Қазақтың құмай тазысын өзгелер меншіктегелі жатыр

13.02.2019
Қаралды: 596

Қазақтың құмай тазысын Ресей иеленіп алмақшы көрінеді. Осы туралы естіген еліміздегі "Тазы жанашырлары" қауымдастығы қарсылығын білдіріп, видеоүндеу жолдауда. Осыған орай біз де құмай тазының шығу тарихы мен оның өзге иттерден ерекшелігі жөнінде естіген-білгенімізді айтуды жөн көрдік.

 

Жалпы, біздің "жеті қазына" ұғымымызда жеті асылдың бірі ретінде құмай тазыны қосқан. Оны далаға жатқызбай, киіз үйдің бір бұрышынан орын беріп, ерекше күтіммен қараған.

 

Ескі түркілік таным бойынша, тазы иттен тумаған көрінеді. Ол айдалаға, елсіз және биік жерлерге ұя салатын италақаз деген құстың жұмыртқасынан пайда болған деседі. Жұрт соны құмай деп атапты. Сондай-ақ зерт­теушілер құмай деген құстың да бар екенін растаған. Ол таулы жерлерді мекен етеді екен. Саны өте аз, сирек кездеседі дейді.

 

Ал көшпелі күн кешкен бабаларымыз үшін тазының орны ерекше болған. Қашқан аң құтыла алмайтын шап­шаңдығы, желдей ескен жүйріктігі, қайт­пас батылдығы, тазалығы әрбір алаш баласына бағалы еді. Тіпті ашаршылық уақытында бір ауылдың адамдары құмайдың аңшылық күші­мен аман қалған деген әңгімелер әлі де ел аузында. Сыртқы тұрқы әлсіз көрінгенімен одан артық аңға түсер ит жоқ. Керек десеңіз, қасқырға қарсы төтеп берер күштің де иесі. Оны әсіресе тазы асырап, аңға шығатындар жақсы біледі. Оған қандай күтім керек екені де соларға мәлім.

 

Біз бала күнінен саятшылыққа, тазы итін асырауға құмар боп өскен алматылық Нұрболат Жұмаевтың  да пікірін тыңдаған едік.

 

«Қазақтың тазысын ресейліктердің патенттеуі жөнінде әңгіме бастасам деймін. Оның бірден-бір себебі – Қазақстанда күні бүгінге дейін тазы итіне ешкімнің жанашырлық танытып, көңіл бөлмегені, зерттемегені. Тек Қазақстанда тазының қай ғасырда пайда болғанын, оның санының неше екенін, түрі мен түсін ажыратып жаз­ған А.Слудский дейтін азамат қана толыққанды зерттеу жасапты. Содан кейін осы Алматыда тұратын Константин Плахов есімді ғылыми қызметкер біраз әрекет жасап, қазақтың тазысына  арнайы стандарт бекітіпті. Бұл азамат кезінде елімізде «Тазы қауымдастығының» негізін қалаған да көрі­неді. Осы Плаховтың профессор А.Слудскийдің еңбегіне сүйене отырып бекіткен талабы кісінің күлкісін келтіреді. Ал бұл стандартты Англиядағы федералдық қауіпсіздік қызметі  мақұлдауы керек екен. Оның ойынша, Кеңес үкіметінде қабылданған стандарттар ескірген көрінеді, көп нәрсе өзгерген, иттердің қаны аралас­қан, сондықтан иттердің бұл тұқымы тозды. Бір сөзбен айтқанда, Плахов ешкіммен санаспай, өзінше шешім шығарып жіберген. Қарапайым төбет­тегідей бой мен аяқ, дене пішінін жобалап келтіре салған. Ашығын айтқанда, тазылар түлкі мен қоянға да шамасы келмейтіндей етіп сипаттал­ған. Ал мұндай әлсіз тазы қазақта ешқашан болмаған ғой. Сол кездегі тазы өмір бойы көштің соңынан ілесіп, бірнеше ондаған шақырымға мал  қайтарып жүре берген. Сөйтіп жүріп қасқырдан басқа қаншама жыртқыш аңдарды алған.

 

Қысқасы, бізге тазыға қатысты жа­ңа стандарт керек. Оны қолға аларда барлық облыстағы тазыларды салыстырып, бір ортақ талап бекітілуі қажет. Өйткені Қазақстанның әр өңіріндегі тазылар әр топқа бөлінеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда бөлек, Оңтүстікте бір басқа болса, құмды аймақтарда тіпті өзгешелеу. Жері мен климатына қарай тықыр жүнді, жуан, жіңішке, жүндес, әртүрлі болып келеді.

 

Қырғыз ағайындар тазыны осылай сұрыптап, әбден зерттеп, оны «тайған» атандырып, өздеріне жекешелендіріп алған. Енді ресейліктер патенттеуге құмартып, бізге амал қалдырмай отыр.

 

Ал осылай жалғаса берсе, нағыз қазақ тазысы елде тіптен жоғалады. Қасиеті толық бағаланып көрсетіл­мегендіктен әркім өз көзқарасын таңып, өз итін мақтауға, оны сауда көзіне айналдыруға тырысатын  болады. Оған өзіміздің де кінәміз бар. Біздің елдегі тазы ұстайтын азаматтар иттерін төзім­ді, мықты, айлалы болсын деп әр итке қосып, қан өзгертіп тастаған. Енді қазақ тазыдан да айырылмақ. Осыған көңіл қынжылып, қарным ашады.

 

Менің қолымда бүгінде төрт тазы бар. Өзім негізі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында туып-өскенмін. Бала күнімнен әкемнің жанында жүріп, мал бағып, атқа мініп, ит жүгірттік. Әкем Ораз малшы болған. Өмір бойы жыл­қы байлап, ит ұстап келеді. Қазір жасы сексеннен асты.

 

Ес біле бастағаннан тазы ұстағандықтан осы әдет пен қызығушылық әлі қалмады. Алматы қаласына 2003-жылы келгенде ауылдан бір тазы ала келдім. 2009-жылы отбасын құрған соң тағы екеуін асырадым. 2011-жылдан бері Алматы облысы, Қарасай ауданында тұрамын. Сол кезде тағы бір ит алдым.

 

Тазының кісіге адалдығы тіптен ерекше. Ол суық пен ыстыққа төзімді. Араб пен қырғыздың, басқалардың сайлүк, тайған, хорди, грихаут секілді жүгіретін иттерінен айырмашылығы – ол қатты, қара жерден лезде аңның ізін алады. Сосын өзі қуып, ұстайды, жемтігіне иесі келгенше тиіспейді. Өзге төбеттер ауадан, белгілі бір заттан иіс алып, ізге түскенше тазы аңды аулап үлгереді. Мұндай сезімталдық тек қана қазақтың тазысында бар. Таза тазыны тек осылай ғана айыруға болады.

 

Қазіргі тазыларға біздің тазылардың тұрқы келмейді. Өйткені біздікілердің бойы кемі 90 сантиметр болған. Жуан, жүндес, құйрығы мен құлағында шашақтары ұзын еді. Салыстырып қарасақ, қазіргі тазылар қырғыздың тайғанына көбірек келеді.

 

Қазақтың тазысына, оның келе­шегіне шынымен жүрегім ауырады. Оны өзге елдердің иеленіп алғанын қаламаймын. Біреулер оны өздеріне жазып алса, біздің ата-бабамыздың салып кеткен сара жолы не күйде қалады? Ендігі міндет – тазының өзгеге қолды болуының алдын-алу», – дейді саятшы Нұрболат Оразұлы.

 

Ал сіз не дейсіз, көзіқарақты оқырман? Қазақтың тазысын өзге елге беріп қойып, қарап отыру ұлттық намысымызға сын емес пе?

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ