Бейкүнә бес бүлдіршіннің қазасы елді есеңгіретіп жіберді

11.02.2019
Қаралды: 89

Өткен 4-ақпанға қараған түні Астананың "Көктал-1" шағынауданында орын алған аса қайғылы жағдай жұртты дүр сілкіндірді. Тосыннан шыққан өрт бір отбасының бес бірдей перзентінің өмірін қиды. Балалардың екеуі бастауыш сыныпта оқиды, біреуі балабақшаға барады, 2 жастағысы балабақша кезегінде тұр екен, ал ең кішкентайы 11 айлық сәби болған.

 

Балалардың әкесі – Евгений Ситер неміс ұлтының өкілі, 34 жаста. Ал балалардың анасы Жанымгүл Амангелдіқызының жасы  32де. Бұл отбасының Астанаға қоныс аударғанына бірер жыл ғана болған екен.

 

Қайғылы оқиға кезінде балалардың ата-анасы жұмыста болыпты. Пластикалық карта шығаратын зауытқа жұмысқа жақында ғана кірген анасы түнгі ауысымға түссе, көлік жөндейтін орталықта істейтін әкесін бастығы жұмысқа шақыртып алған екен. Ол пешке от жағып, таяу маңдағы көрші туысына үйлеріне қарайлай тұруды ескертіп, өзі жұмысқа кеткен. Түн ортасында болған сұмдық жай туралы естіген жұрт қатты қайғырды. Шағын баспанада тірідей өртеніп кеткен бес бүлдіршіннің қазасы кімді де болса бейжай қалдырған жоқ. Ащы қара түтінге, улы газға тұншығып, жалмаңдаған жалын тәнін шыжғырғанда ата-анасын шақырып шыңғырған балалардың бейнесі кімнің де болса жанын жай тапқызбағаны шындық.

 

Ал ойда-жоқта бес құлыншағынан айырылған байғұс ата-ана бұл кезде жұмыста жүріпті. Тұрмыс-тіршілік қамымен ғой, әрине. (Өздерінің төрт банктен алған несиеге берешектері бар екен). Қанша қиналса да жұмыстан оралғанда алдынан еркелей шығатын балалардың бал қылығы шаршағанын, қиналғанын талай ұмыттырған болар. Ал бұл жолы... 

 

Әттең-ай! Тәтті қылықтарымен ауы­рын жеңілдететін сол балалар жоқ енді... Ойда-жоқта бес бірдей бауыр етінен айы­рылып, қара жамылып қалған жандарды қайтіп, қалай жұбатарсың? Бүлдір­шіндердің жаны жәннатта болсын, ата-анасына Құдай ауыр қайғыны көтерер сабыр берсін дегеннен басқа қолдан не келеді? Осылай деп айтудың өзі қандай қиын! Кеудені өксік қысып,  көзге жас келеді.

 

Неге бұлай болды? Гүлдей жайнап өсуге тиіс болған болашақ арулардан, келешек аналардан біз қалай айырылып қалдық? Бүгінде әрбір азаматтың көкейінде осындай сұрақтар сайрап тұр.

 

Ал шындығында бәрі де жоқшылықтың кесірінен екені белгілі. Жағдайы болып тұрса, қандай ана басқасын былай қойғанда 1 жасқа да толмаған сәбиін үйде қалдырып жұмысқа барады? Балаларының қызығына тоймай, еркелетіп, сабағын, үлгерімін қадағалап, білгенін үйретіп, үйде отырмай ма?

 

Осындайда асты-үсті ен байлыққа то­лы елімізде неге жоқ-жітіктер көбейіп кетті деген ойға қаласың. Бізде басқасын айт­пағанда неге көпбалалы аналарға ла­йықты жағдай жасалмайды? Олар неге отбасын асырау үшін басын қауіп-қатерге тігіп жұмыс істеуге мәжбүр? Әрбір баланың тамағына, киіміне жететін жәрдем­ақы берілсе, аналары жұмыс іздеп тенті­ремес еді ғой. Дәл қазіргі сәтте де қаншама ана баласын үйде қараусыз қалдырып, күнкөріс қамымен жүр десеңізші! Қатардан қалмауды, аш-жалаңаш қалмауды ойлағанда балаларға өз үйінен төнуі әбден мүмкін қауіпті де ұмытады. Өйткені бүгінгі қоғамда біреу аштан бұралып жатса да оған қарайтын адам кемде-кем. Оның үстіне қазақ – намысқой халық, біреуге алақан жайғанша керегімді өзім табайын дейді.

 

Бес бірдей перзентінен қапыда айырылып қалған жандарды да қамшылап, қауіпті ұмыттырған осындай жайлар екені анық. Мемлекеттен қайран жоқ, өз кү­ніңді өзің көр деп ашық айтып отыр. Салмағың түсе бастаса, әрі-беріден соң ет жақын туысың да теріс айналады. Енді міне, ешкімге салмақ салмай, өз күнімді көрейін деп жүрген отбасы өзіне қатердің қай жағынан жетіп келгенін де ұға алмай, есеңгіреп қалды. Енді олардың басынан төмен алтынмен аптасаң да батпандай қайғысын жеңілдете алмассың.

 

Ел басқарып отырғандар енді ойланатын шығар. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселесіне тереңірек үңіліп қарайтын уақыт жетті. Әлеуметтік зерттеу жүргізу керек. Қанша адам, қанша отбасы кедейшілік шегінде жүргенін халықтан жасырмау керек. Олардың еңсесін көтеруге жол ашатын нақты іс-шараларды қолға алу қажет. Осындай ауыр жағдайлар болғаннан кейін қимылдағансымақ болмай, ондай жайлардың алдын-алуды кешенді түрде ойластыру керек.

 

Бүгінде бізде қандай да бір себеппен банктерге көмек деп миллиардтаған теңге қаржы бағытталады, жыл сайын пәленбай миллион теңге игерілмей қалғаны туралы естиміз, миллиардтаған теңгеге пантеон салынуда, күн сайын бірне­ше шенеунік қомақты парамен ұсталғаны белгілі болып жатады. Қазынаның осылардың бәріне жетіп жатқан қаржысын елдің болашағы – балаларды өмірге әкелетін аналардан неге аяймыз? Әйелдерге, аналарымызға неге лайықты жағдай жасамаймыз?

 

Кешегі кеңестік кезеңде де мұндай өкінішті жайлар болмап еді. Жұрттың 3-4-тен 10-12-ге дейін баласы болды. Мемлекет әрбір отбасыға жоспарлы түрде жәрдем беретін. Кемдік көріп, тарыққандарды байқамаппыз. Аналарымыздың көбі бала күтімімен үйде отыратын. Қазір­гідей жұмыс іздеп алыс жақтарға дейін тентіреп кетпейтін еді.

 

Ал бүгінде тұрмыс тауқыметін шегіп, түрлі қиындық, қатерге ұрынып жатқан аналар көп. Ондайлар әр ауылдан, қаладан ондап, жүздеп табылады. Қойны-қонышы қазынаға толы кең байтақ жері бар елде мұндай жағдай болмауы керек еді ғой.

 

Кешегі Астанада орын алған қайғылы оқиға жұртты қатты толқытты. Кім кінә­лі деген сөз әркімнің аузында, көкейінде жүр.

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ