Қазіргі заманғы «Зэт»-ұрпақты ұрсып тәрбиелеуге бола ма?

07.02.2019
Қаралды: 485

Таяуда Түркістан қаласында болған оқушылар арасындағы әлімжеттік оқиғасы әлеуметтік желіде тарап кетті. Мұндағы бірін-бірі аяусыз төмпештеп, жығылғанның үстіне секіріп, балағат сөздерді қарша боратып жатқандардың іс-әрекеті оны видеодан көріп отырған адамды бей-жай қалдырмады. Көпшілігі «мына балаларды тауып алып, жазалау керек» дегенді айтып жатты. Бұл іске қатысты мектеп директорларынан қатаң сұралды, кінәлі оқушылармен, олардың ата-аналарымен түсінік жұмыстары жүргізілді.

 

Жалпы, оқушылар арасында мұндай оқиғалардың орын алуына не себеп? Оның жолын қалай кесуге болар еді. Осы орайда біз 2002-жылдан бері бала тәрбиесіне қатысты тақырыптарды зерттеп келе жатқан коуч-тренер әрі педагог Елжас Ертайұлын әңгімеге тартқан едік. Ол осыған дейін Қазақстанның қалаларын аралай жүріп, бойдақтарға, жұбайлар арасындағы қарым-қатынасқа, бала тәрбиесіне арналған 500-ге жақын семинар-тренингтер өткізген. Айталық, жуырда Бас Прокуратурамен бірге бүкіл Қазақстанның прокурорларына арнап онлайн-режимде семинар да өткізіпті. 

 

– Елжас мырза, бұзақылыққа барып, жаға жыртысқан оқушылардың көбейіп жатқанын өзіңіз де көріп отырған боларсыз. Мұндай жағдайлардың көбеюінің басты себебі неде деп ойлайсыз?

 

– Балалар арасындағы қылмысқа келер болсақ, мұның арғы жағы отбасыға келіп тіреледі. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Отбасында әке-шеше баланы кішкентай кезінен бастап ұрсып-ұрып, күшпен, жазамен тәрбиелейтін болса, бұл бала ішіндегі аяушылық, мейірім, махаббат секілді сезімдердің бәрін өшіріп тастайды да, бойында қатігездікті туындатады. Осылайша бала ешнәрседен тартынбайтын, ешкімге жаны ашымайтын әрекеттерге баратын болады. Мұндай мәселеде кінәліні іздегеннен гөрі әрбір отбасындағы бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Мұны әр жанұяның өзіне қалдырмай, мемлекеттік деңгейде қолға алу керек деп есептеймін. Балабақшалар мен мектептерде бала тәрбиесіне байланысты іс-шараларды жиі жүргізу керек. Осылайша ата-аналарды сілкіп оятпайтын болсақ, мұның арты қылмыстың көбеюіне әкелуі мүмкін.

 

Тек ата-ана ғана емес, мұғалімдер де өз тарапынан көңіл бөлуі керек. Олар балаларды ұлт болашағы ретінде тәрбиелеуге ұмтылмайтын болса, онда мектеп қабырғасынан бұл секілді оқиғаларды әлі жиі кездестіретін боламыз. Сондықтан да мұндай мәселені ел, ұлт, мемлекет болып қолға алуымыз керек. Шыны керек, осыған дейін біз бала тәрбиесі тақырыбына аса мән берген жоқпыз. «Бала өзімен өзі тәрбиеленеді, оны тәрбиелеп қайтесің» деген секілді ойлармен өз-өзімізді ақтауға тырыстық. Ал бірақ бүгінгі болып жатқан оқиғалар осы нәрсеге қатты көңіл бөлудің қажеттілігін байқатып жатыр.

 

– Мұның арғы жағында балалардың телефонға тәуелділігін оятып жатқан қажетті-қажетсіз ақпараттар ағымының көптігі, ашықтығы, қолжетімділігі жатқан жоқ па?

 

– Менің байқайтыным – көбінесе баланы өзіміз «ауру» қылып аламыз да, содан соң оны «емдеудің» жолын іздеп жүреміз. Мәселен, балаларымызды әлгіндей гаджеттерге өзіміз әуестендіріп аламыз да, соңында «ол телефонға тәуелді» дегенді жиі айта бастаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме,  кішкентай кезінен бастап-ақ оларды телефонға, теледидарға үйір қылмаудың жолын қарастыруымыз керек. Кейде әке-шешесі жан тыныштықтары үшін смартфонын өздері ұсынады. Ойын, мультфильм қосып, балаларына беріп қояды. Осылай басталған әрекет уақыт өте келе тәуелділікке ұласады. Соның жетегімен ертеңгі күні бала керексіз сайттарға кіре бастауы мүмкін. Әрине, қазір бұл жағдайды бақылаудың арнайы технологиясы дамыған. Компъютерге «YouTube»-тың балаларға арналған түрін немесе сүзгі (фильтр) орнатуға болады. Сол арқылы сіз балаға кіруге болмайтын сайттарды белгілеп қоя аласыз.

 

Дегенмен бұлардың бәрі уақытша шешім. Өйткені баланы үйде қадағалай алғанмен мектепке немесе түрлі компьютерлік клубтарға барғанда бақылай алмайсыз. Сондықтан оларға ең бірінші бұл түсінікті санасына сіңіру керек деп ойлаймын. Ал оның санаға сіңуі үшін бала мен ата-ана арасындағы байланыс тығыз болуы керек. Бала ата-анасына сенуі керек. Сол кезде әке-шешенің сөзі балаға әсер ететін болады.

 

Кейде ата-ананың өзі телефоннан бас алмай отырады. Содан соң автоматты түрде балаларда да соған әуестік болады.

 

Мұндайда не істеу керек? Үйде тыныштық сағатын жасап, кешкісін «2-3 сағат ешқандай электроника қолданбаймыз» деген ереже енгізіп, ата-ана да, балалар да гаджеттерден бас тартуы тиіс. Сол уақыттарда отбасымен бірге ойындар ойнау, кино көру, жай ғана әңгімелесу секілді сағаттар жасаса, бала да телефоннан алыстайды. Жанұяның жылуын сезінген бала мұндай нәрселерге аса әуес бола бермейді. Ал керісінше жағдайда балалар өздерін гаджеттермен алдайды. Мұның бәрін отбасыда сапалы уақыт өткізу арқылы шешуге болады.

 

– Қазіргі заман балаларының бойында қандай да бір ерекшелік бар секілді...

 

– Қазіргі ХХІ ғасырдың балаларында расында да ерекшелік бар. Оларды психологтар Х, У, Z (икс, игрек, зэт) ұрпақ деп 3-ке бөледі. 1980-жылға дейінгілерді – Х, 1980 – 2000-жылдар аралығын – У, 2000-нан жоғарыларды Z ұрпағы деп атайды. Яғни қазіргі балалар сол Z ұрпағына  жатады. Олар алдыңғыларға қарағанда өте өзгеше. Үлкендердің кішілерді түсіне алмауының басты себебі де сол. Өйткені қа­зіргілер өзгеше ойлайды, басқаша қабылдайды, кейде үлкендерге үйретіп те жатады.

 

Бүгінгінің балаларының ең басты екі ерекшілігі бар. Біріншісі – өте ақылды, тез қағып алады, үлкендер әрең түсінетін көп нәрсені олар өте оңай үйреніп ала алады. Тек қызығушылығын оята алсақ болғаны. Екіншісі – олар өте сезімтал келеді, жаны тез жараланады. Сондықтан да бұрынғы кездегі бала тәрбиелеуде қолданылған әдіс-тәсілдер қазіргілерге жүрмейді. Егер оларды бұрынғыша тәрбиелер болсақ, біз олардың сезімдерін жаралап, рухани мүгедекке айналдырып алуымыз әбден мүмкін. Мысалы, үлкендер «кезінде бізге ұрысса, тез ұмытып кететінбіз» деп айтып жатса, бүгінгі заманның балаларына жай қабақ шытудың өзі жеткілікті. Соның өзінде бұртиып, ренжіп, көпке дейін сөйлемей жүретін жағдайларды жиі кездестіреміз.

 

– Кейде «тәрбиесінен емес, тегінен» деп жатады ғой. Мінездің қалыптасуына тәрбие ғана емес, тегінің де әсері бар ма?

 

– Негізі бұл мәселе де қоғамда жиі айтылатын нәрселердің бірі. Тегіне, тұқымына жаба салу – ата-аналарға өздерін ақтап алу үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан олар арғы тегіне жауып құтылып кеткісі келеді. Бірақ оның бәрі – өзімізді алдау. Егер тұқымы дер болсақ, онда ешкімді тәрбиелеудің қажеті болмас еді ғой? «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөздерге мән берсек, балалардың  үлкендерден үлгі алу арқылы тәрбиеленетінін тағы да дәлелдеуге болады. Осы тұрғыда ата-ана өзін-өзі есепке тартуы керек деп ойлаймын. Әркімнің өзінің туа біткен мінез-құлқы болады, бірақ оны түзетуге болмайды деген сөз емес. Дұрыс жолмен және жүрекке жол таба отырып әрекет жасалатын болса, кез келген мінез тәрбиеге көнеді.  Сондықтан үлкендер жағы балаларға дұрыс үлгі көрсете алуды үйренсе екен деймін.

 

– Ол үшін ата-ана нені білуі керек?

 

– Бала тәрбиесі – ауқымды мәселе. Бұл – үлкен өнер. Перзентіне жарқын болашақ сыйлағысы келетін әрбір ата-ана бұл өнерді үйренуі керек. Ол үшін олар өздерін күнделікті дамытып отыруы керек. Осы тақырыптарға қатыс­ты көбірек кітап оқып, семинар-тренингтерге қатысып, ғаламтордан ақпараттар алуы қажет.

 

Біздің «Күнделікті отбасылық тегін кеңестер» деп аталатын әлеуметтік жобамыз бар. Оның басталғанына шамамен екі жылдан астам уақыт болды. Мұнда отбасы құндылықтары, бойдақтарға жар таңдау, отбасылық өмірге дайындық, жұбайлар жарасымы тақырыптары және бала тәрбиесіне арнал­ған түрлі форматтағы кеңестерді қатысушыларға жіберіп отырамыз. Ол үшін 8-708-679-20-59 нөміріне «WhatsApp» желісі арқылы өтініш қалдырсаңыз, ақысыз түрде қосыла аласыз. 

 

Бұл ешқандай чат немесе конференция, топ емес, мұнда кеңестеріміз әркімге жеке барады және қатысушының телефон нөмірлері көрінбейді. Сондай-ақ олардың жазғандарын менен басқа ешкім оқи алмайды. Қазіргі таңда шамамен 7000-нан астам адам­ға күнделікті кеңес жіберіп отырамыз.

 

Өзім құрған «Бақытты отбасы» орталығының курстары да бар. Ол онлайн да, офлайн да жүреді. Онда бойдақтардың отбасылық өмірге дайындығынан бастап, ата-әжелердің немере тәрбиесіне дейінгі бүкіл тақырыптарды қамтимыз. Үстіміздегі жылдың 15-ақпан күні қоғамдағы ең өзекті сегіз тақырыпты жинақтап өткізгелі отырған төрт айлық онлайн-курсымызды бастамақпыз. Біздікінің басым бөлігі ақылы болғанымен басқалармен салыстыр­ғанда 7-8 есе арзан деп айта аламыз. Қатысам деушілерге есік ашық. 

 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.   

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ