Жас балаларды Қытайда оқытуды құптамайды

11.02.2019
Қаралды: 611

«Атажұрт еріктілері» деп аталатын ұйымның қандай жұмыстар атқарып жүргенін бүгінде жұртшылық жақсы біледі. Ол елімізге Қытайдан қоныс аударған, сондай-ақ бүгінде Қытай билігінің саясатынан зардап шегіп жүрген қандастарға қолынан келгенше көмегін көрсетіп жүр.  Осы орайда ұйым басшысы Серікжан Біләшұлының ой-толғамдары әлеуметтік желілерде жиі жарияланып тұрады. Сондай лекцияларының бірінде ол Қытайда білім алу қазақстандық студенттерге, еліміздің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген тұрғыда пікір білдіріпті. Біз С.Біләшұлының бұл айтқандарын қаз-қалпында газетімізде жариялауды шештік. Оқыңыз, ой түйіңіз!

 

Бұл не деген батпанқұйрық?

 

Өте сұмдық ақпарат! «Ютуб» желісінде Ханзуда оқимын деген бір есекбастың: «Қазақстаннан барған студенттерге ешқандай қысым жоқ. Мұнда тек Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырларды қатаң тексереді, бізге тиіспейді», – деп тарат­қан видеосы жүр. Ішкі Қытайда оқитын ақымақ Қытайдың жарнамасын жасап үлгеріпті. Менің осыдан 1 – 1,5 жыл бұрын сөйлеген «Қытайдың жұмсақ күші» деген лекциямды «Ютубтан» тауып, тыңдасаңыз, бұл соның айқын дәлелі.

 

Қытайлар қазір 20 мыңға жуық қазақстандықтарды оқытып отыр. Магистрант­тарға ең азы 3 мың доллар стипендия тағайындап отыр. Өздерінікіне 30 доллардың стипендиясын қимайтын, Қытаймен қарым-қатынасын жақсартқысы келетіндерге 300 долларын қимайтын Қытай тек қана Қазақстанға неге осындай мүмкіндік беріп отыр? Неге Қазақстаннан соншама студент шақырып алып, олардың бәрін тегін оқытып жатыр? «ҰБТ-сыз» деп, яғни ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспай тұрып бізге келіп оқи бер дейді. Ол жерде сен 5 жыл жүріп, Қытайдың 5 ауыз сөзін үйренбей, 5 иероглиф жаттай алмасаң да қолыңа «5»-ке бітірді» деген диплом бергелі отыр. Не үшін? Соны, халқым, ойлан! Жап-жас ұл-қызыңды жіберсең, ертең ол қытайшыл болып шығады.

 

Өз үгіттерін жүргізіп жатыр

 

Қытай оларды қайтіп бопсалайды? Ішкізбегеніңді ішкізеді, жегізбегеніңді жегізеді, отаншылдық, ұлтшылдық, патриоттық, діни сезімі қалыптаспаған, шариғи білімнен жұрдайларды апарып, ішіп-жегізбейтіннің бәрін жегізіп, алжастыратын дәрінің бәрін беріп, қоздыратынның бәрін беріп, сосын жатқызбайтын қызбен жатқызып, тұрғызбайтын қызбен тұрғызып алады да, ары қарай оның бәрін бопсалайды. Түсіретін фильм­н­ің бәріне түсіріп алады да, сосын ары қарай: «Енді сен мен үшін жұмыс істейсің. Жұмыс істемесең, мұның бәрін жариялаймыз», – дейді.

 

«Қытайдың жұмсақ күші» деген мақаламда мен  осыны ашып айттым. Олар Орта Азияға, Қазақстанға 4 түрлі «жұмсақ күшті» жіберіп жатыр. Ертең сол Қытайда оқып жатқан студенттердің қаншасы ақша үшін сатылып, қаншасы жаңағындай бопсаланады? Қаншама жігіттеріміз Қытайдың сылқымдарымен төсектес болып қойып, соның видеосын түсірткізіп алып, ары қарай өмір бойы сол Қытайдың бопсалауынан шыға алмайды.

 

Анау 99,99 пайыз қазақтар тұратын Қызылордадан шыққан қазақтың қызы күні-түні Қытайдың 1-ші, «ССТ» телеарнасынан үгіт жүргізіп жатыр. Неге? Ол сол жердің қытайына тиген, екі бала туған, күні-түні сол жерде үгіт жүргізіп жатыр.

 

Сондықтан, айналайын қазақтар, жас балаларды Қытайға оқуға жібермеңдер! Қазір «Бесплатная учеба в Китае» деген жарнама толып тұр. Бұл – заңсыздық. Біз мемлекетке жазып жатырмыз, айтып жатырмыз, ресми хаттар кетіп жатыр. Ертең сол Қытайда оқитын 20 мың студенттің бәрін мемлекеттік сүзгіден өткізетін бір заман келеді. Биыл сүзгіден өткізбеуі мүмкін, келесі жылы өткізбеуі мүмкін, бірақ біздің арыз түбі бір іске асады. Сенің Қытайдан 5 жыл оқып әкелген дипломыңды біз бір сәтте заңды өзгертіп, еңбегіңді «нөл» қылып, 5 тиындық құнсыз етіп жібереміз. Себебі сен сол жерде жүріп, 5 иероглиф білмей, қытайша 5 ауыз сөз үйренбей, Қытайдың тегін дүниесіне малданып, соның істе дегенін істеп, соның шпионы болып тәрбиеленіп келесің бе, жоқ әлде «аха-халап», кәуап жеп, күнде сыралатып жүресің бе – сол кезде біз тексереміз. Ертең Қазақстанда мемлекеттік комиссия құрылады, менің оған көзім жетеді. Сен Қытайда оқу тегін екен деп, ойбай, керемет екен деп, 5 жыл Қытайда оқып, ойнап-күліп, емін-еркін жүріп, ертең Қазақстанға келем деп ойлап жүрсің, ә? Біз ертең олардың бәрін тас-талқан қылып, сен сол 5 жылғы оқуға, ертең темір торға 5 жыл отырып, жауап бере алмай жүрме.

 

Қытайға барып оқы, Қытай керемет деп үгіт жүргізушілер бар екен, міне. Әлден қытайшылдықты уағыздап жатыр.

 

Балаңды ел қорғаны етіп тәрбиеле!

Қытайдан аудармашы керек пе – жарты миллион Қытайдан келген қазақ тұр Қазақстанда. Елімізге жетеді, Қазақстанға жетеді мәңгі-бақиға. 500 мың қазақ қытайша біледі. Сондықтан бұғанасы қатпаған балаңды, 11-ді, 9-ды бітіре сала Қытайға жібергенді қойыңдар! Ненің не екенін білмейтін, оңы мен солын парықтай алмай отырған балаңды ақша төлесең де, ақылы оқытсаң да Қазақстанда оқыт. Өзінің еліне, жеріне, Отанына, ұлтына деген махаббаты оянсын, азаматтық жасы өссін. Бакалаврлықты Қазақстанда оқып алып, ары қарай білімін тереңдетемін десе, осы Қытай жәннат деп білсе, сосын жіберші!

 

Азаматтық жасына толмаған, бұғанасы қатпаған, 25-тен аспаған қыз бен жігітті Қытайға жіберу – ол үлкен қате. Ол ертең ұлттың сатқыны боп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан менің Қазақстанда туып-өскен ата-аналарға айтарым: Жағдайың жетсе, баланы не Америкаға, не Еуропаға жіберші. Тіпті ештеңеге жағдайың жетпесе, балаңды шетелде оқы­тып, осы Қазақстанды тәркі қылып, осы білімнің бәрі шетелде десең, онда мына Шығыс Еуропаға жіберші. Анау Югославия, Болгария, Чехия, Румыния кешегі Советтің шекпенінен шықты ғой. Ол да шетел енді. Осы шетелде оқығанның бәрі әулие болса, соған жіберші. Тіпті менсінбесең мына орыста оқысын.

 

...Бір уақ ақылыңмен ойлашы. Неге майшелпек бізге жауып жатыр? Неге Қытайдан дүние жүзінде ешқандай мемлекетке бермеген грантты тек Қазақстан­ға беріп жатыр? Неге магистрлікке 3 мың доллар береді? Мұның барлығының артында ертең сені бопсалау тұр.

 

Заман бұлай тұрмайды. 5 жыл өтеді, 10 жыл өтеді, бірақ біз бұл айтқанымызды қоймаймыз. Ертең сол дипломға байланысты біз тест аламыз сенен, біз емтихан аламыз. Сөйтіп сенің Қытайдың арақ-шарабын ішіп, ойнап-күліп, дискотекада жүріп, Қытай «мә» деп қолыңа ұстата салған өтірік дипломыңды біз заңмен жариялап, бұл диплом жарамсыз деп тастағанда, тотиғанның көкесі сонда болады.

 

Біз мемлекетке ашық талап қойып жатырмыз. «Қытайға барып оқимын деген қазақтың баласы міндетті түрде Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен барып оқысын. Ал рұқсатсыз барғандардың ісі заңсыз деп танылсын» деген талаптарымызды қойып жатырмыз. Ол заң да қабылданады бір күні, ерте ме, кеш пе, қабылданады. Сол кезде баланы оқытып алып, сол оқыған балаң ештеңеге, жұмысқа жарамай, еш жер жұмыс­қа алмасын деген бұйрықты шығартып тастаған кезде өкінесіздер әлі!

 

Мына заман қазір бейберекет болды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, Қытайдың жаңағы өтірік оқуына шақыртып жатқан компаниялар, Қытайдың итаршылары, Қытайдың сойылын соғатындар, Қытай үшін жұмыс істейіндер көбейіп кетті.

 

Бірақ дүние бұлай тұра бермейді. Ертең айылын жиятын заман келеді. Қазақ ұлтшылдары оянып жатыр. Ертең біздің мемлекет бұлардың бәрін қолға алуы мүмкін. Себебі біз хат жазып жатырмыз, идеялар түсіріп жатырмыз, депутаттарға айтып, құлақтарына құйып жатырмыз.

 

Сен балаңды «Ойбай, Қытайда оқимын!» – деп жылағасын жібере салдың. Ертең оның 5 жыл оқып, 7 жыл оқып келген дипломын 5 тиындық құны жоқ қылып тастағанда, жүйеге, ғаламтор­ға ендіріп тастағанда, сонда бармағыңды шайнайсың.

 

Одан да балаңды осы Қазақстанда оқыт. Қазақ болғанына мақтаныш сезі­нетін қылып, отаншыл, ұлтшыл етіп тәр­биеле, шариғи білімін оңғар. Дүниеге көзқарасы қалыптаспаған бала-шағаңды Қытайға жіберіп, одан кейін бармағыңды шайнап қалма.

 

Мен мұны Қытай тыныш, керемет деп былшылдап отырған адамды көріп, эмоциямен айтып отырмын. Қытайдың қандай сұм екенін білгің келсе, «Ютубтан», «Фейсбуктен» менің «Қытайдың жұмсақ күші» деген лекциямды тыңда.

 

Намысың болса, ойлан!

 

Қытай сөйтіп студенттердің арқасында жауламақшы. Сондықтан, айнала­йындар, балаңды Қытайға басы бүтін жіберме демеймін, балаң алдымен Қазақстанда білім алсын. Бұғанасы қатпаған, алдаса, алданатын, бопсаласа, бопсаға еріп кететін балаларды жібер­меңдер! Азамат болсын, үйлендір, қызың болса, ұзат, сосын ары қарай магистратура оқыса, оқысын. Мен оқымасын деп айтпаймын. Бірақ, айналайындар, ертең біздің өтініш қабылданып, заң шыққан кезде соншама жұмсаған қаржыларың мен уақыттарың текке күйіп кетпесін.

 

Мен Қытайда 5 жыл оқып, бес ауыз қытайша сөз құрай алмайтын талай баланы білемін. Қытайға олардың қытайша білгені керек емес. Қытайлар оларды кадр ретінде тәрбиелейді, өздерінің адамы қылмақ. Шын мәнінде Қытайда оқып жатқан кез келген студентті бізге әкелші, біз оның қытайшаға қандай екенін тексеріп берейік.

 

Сондықтан мынау Қытайда аспаннан диплом жауып жатыр екен деп, тегін оқу екен деп балаларды қаңғытып жібер­меңдер. Ертең сол баланың бәрі өткізген уақыты үшін өкінетін болады. Немесе ұлтына қарсы жұмыс істеп кетіп жүрмесін.

 

Мемлекет заңды өзгертем десе – әп-сәтте. Қытай қазір біраз жерге дендеп, қолын кіргізіп алды. Бірақ қазақтар оянып келе жатыр. Сол жағын да ойланып қо­йыңдар. Бір-ақ күнде заң қабылданып, бір-ақ күнде сол Қытайда 5 жыл оқыған балаңнан емтихан алып, сен Қытайдан түк білім алмапсың ғой, мынау не, мынауың бір беттік қағаз ғана ғой деп, дипломын  жүйеге енгізіп тұрып, білім-ғылым саласы еш жерде жұмысқа алынбасын деген кезде ит болып қаласың.

 

Сондықтан, айналайындар, көкейіңді білім  тесіп бара жатса, баршы анау Еуропаға, Америкаға, дамыған, өскен, өркениетті елдерден үйреніңдерші. Қа­зақты қынадай қырып жатқан, 500 мың қазақты түрмеге тоғытып отырған, бүкіл молда, имамдарды түрмеге тоғытқан, бүкіл қазақты, сонау 10 жыл, 15 жыл бұрынғы туысшылап келген қазақты «қос жүрексің», «екі беткейсің» деп түрмеге тоғытып жатқан сол Қытайға сен жоламай-ақ қойшы. Егер сенің ұлттық намысың болса!

Серікжан БІЛӘШҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Редакциядан: Бұл – Серікжан Біләшұлының айтқандары. Бұдан әркім өзіне тиісті қорытынды шығарар деген ойдамыз. Ал бұған орай басқа да пікір айтушылар болса, оны да жариялауға дайынбыз.

 

Пікір қалдыру

1000 символ