Қазақтың көне салт-дәстүрлері қайта зерделеуді қажет етеді

08.02.2019
Қаралды: 720

Қазақтар әрқашанда данышпан ұл-қыздарын ардақтап, аңыз етіп ұрпақтан-ұрпаққа ұсынған, өлең-жырға қосқан. Асанқайғы, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Шоң, Торайғыр, Бөлтірік батыр, Саққұлақ, Бала би... Солардың көптеген ұлағатты сөздері ақ қағаз бетіне түспей, бізге жетпей жоғалды, айтуға тыйым салынды. Ал ой жіберіп қарасаңыз, жалпы қазақтың пәни дүниеден ұққаны көп. Солардың бірқатары жөнінде ой қозғасам деп едім.

 

Тәңір, әруақ туралы толғам

 

Ата-бабаларымыздың пайымдауынша, біз өмір сүріп жатқан ғалам, жалпы, әлем дүниесінің барлығы – тірі организмдер. Әр тіршілік иесі өзіне қауіп төнсе, онда өзін қорғауға әрекет жасайды.

 

Бір мысал келтірейін. 1281-жылы 12-тамызда Шыңғысханның немересі Құбылай ханның әскерлері 900 кемедегі 140 мың атты сарбаздарымен Жапонияның Кюсю аралын жаулап алуға беттейді. Оның алдында Жапонияның бір аралын жаулап алғанда жас қыздар мен әйелдерді тірі қалдырып, қалғандарын өлтіріп кеткен екен. Сол кезде жапондар қалай құтыламыз, қайт­сек тірі қаламыз деп императорға жүгініпті. Император: «Таңертеңнен бастап барлықтарың Құдайдан мон­ғолдарға өлім тілеңдер. Одан басқа бізде амал жоқ. Аспандағы Құдай ғана көмектеседі», – деген екен. Содан жапондар жаппай Құдайға жалбарынып, басқыншыларға өлім келтіруін тілепті. Көпшіліктің тілегі орындалады.

 

Сол күні таңертең аспан ашық болыпты. Ал күн көтеріле көкте кішкентай бұлт пайда болады. Түске жақын аспанды түгел бұлт басып, қатты жел соғып, түн қараңғысында теңізде күшті тайфун басталады. Таңсәріге қарай монғол кемелерінің бәрі суға батып кетеді.

 

Бұл  – Тәңірдің әмірі мен халық тілегінің орындалуы. Тәңір – табиғатқа табыну. Аспанды – Ата, Жерді – Ана деп ардақтау. Рухы күшті адамдардың өмірін өнеге тұту әруаққа сыйыну салтынан өрбіген. Тәңірге тілек айтып, әруаққа сыйынады. Тәңірдің құдіретіне тәу етіп, құрбандық шалу, ата-баба әруағына арнап ас беру және жұма сайын құдайы беру немесе шелпек пісіру керек. Таңертең Күншығысқа қарап бас иіп, тағзым ету – шарт. Тәңір дінін ұстанатындардың мерекелері – наурыз, сабантой, қымызмұрындық, соғым, ерулік пен қарулық және басқа да той-томалақтар. Тәңір – әркімнің өз жүрегіндегі көңіл қалауы. Үш қарызды орындау міндет. Олар: Тәңірге, ата-баба және ұрпақ алдындағы қарыз.

 

Алғашқы қауым адамдары тіршілікті бұ дүние, о дүние деп екіге бөлген. О дүниеде рухтар мен жандар тұрады. Алғашқы қауым адамдары бұларды бастап­қыда өмірдегі тірі жандардың ғажайып қосақтары (ұйықтау, түс көру, кей жерлерде таныс адамның елесін көру, тағы сол сияқтылар), яғни адам сияқты тамақ ішетін, іс істеп, етене сіңісіп кеткен тірі жандылар деп ұққан. Бұл даму процесі әлем тірегі – Тәңірге немесе бір Құдайға сеніммен аяқталды.

 

Адамға қасиет қайдан қонады?

 

Тарихи зерде бақсылықтың, емшіліктің, көріпкелдіктің бір адамның басына қонумен шектеліп қалатын сиқырлы күш емес екендігін, оның ғасырлар бойы қазақ халқына  тән, бірге жасасып келе жатқан,  ерекше құбылыс екенін айғақтай түседі. Мысалы, бақсының бойынан көптеген қасиеттер көрініс береді. Ол – рухани күш беруші, әзәзілді аластаушы, асқынған ауруды жазып, ажалдан арашалап қалатын емші, ертеңін болжап айтушы сәуегей, бұлт шақырып, жауын жаудыратын күш иесі, көңілді әуенмен арбайтын сыршыл әуезші, көз алдыңда ғажайыптар жасайтын сиқыршы және тағы басқа.

 

Түркі тектес халықтарда табиғат құбылыстарына, жануарларға сиыну әдеті сақталған. Мысалы, жаңа туған айға табыну, сиыр иесі –  Зеңгі баба, жылқы иесі – Қамбар ата, түйе иесі – Ойсылқара, қой иесі – Шопан ата деп сиыну бар. Қырғыздың Бұғы тайпасы бұғыға сиынған.

 

Болашақты болжаудың немесе бал ашудың ежелден бері келе жатқан түріне жауырын қарау жатады. Қойдың жауырынын отқа қыздырып, күйдіргенде  оның жалпақ тегіс жері шытынап, онда әртүрлі сызықтар пайда болады. Жауырынға қарап, болжау айтатын жауырыншының сөздерінің өзі мың бір түн хикаясындай ұзақ әңгіме.

 

Көшпенділік жағдай, ауыр тұрмыс, мал шаруашылығы кәсібі халықты табиғаттың сан салалы құбылыстарына зер салуға мәжбүр етіп, тылсымдық пен сиқырлық әлеміне сеніп, оның сырын шешпекші болған. Сондайлардың бірі – жұлдыз қарау еді. Марқұм Назарбек Серәліұлы Қожамсейітовпен бірнеше рет табақтас болып, әңгіме-дүкен құрғанымыз бар. Сонда жұлдызшы, табиғат құбылысын болжаушы Назекең былай деген еді:

 

«Менің болжаушылығым Бибінұр – Биапа әжемізден (Қожаның ішіндегі Сейітқожадан) дарыған сияқты. 1943-жылы атам Дүйсен (руы – Арғын, Қарауыл) келіні Бибінұрдың түсіне еніпті. «Келінжан, саған ризамын. Жақын арада кіші балаң жарақаттанып, аман-есен келеді. Келінің ұл табады. Сол ұл киелі, қасиетті, назары елде болады. Есімін Назарбек деп қой. Соғыстағы үлкен баланың хабарын сол баладан естисің», – депті. Мен 3 ай 20 күндігімде «Тәте, тәте», – деппін. Сонда әжем: «Назекеңді Алла сөйлетіп тұр. Тәтесі аман-есен келеді екен!» – деп қуаныпты. Көп кешікпей әкемнің ағасы майданнан аман оралыпты».

 

Назарбек Қожамсейіттің айтқан болжамдарының көбісі тура келетін. Мысалы, ол 1991-жылы күзде Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жиналыста күздік бидайды уақытынан кешірек себіңдер деп кеңес берген еді. Бірақ оған көбі құлақ аспады. Ал оның айтқанын орындағандар жазда әр гектардан 22-35 центнер өнім алды. Болжамын тыңдамағандар 3-5 центнер өнімді місе тұтты.

 

Ғарыштан келетін қуат бар

 

Биыл 56 жастағы Аралдың тумасы Жанарыс Еңсепов те – ерекше жан. Беймәлім құдіреттің әсері, Тәңірден және әруақтардан келген аян Жанарыс Жақсылықұлының медицина білімін жан-жақты меңгеруіне себепкер болды. Ол Тәңірден, киелі әруақтардан келетін тылсым күшті алдына көмек сұрап келген адамдарға жұмсай отырып, сырқаттың түрін тап басып тауып, себеп-салдарын анықтап, шұғыл ем шараларын қолданады. Адамның бойын билеген қорқыныш пен үрей сезімдерінен арылтады. Бала сүйе алмай жүрген келіншектерге келешекте дүниеге келетін нәрестесінің қыз не ер бала екенін көрсетеді, ішкілікке салынғандарды, нашақорларды, ұрлықшыларды, бұзақыларды емдеу кезінде олар істегендеріне өкініп жылайды, қайталамауға ант береді. Оқуға түсу, қызметке орналасу, тұрмыс құру, бизнес сияқты өмірлік маңызы бар  мәселелердің сәттілігі үшін жол ашуы бөлек әңгіме. Хирургтардың емінен кейін сүйектері сынған адамдарды билетіп қойып, сүйектерін «сваркілейді». Жанарыс Еңсеповтің әулиелігінің бір ғажабы – оның адамдардың түсіне енуге қабілеттілігі, аян беруі, ізгілікке, қуаныш­қа шақырып, қауіп-қатерден сақтандыруы. Оның емінен жазылмаған аурулар жоқтың қасы.

 

Ал «аян» деген – әулиеліктің негізгі ережесі. Бұлар – ғарыштан. Тәңірден келетін  Алла-тағаланың немесе өмірден өткен әулиелердің хабарын қабылдай алатын ерекше қабілетті жандар. Мысал үшін, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) білімі – аян білімі. Әулие – ұяты күшті, арлы адам. Алла назарының әруақты Сартай би әулие мен нағашысы, ерлігі ел аузында аңыз болған Ақтан батырдың ұрпағы Жанарысқа түсуі тегін болмаса керек.        Ауырған немесе жүйкесі жұқарған адамды қауіп-қатерден арылтып, бойына күш-қуат, сенім беріп, көңіл-күйін орнықтыру – бұл ерекше қабі­летті, дарыны бар туа біткен таланттың ғана қолынан келетін іс.

 

Ғарыштан келетін Тәңір күшін көптеген сырқат адамдарға «таратып» беру үшін ерте замандарда қобыз үнін пайдаланған. Қобызбен тартылған күйлерді көп болса үйде 15-20 ғана адам тыңдаған. Ал қазіргі таңда сол күшті келушілерге «тарату үшін» арнаулы музыка ойналып, науқастар өздерінің тілектерін іштерінен айтып, ғарыштан келетін тылсым күшке сазды әуенмен «көмектесетіндіктен», Жанарыста емделетін адам саны бір мезгілде 50-60-тан аспауы керек. Сонда ғана емдеу үдерісі сапалы өтеді.

 

«Қайын» сөзінің төркіні қайдан?

 

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың көпшілігінде рухани байлық жоқ. Оған себеп: будда, христиан, католик, мұсылман діндерінің керексіз тармақтарының халыққа енуі. Осыдан 4-5 мың жыл бұрын  адамзат Табиғат заңымен өніп-өскен екен. Бұрынғылар әлем ағашы – Бәйтерек, Өмір – Төр деп атаған. Әр адамның туған күніне байланысты өз ағаштарына тән қасиеттері болған. Соның бірі: маусымның 16-24-де туған жандар – Ақ қайың. Олар өз ортасында және қоғамда ешкімге жамандық әкелмейді.  Өзінің майыс­қақтығына қарамай биязы, көп нәрсеге қызықпайды және қажет ете бермейді. Тұрпайылықты ұнатпайды. Қиялы, ақылдылығы, еңбексүйгіштігі арқасында көпшілік арасында ардақты сыйлы жандар.

 

Бұрынғылар өсіп тұрған қайың жанында үйленген жігіттің тұлымы мен қыздың ұзын бұрымын бірге байлап, некелерін қиған. Жастардың туыстары қайың арқылы туыс болып: қайын жұрт, қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын сіңлі   деген сөздері осы дәстүрден қалған екен. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас жұбайлар некесін Ақ қайыңмен байланыстырып, ағаш сияқты тамырын тереңге жайсын, үрім-бұтақтары көп болсын, ақ қайың түбінде берген серттеріне берік, махаббаттары мәңгілік, өмірлері ұзақ болсын деген ұлттық пайымнан туындаған дәстүр қазіргі таңда ұмытылды.

      

Сырқаттану – табиғаттан, шипасы да – табиғаттан

 

Біз өзімізге керекті күш-қуатты ішкен асымыздан бар-жоғы 50 пайыз ғана аламыз. Ал қалғанын жұтар ауа, ұйқы, қоршаған табиғаттан және ғарыштан келетін тылсым күштерден қабылдаймыз. Осындай сезім жолдары арқылы біліне бермес өзге де екі жақты байланыс­тың бар екенін кез-келген жан тани бермейді, сезінбейді. Кейбіреулер тылсым күштің біз үшін өмірлік маңызы зор екенін мойындай алмайды. Табиғат, қоршаған ортамен байланысты сыңаржақты қабылдаған білім­сіздігіміздің кесірін тосқауылды қолмен жасап, бүгінде денсаулығымыз нашарлап, зардап шегудеміз. Табиғаттан алыстаған сайын қарын тоқ, киім көктігіне қарамай, адам баласын ауру меңдеп бара жатқанына енді ғана көңіл бөле бастадық.

 

Жай пенде табиғатпен әлсіз ғана қатынас жасайды. Ал биоөрістік мүмкіндігі зор қабілетті адамдар өз бойына керектісін табиғаттан барынша ала біледі. Олар ұзақ мерзім бойы ұйықтамаса да қуатынан ажырамаған. Мысалы, қазақтың атағын әлемге паш еткен, жүз жасаған Жамбыл 70-тегі кезінде «Көрұғлы» дастанын үзіліссіз бірнеше күн-түн жырлаған. Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев концерттік сапарында кешке клубта концерт беріп, ал маңайындағы өзін ерекше қолдайтындарға таң атқанша өлең айтып отырған. «Оларға күш-қуат қайдан құйылып жатыр?» – деген сұраққа: «Біз космоспен байланысымыз өте әлсіз болғандықтан кеңістіктен энергия қорын ала білмейміз», – дегенді айтқымыз келеді.

 

Кеңістіктен – Тәңірмен байланысқа түсе білу де кез келгеннің қолынан келмейді. Ол үшін кейбір адамның өз мерзімі мен ерекшеліктері, толып жатқан қиындық, күрделі мәселелері бар құпия іс. Ал адам – өзін қоршаған табиғаттың бір бөлшегі. Сондықтан адамның сырқатқа шалдығуы да табиғаттан және емі де сол табиғаттан табылады. Осы қағиданы бір-бірінен бөле-жарып қарауға мүлде болмайтынын біле тұра, өкінішке орай, бұрынғыны түп-тамырымен қопара қиратпай, жақсысын жаңғырту керек еді. Олай болмады. Оның тақсіретін сырқатқа ұшыраған адамдар тартты. Кезінде бақсы-балгерлердің, тәуіп-емшілердің көзін жойды.

 

...Жалпы, адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – қазақ халқы. Оның тәрбие-тәсілдері мен тәжірибелері, өнеге-тағылымы, діні, ділі, жөн-жоралғы, ілім-білім, тылсым-табиғат, тариқат-тәбәрік, деректер мен дәйектердің көбісі ұмытылып жатыр. Соларды еске алып, жаңғырт­сақ, сақтасақ, өте дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Сәдуақас ЕСІМБАЙ,

еңбек ардагері.

Астана қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ