Шымкенттік жігіттің үйіне итальяндар қонаққа келді

14.02.2019
Қаралды: 198

Қалта көтерсе, бүгінгі күні шетелге қыдырып қайту аса қиын емес. Қаласаңыз, шетелге шығасыз, қаласаңыз, сіз де өз үйіңізге шетелдіктерді шақырып, қонақ ете аласыз. Ол үшін арнайы сайт­қа тіркеліп, телефоныңызға бағдарламаны жүктеп алсаңыз жеткілікті. Мысалы, 21 жастағы  шымкенттік Ұқсат Мұсағалиұлы осымен екінші рет шетелдік қонақтарды өз шаңырағында қонақ етті.

 

«Өткен жылдың қараша айынан бері үйге екі рет шетелдік қонақтар келді, – дейді ол. – Мен бар болғаны өз телефоныма «Couchsurfіng» деп аталатын бағдарламаны енгізіп қойдым. Бүгінде бұл қызметке әлемнің 246 елінен 6 миллионнан астам адам жүгінеді. Өзім де Германия, Франция және Италия елдерінің бірнеше қалаларында осы «коучсерфингтің», яғни өз бетінше саяхаттайтын азаматтардың бірлестігін пайдаланып, қаржымды үнемдедім».

 

Ұқсаттың үйіне бұдан алдын португалиялық азамат қонақ болған екен. Ал оның  бұл жолғы итальяндық екі қонағымен тілдесудің бізге де реті келген еді. Италиялық Кристиан Скариот 26 жаста болса, Омар Туррин 25 жаста екен. Екеуі де Италияның Фелтре қаласынан 9-маусымда сапарға шыққан. Айтуларынша, күні бүгінге дейін олар алдымен Австрияда, одан соң Чехия, Польша, Литва, Латвия, Эстония, Ресей, Монғолия елдерінің бірнеше қалаларында болыпты. Одан кейін Елордамыз Астана қаласына, содан соң Қырғызстанға саяхаттап, қайтадан Тараз қаласында болып, енді Шымкентке ат басын тіреген сәттері екен. Оларды біз де біраз әңгімеге тарттық.

 

«Біздің саяхаттаудағы негізгі мақсатымыз – ел танып, жер көру, –  дейді өзін Кристиан деп таныстырған бәкене бойлы, қауға сақалды жігіт. – Мен ерекше бір қызметкер емеспін. Негізгі табысымды үйлерге еуроремонт жасап, қабырғаларға тұсқағаз жапсырып табамын. Біраз уақыт сыныптас досым Омар екеуміз қаражат жинақтап, осы сапарға шығуды жоспарладық. Сондай-ақ шығындарды азайту мақсатында «коучсерфингтің» қызметін пайдалануды ұйғардық. Бұл тамақ пен қонақүйге жұмсайтын қаражатты үнемдеуге септігін тигізді. Әр елдің салт-дәстүрімен, ас мәзірлерімен таныстық. Әсіресе қазақтың еті мен қымыз-қымыраны, құрт-майының дәмі тіл үйіреді екен. Оның үстіне отбасылық кешкі астың жөні қашан да бөлек қой. Отбасымды, ата-анам мен ағамды, атам мен әжемді сағынғаныммен, әр елде кездескен жақсы адамдардың мейірлене қарағаны мен жылыұшырай сөйлегені отбасымнан ғана алатын жылылықты есіме салғандай еді. Ата-анам Ивано мен Мариеленаның екі перзенті бар. Ағам Алекс екеуміз. Атам Карлоның жасы 90-да болса, әжем Онуратоның жасы 85-те. Олармен күн сайын бейнеқоңырау арқылы хабарласып тұрамын.  Олар да бізді сағына күтіп отыр». 

 

«Әр елдің салты басқа»  демекші, Омар мен Кристиан да өздерінің әлемнің әр еліндегі көрген-білген қызықты әңгімелерін айтып отырды. Әсіресе Монғолия­да болған кездерінде 15 градус суықта айдала, елсізде, шатырда түнегендерін айтты. Олар аралаған жерлерін велосипед арқылы жүріп өтіпті.

 

Омардың айтуынша, олар енді Өзбекстан мемлекетіне баруды ұйғарыпты. Ал ары қарай Әзірбайжан, Армения, Грузия, Түркия, Болгария, Грекия мемлекеттеріне баруды жоспарлап отыр. Одан соң туған жерлеріне оралады.

 

Қонақтарымыз барған елдерінің тек салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысып қана қоймай, олардың әлеуметтік жағдайларын да бағамдап, салыстырып жүреді екен. Мысалы, Қазақстан мен Италияның мұғалімдерін салыстырғанда италиялық мұғалімдер көбірек жалақы алады. Италияда мұғалімдердің жалақысы 1600 евродан басталады. Ал оны теңгеге шақса, 700 мың теңге көлемінде. Біздегідей міндетті медициналық сақтандыру бар. Әрі Еуропа ауруханаларының қызмет көрсету деңгейі өте жоғары, себебі қызметтерінің басым көпшілігі ақылы негізде жүргізіледі.

 

Кристиан мен Омар итальян асханасы жайында да сөз қозғады. Бір қызығы, олар нанды килограмдап сатып алады екен. Нанның бір килосы 8 евро тұрады.

 

Өздерінің айтуынша, олар бойдақтықпен қоштасқысы келмейтін сыңайлы. Ел көріп, жер көріп, еркіндікте жүруді жандары сүйеді. Бәлкім Еуропаның қартайып келе жатқаны осындайдан кейін де болар деп ойладық.

Ақнұр АСЫЛБЕК.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ