Жаңа тағайындаулар: кім қайда барды?

11.02.2019
Қаралды: 603

Кентау қалалық ішкі саясат бөліміне басшы тағайындалды. Бұл қызметті Ғалымжан Тойшиев атқаратын болды.

 

Ғалымжан Әмірханұлы Тойшиев 1983-жылы Түркістан қаласында өмірге келген. Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Мамандығы – журналист, экономист. Кентаудағы «Икар» телеарнасында, «Қаратау тәжі» газетінде  еңбек еткен, Созақ аудандық «Созақ ТВ» телеарнасында бас редактор бол­ған, Кентау қаласы әкімдігінің бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарған. Ол 2018-жылдың шілде айынан бері Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып келген болатын.

 

 

 

* * * * *

 

Ақын Мұратбай Бекей «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-нің директоры болып тағайындалды.

 

Мұратбай Халбайұлы Бекей 1958-жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Нөкіс мемлекеттік университетінің орыс тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Ташкенттен шығатын «Нұрлы жол» республикалық газетінің тілшісі, «Қазақ елі» халықаралық апталығының Өзбекстандағы меншікті тілшісі болған, Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығы төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған. «Сарыағаш» газетінде бөлім меңгерушісі, Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, «Сарыағаш» газеті редакторының орынбасары, газет редакторы болған.

 

* * * * *

 

Әділ Әбдіраманов «Өскен өңір» Шардара аудандық газеті» ЖШС-нің директоры болып тағайындалды.

 

Әділ Заманұлы Әбдіраманов 1973-жылы Келес ауданында өмірге келген. Қостанай Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын Шардарада, «Өскен өңір» газетінде бастаған, «Шартарап – Шарайна» газетінде редактор болған. Кейін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының аудандағы тілшісі, Шардара ауданы әкімінің баспасөз хатшысы – «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының баспасөз хатшысы, «Шымкент-газ» мекемесінің заң кеңесшісі, Шардара ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Шардара ауданындағы меншікті тілшісі болып істеген.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ