн көрдік).

 

Бұл отбасы Астанаға 2012-жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Жаңақоныс ауылынан көшіп келген екен. Ауылда жолдасы мен өзіне жұмыс табылмай, бала-шағасына күнделікті ас-ауқат тауып беру қиындаған соң әуелі отағасы 2011-жылы, келер жылы 5 баласын алып Рима апай Астанаға келеді.

 

«Біздің бар арман-тілегіміз – бір баспана. Күйеуім балабақшада қарауыл болып жұмыс істейді. Алатыны – 20 мың теңге.

 

Өзім бір сауда орнында еден жу­ып, аз-маз ақша табамын. Алдында бір кәсіпкерге жалданып, капуста, қияр еккен едік. Көкөніс піскен соң жұмыс беруші қайта шақырып алып, оны жинайтынбыз. Ол нау­қандық жұмыс еді. Оған күніне 1000 – 1500 теңге төленетін. Қазір тұрақты жұмыстың табылғанына көңіл қуанғанымен үйде қараусыз отырған балаларымды ойласам, жаным жай таппайды. Өткендегі бес қыздың қайғылы қазасын естігелі жүрегім шайлығып қалды.

 

Елордаға алғаш келгенімізде бес бірдей баламен бізге ешкім пәтерін жалға бергісі келмеді. Оның үстіне мұнда пәтер ақысы тым қымбат. Іздеп, сұрас­тырып жүріп осы жертөлені таптық. Жан-жағы айра-жайра, іші адам тұрғысыз болса да бұған ай сайын 35 мың теңге төлеп отырмыз. Бөлмелерден зәктің иісі қатты шығады. Тіпті иіс киімдерімізге дейін сіңіп қалады. Әйтеуір үйдің кем-кетігін өзіміз жөндеп, есік-терезесін бүтіндеп, таза ұстап отырмыз. «Подвалда» ауыз су жоқ, оның азабын әбден тарттық. Есік алдындағы арықтан су ішкен кезіміз де болды.

 

Астананың аязы қатты ғой. Қыс мезгілінде аядай екі бөлменің жылуы тіптен қиын. Мұнда сәуір айына дейін жылу беріліп, сосын тоқтатып қояды. Міне, осы кезде балалар бірінен кейін бірі суықтап ауырады. Қанша жылытуға тырысып, ұл-қыздарымның қалың киінуін қадағаласам да сырқаттана береді. Жылда осы. Осы суық пен зәктен перзенттерім қандай да бір дертке шалдықпаса екен деп қатты алаңдаймын. Онсыз да бір ұлым сырқат. 10 жасар Жандос есімді ұлыма үш мәрте ота жасалды. Оған «Хронический гной» деген диагноз қойылған. Жандостың екі құлағындағы пердеде тесік бар. Мұрнына да ірің жинала беретін.

 

Күйеуім екеумізге күнделікті ішіп-жем, коммуналдық қызмет ақысы, ары-бері қатынайтын жолкіре, киім-кешек, басқа да қажеттіліктер қалтаға едәуір салмақ болса да ешкімге алақан жайғымыз келмейді. Алланың берген ұл-қызын да ешқашан көп көрмедік. Жертөледе тұрған осы тоғыз жылда тағы екі пер­зентті болдық. Күйеуім өте балажан адам. Балалары үшін қара жұмыстан да қашпайды.

 

Менің ұлтым өзбек болғанымен қазақтың келі­німін. Ата-енеміз біраз жыл бұрын дүние салған. Ағайындар ауылда, менің төркінім Өзбекстанда тұрады. Әкем дүниеден өткелі қарт анамды көргенім жоқ. Қу жоқшылық аяқ-қолды мықтап байлап, үш жылдан бері анама жете алмай келемін.

 

Қазір «Майқайың-12» көшесіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде тұрамыз. Бірақ «Интернаци­ональный-135» деген жерде тіркеудеміз.

 

Екі-үш жыл бұрын баспана кезегіне тұруға құжат өткізуге барғанымда атыңызда үй бар деп шығарып салған. Ол кезде 6 балам бар еді. Ауылдағы үйді саттық, бірақ Астанадан үй ала алмай қалдық.

 

«Алтын алқалы» ана ретінде мен мемлекеттен айына 16 мың теңге жәрдемақы аламын. Басқа жәрдем жоқ. Бір баспана алуды армандағалы он жылға жуықтады. Балаларым да қазір жертөледе тұруға намыстанады. Биліктен, қайырымды жандардан қолдау болса ғұмырымның соңына дейін ал­ғыс айтып өтер едім», – дейді Рима апай көз жасын сүртіп.

 

«Алтын алқалы» ананың, жеті баланың жалғыз арманы – баспана. Жертөледе күнелткен отбасыға қол ұшын беруге мүмкіндігіңіз бен ниетіңіз болса, Рима апайдың 8-701-163-95-33, 8-747-777-64-75 нөмірлеріне хабарласуға болады. Сауапты іске баршамыз атсалысайықшы!

 

Рима Тохсанбоеваның есеп-шот нөмірі:

5169  4931 3025 0163 (Каспий Голд).

ЖСН нөмірі: 750722403041.

Д. ШАХАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ