Жағымпоз қалай жан тапсырды?

15.02.2019
Қаралды: 378

(Біздің қоғамның комедиялық трагедиясы)

 

Байқайсыздар ма, қазіргі кезде ауылдан бастап, Ақордаға дейінгі өтетін жиындарда билікті мақтап сөйлеуге әдейі да­йындалған «Жағымпаздар алқасы» құрылғандай. Үлкен жиналыс­тарда сол «алқаның» мүшелері төрден орын алады, жарыссөзде жарысатын да солар. Оларды көргенде «Жағымпаздар жақсы орында отырады» деген мақал көмейімді қышытады да тұрады. Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, жағымпаздықты орнын тауып қолданбасаң, басыңа пәле болып та жабысады екен. Мен соны айтайын деп, айта алмай отырмын ғой... 

 

Көпке белгілі Көмей аталатын қаланың басқа қалалардан ерекше бір айырмашылығы, оған тағайындалған әкімдердің келуінен кетуінің тездігі. Санап көрсек, он жылда 15 әкім ауысыпты. Бұл  – нағыз Гиннестің рекордтар кітабына  тіркелетін көрсеткіш.

 

Әкімдердің ауысуы Көмейдің көркеюіне көмегі бар-жоғын «Көк үйдегі көкелер» біле ме, білмей ме, ол жағы белгісіз. Бірақ Көмей қаласының «Жағымпаздар алқасының» жарық жұлдызы – Жағымпоз Жалтырбасов деген белсендінің жүрек қабының жарылып, қайғылы қазаға ұшырағанына себеп болғаны – шылқа майдай шындық! 

 

Бар пәле сол әкімдердің ауысуынан басталды.

 

Қазіргі кезде ауыл әкімінен бастап облыс әкіміне дейін тағайындалғандарына 100 күн толуын атап өту әдетке айналған. Көмей қаласының жаңа әкімі де өзінің 100 күндігін атап, қаланың «қаймақтарын» жинап актив өткізген еді. Активте әдеттегідей «қаймақтармен» бірге «Жағымпаздар алқасы» да толық құрамда келіп, жаңа әкімді мақтап жарыссөзге кіріскен. 

 

Әкімнің есебінен кейін бірінші болып «Жағымпаздар алқасының»  Құлқынбай Сужұқпасов деген «қаһаны» сөз бастады.

 

– Аса ардақты әкімдердің әкімі! Жүз күніңіз құтты болсын! Осы біздің бақытты жүз күндігімізде қаңырап қалған Көмей қаласы сіздің кемеңгерлігіңіздің арқасында Астана мен Алматыдан да әсем қалаға айналды. Қаламыз жарық, халқымыз қарық болды! – деп бастаса, екінші болып сөз алған Сайрабек одан асыра «сайрады».

 

– Сіз осы Көмей қаласының бағына туған ұлы әкімісіз! Сізді таптырған әкеңізден, сізді тапқан шешеңізден айналдым! Сіз болмағанда Көмей қаласы құрып кетуге аз-ақ қалып еді. Міне, 100 күннің ішінде қаламыз ғажап өзгерді. Сіз нағыз көрегенсіз, сіз нағыз новаторсыз! Сізге теңеу жоқ! – деп ентігін әрең басқан. 

 

Үшінші болып тоқсанның тоғызына келіп тоңқайып тұрып сөйлеген Тоқсанбай ақсақал одан қалыса қойған жоқ.

 

– Құдайға тәуба деймін. Сіздің жүзіңізді көріп, қолыңызды алғаныма, сіздей ұлы әкіммен бірге 100 күн өмір сүргеніме тәуба деймін. Тәуба! – деді дәл бір Құдайдың алдында тұрғандай дірілдеген екі қолын кеудесіне әрең апарып. 

 

Төртінші кезекті алған Төбелбай төтесінен бір-ақ кетті.

 

– Көмей Көмей болғалы 300 жылда бұл қаланы сіздей ғұлама әкім басқарып көрген жоқ. Бар-жоғы 100 күннің ішінде сіз басқа әкімдер жүз жылда, тіпті мың жылда жасамаған кереметтерді жасадыңыз! Сіз болмағанда күніміз не болар еді... – деп еңкілдеп жылады-ай кеп! Оған қосылып бүкіл актив солқылдап, залды күңірентті. Олар­ға қосылып әкім де үстелді құшақтап, көз жасына ерік берді.

 

Сол кезде бесінші болып мінбеге көтерілген Белсенбай жарыссөзге белсене кірісіп:

 

– О, құдіретті әкім мырза! Сіз осыған дейін ешбір әкім істемеген жаңа бір үлгі көрсеттіңіз. Қазір қаладан қаңғырған ит, мысық дегенді көрмейтін болдық. Солардың бәрін аттырып тастағаныңыз сіздің керемет көрегендігіңіз болды. Ендігі мәселе – соңғы жылдары қалада қаптап кеткен қайыршы мен «бомждан» Көмейді облысымызда бірінші болып тазарту керек! Мүмкін оларды да тегіс аттырып тастау керек болар? Бірақ олар да осы қаланың азаматтары ғой. Байғұстарға қайырымдылық жасап, алыс ауылдарға апарып тастаған жөн шығар. Сол жақта мал бақсын, шөп шапсын, байларға малай болсын. Өлмейтін күндерін өздері көрсін. Оларға да салық төлеттіріп, қазынаға қыруар қаржы түсіруге болады, – деп керемет ұсыныс жасады. 

 

Алтыншы болып сөз алған Айт­қышбек  жаңа әкімді алпыс минут мақтап, алқынып барып әрең тоқтады. 

 

Жетінші сөздің кезегі біздің бас кейіпкеріміз Жағымпоз Жалтырбасовқа жетті-ау әйтеуір. Ол жарты сағат әкімді әуелете мақтап келіп, сор түртіп, тақырыбын басқа жаққа шорт бұрды.

 

– Мен сіздің жетістігіңізді салыстыру ретінде бұрынғы әкімдердің жұмысына тоқталайын. Қаламызға алтыншы әкім болған Алғышбек пен жетінші әкім болған Жегішбек не істемеді? Жерді де сатты, суды да сатты, бәрін сатты. Тіпті өздерінен кейінгі әкімдерге сатуға тым болмаса көшедегі бағаналар мен автобус аялдамаларын да қалдырмаған. 

 

Сондықтан да Алғышбек пен Жегішбекті жазаға тартып, алғандарын қайтару керек, – деп жоқ жерден «ши» шығарған. 

 

Жағымпоз «қатырдым ба»  дегендей, тауықтың үстінен түскен кәрі әтештей қоқилана мінбеден түсіп, орнына ойқастап келіп отырған. «Жаңа әкімнің көзіне түстім, енді қызметім өсетін шығар» деген «есек дәмемен» 100 күндіктен жүзі жарқын қайтып еді. 

 

Содан күнде әкімшіліктен жақсы хабар тосып жүрді. Бірақ жаңа әкім оның мансабын өсірмеді. Себебі орнынан түскен әкімдерді жамандағанын естіген жаңа әкім «мен кеткенде мені де жамандайтын шығар»  деп ол туралы жаман ойда болды. 

 

Солай жарты жыл өтті. Бір күні телеарнадан Жағымпоздың жамандаған алтыншы әкімі – Алғышбектің облысқа басшы болып тағайындалғаны туралы «суық хабар» сумаң ете қалды. Хабарды естіген Жағымпоз есінен танып, «жедел жәрдеммен» ауруханаға түсіп, әрең жаны қал­ған. Он күндей емделіп, үйіне келгені сол еді, телефон шыр ете қалды. Жүрегі бір сұмдықты сезді ме, қайдам, кеудесінен шығардай дір ете қалды. Қалалық әкімдіктен екен. Ертең облыстың жаңа әкімі Көмей қаласында актив өткізетіні туралы айтып, сол жиналысқа шақырған. 

 

Жағымпоз түнімен ұйықтамады. Біреулердің облыс әкіміне «100 күндікте» оның айтқандарын жеткізе­тіні туралы ойлап, бойын үрей мен қорқыныш билеп, суық тер басып, әбден азапқа түскен. Активке бармауға басы екеу емес, еріксіз бар­ған. Әдеттегідей алдыңғы жаққа отырмай, «пәледен аулақ» деп, залдың артқы жағынан орын алған. 

 

Актив уақытында басталды. Төрдегі атшаптырым үстелге үш кісі келіп жайғасты. Ортада облыстың жаңа әкімі – Алғышбек. Оның сол жағында Көмей қаласының қазіргі әкімі, оң жағында Жағымпоз жамандаған Көмейдің жетінші әкімі болған Жегішбек отыр. Жағымпоздың көзі қарауытып кетті. Бір сұмдықтың боларын анық білді.

 

Облыстың жаңа әкімі Алғышбек Көмейдің қазіргі әкіміне рахмет айтып, оны орнынан босатқанын хабарлады. Одан кейін Көмей қаласының жаңа әкімі етіп Жегішбекті тағайындаған бұйрығымен таныстырды. 

 

Жағымпоздың қаны басына бір-ақ тепті. «Біттім!» – деді ерні жыбырлап.

 

Содан жаңа әкімді құттықтау бас­талды. «Жағымпаздар алқасының» дайын отырған «айтқыштары» жарыссөзге жандары қалмай кірісті. Сатырлап қол соғылып жатыр. Жағымпоз да қол соққысы келді. Бірақ екі қолы ырыққа көнбеді. Шамасы инсульт жүріп кетсе керек. 

 

Кезегім келді-ау дегенде мінбеге ұмтылды. Жаңа әкімдерді мақтап «көсілгісі» келді. Бірақ ол бір-екі аттап барып құлап түсті. Мінбеге жете алмады. Құласа да мақтау сөзін айтқысы келіп: 

 

– Жасасын Алғышбек! Жасасын Жегіш...! – деп барып Жағымпоз жантәсілім етті.

 

Эх, өмір-ай!

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ