Мәсі-кебісті "гламурға" айналдырған

13.02.2019
Қаралды: 715

Алматыда Рахима Исағұлова есімді замандасымыз тұрады. Ол ерекше кәсіппен айналысады. Яғни дайын мәсі-кебістерді «гламурға» айналдырып жүр.

 

Рахима Дүйсенбекқызы – үш баланың анасы. Ол мәсі-кебісті Өзбекстаннан тапсырыспен алдыртады екен.

 

 

Сөйтіп оған әшекей тастарын сәндеп жапсырып, ою-өрнектер тігеді. Жылы, жайлы, қонаққа да жарқыратып киіп баруға болатын мұндай мәсі-кебістер үлкен сұраныста көрінеді.

 

– Рахима ханым, бұл кәсіпті қашан бастадыңыз?

 

– Өзім Алматы қаласында туып-өстім. Осы жасыма дейін базар, басқа да сауда орындарын аралағанда қаз-қатар тұрған біркелкі мәсі-галошты көріп келемін. Оның талайын ата-әжелерімізге сый ретінде ұсынып, мәз қылдық. Кейде осы аяқ киімді неге басқаша түрде шығармасқа деген ой келетін. Бірақ бала-шаға, үй шаруасымен, жұмыспен шапқылап, бұл ойымды жүзеге асыруға мүмкіндік болмады. Бала күнімнен қолымнан іс тігу келетін. Осы қабілетім баламен үйде отырғанда көмекке келді. Сол жоспарды жүзеге асыру 2015-жылға бұйырыпты.

 

– Тастарды қайдан аласыз? Ташкенттен жеткізілетін мәсі-кебістердің сапасы қандай?

 

– Безендіруге арналған тастарды базардан аламын. Ал ондағылар тасты Қытайдан әкеледі.  Ал мәсілер мен галоштарды өзбектерге тапсырыспен тіктіремін. Қанша дана, қандай түрінен екенін оларға өзім айтамын. Көбінесе сиыр терісінен жасалғандары өтімді келеді.

 

– Қазақстанның барлық аймағына жеткізесіз бе? Тапсырыс беруші тауарын неше уақытта ала алады?

 

– Иә, еліміздің барлық аймағына жеткізе аламыз. Сонымен қатар Атырау, Тараз, Ақтау, Астана, Қарағанды және Алматы қалаларында көтерме бағада берілетін нүктелеріміз де жұмыс істейді. Тапсырыс беруші пойыз арқылы десе 3 күнде, ал поштамен тиімді десе 10 күнде тауарын алады.

 

Ал Шымкенттен сұраныс өте аз түседі. Ауа райы қолайлы, барлығы арзан өңірдің тұрғындары біздің тауарды қымбатсынды ма, білмедім. Бұл қалаға әзірге «оптовик» ашу ойда жоқ.

 

– Тауардың бағасын білсек бола ма? Сосын сатылу көлемін де айта кетсеңіз...

 

– Көрінісі әдемі мәсі-галоштарымызға үлкен кісілер дән риза. Олар таза былғарыдан тігілген, құны 23 мың теңге тұратын аяқ киімді ойланбас¬тан сатып алады. Ата-анасынан аянып қалмайтын ұл-қыздар біздің бағаны қомақты деп есептемейді. Сапалы, сұлу тігілген ұлттық нақыштағы тауарымыздың арзаны 15 мың теңге тұрады. Бір аптаға жетпей он дана мәсі-кебіс өтіп кетіп жатыр.

 

Менің тұтынушыларымның арасында той көрігін қыздырып жүрген «Шман апа» да бар. Сол әртіс арқылы біраз жұрт менің кәсібім жайлы естіп, білуде. Өткен жылы «Әйел сыры» бағдарламасының түсіру тобы келіп, қонаққа шақырып кетті. Дүйім халықтың алдында сұхбат беріп, жұмыс істеудегі кейбір қыр-сырларыммен бөлісіп қайттым.

 

– Ендеше, іске сәт дейміз, тауарларыңыз көпке таныла берсін!

 

Сұхбаттасқан – Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ