Интернаттың нанын ұрлап сатқан ба?

08.02.2019
Қаралды: 135

Жуырда Түркістан облысындағы Төлеби ауданының орталығы – Ленгір қаласындағы "Құлағы нашар еститін балалар үшін Ленгір қосалқы мектеп-интернаты" мекемесіне айып тағылды. Әлеуметтік желілерде онда жатып оқитын балалар күні бойы ашқұрсақ жүреді деген ақпарат тарады. Оқушылар өздерінің азын-аулақ ақшасына жалғау мақсатында сол маңдағы дүкендерден "Ролтон" лапшасын, майонез-кетчуп, нан мен шұжық сатып алатын көрінеді. Оны дүкен сатушыларының өзі растап тұр.

 

Осы мәселені ең бірінші болып көтерген қоғам белсендісі, Шымкент қаласының тұрғыны Ақмарал Мәделханованың өзімен тілдесіп көрген едік.

 

– Ақмарал ханым, сіз бұл ақпаратты қайдан естідіңіз?

 

– Маған адамдар бұрыннан сенім артады және менің оларға көмектесу үшін бар күш-жігерімді салатынымды да біледі. 

 

Балалардың аш жүретінін алдында еститінмін. Содан мен осы туралы жан-жақтан сұрастыра бастадым. Ақпараттар көп болғанымен нақты дәлелім жоқ еді. Бір күні маған осы мектеп-интернат қоймасынан қорап-қорап ет, сүт, айран, шырын, ірімшік секілді азық-түліктің ұрланатыны, оны қоймадан алып шығып, көлікке артып, бас­қа жаққа алып баратыны туралы ақпарат жетті.

 

Содан бірде азық-түлікті әкетуге дайындап жатыр дегенді естіп, таңғы алтыда Ленгір қаласына әдейілеп бардым. Бірақ ол күні артылған та­уарды алып шыққан жоқ. Екі күннен соң тауарды әкеткелі жатқанын қайта естідім. Тағы да таңғы сағат алтыда сол жаққа барып, ақпарат таратпайтын сенімді учаскелік полиция инспекторын таптым. Ол екі полиция қызметкерін шақырды. Сөйтіп, интернат көлігінің мектеп ауласынан шығатын уақытын күтіп отырдық.

 

Көп ұзамай көлік те көрінді. Сол сәттен бастап аңдып, артынан жүріп отырдық. Шымкент қаласына келгенде көлікті жоғалтып алып, ізіне қайта түстік. Бәрі дәл кинодағыдай болды.

 

Содан әлгі көлік Шымкент қаласындағы бір интернаттың ауласына кірді. Ол жақта бұларды басқа «Газель» күтіп тұр екен. Тоқтаған соң та­уарларын әлгі көлікке таси бастады. Содан соң арнайы шақыртылған Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен Ленгірден жөнелтілген бригада оларды ұстады.

 

– Қазір ол жақтағы жағдай қалай болып жатыр?

 

– Дәл сол күні-ақ полиция қызметкерлерімен бірге қойманы тексеріп шыққан болатынбыз. Екі күннен кейін басқа да олқылықтарды байқадық. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Енді Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының тарапынан аудит тексеріс те болуы керек. Интернат директоры Зубира Айтуғанова әлі жұ­мыс­тан шеттетілген жоқ. Бұған қатысты облыстық білім басқармасының тарапынан тиісті шешім қабылданады деп ойлаймыз. Қалғаны – уақыт еншісінде.

 

...Ақмарал ханымның айтуынша, аталған мектеп-интернаттан әр 15 күн сайын, кейде айына бірнеше рет осындай жолмен азық-түлікті алып шығып, айналымға жіберетін көрінеді. 

 

Сондай-ақ қоғам белсендісі өзінің «Facebook» парақшасында ата-аналар мен мектеп-интернат жұмысшылары қатысқан жалпы жиналыстың видеосын жариялапты. Онда ата-аналар тамақтың дәмсіздігін, сонымен қатар балалардың жатақханада жаурайтындығын, тәрбиешілердің оларға қол көтеретінін, ата-аналарды ішке кіргізбейтінін, сабын, әжетхана қағазы секілді ұсақ-түйек нәрсе­лердің барлығы ата-аналар есебінен түгел­денетінін айтып ашынуда. Олар көңілдері толмайтын барлық мәселені ортаға тастай келе интернат басшысы орнынан кетсін деген талап қойды. Ал педагогтар кеңсе тауарлары мен жөндеу жұмыстарына қажетті нәрселерді өз қаржыларына сатып алатынын айтып шағымданды.

 

Сонымен қатар ата-аналар тарапынан айтыл­ған кемшіліктерді жоққа шығарушылар да аз бол­ған жоқ. Олардың қатарында «еш олқылық жоқ» деп санайтын ата-аналар мен тәрбиешілер болды. 

 

136 бала жатып оқитын мектеп-интернаттан соншама азық-түліктің қайда және не себепті жөнелтілгенін тергеу органдары анықтайтын болады. Ал басқа да орын алған кемшіліктер бо­йынша тексерулер әлі де жүріп жатыр.  

 

М. ІЛИЯС. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ