Мүгедек ананың мұң-зарын тыңдар құлақ бар ма екен? (видео)

07.02.2019
Қаралды: 375

«Замана» редакциясына Гүлмира Сыдықова есімді әйел шағым айтып келді. Оның Түркістан облысы, Сайрам ауданы басшыларына деген өкпесі қара қазандай екен. Мәселе баспанаға байланысты болып тұр.

 

Біздің тілшімізбен арадағы әңгімеде ол Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция басқармасы қызметкерлері жайлы да сөз қозғады. Полиция қызметкерлері не бүлдірді? Г.Сыдықова бізге не айтты? Біз бұл әңгімені өзгеріссіз ұсынуды жөн көрдік.

 

Үй кезегі неге жылжымайды?

– Мен 2012-жылы Сайрам ауданында үй кезегіне тұрдым. Содан бері үйден ешқандай хабар жоқ, қашан барсам да әне-міне деп кері қайтарады. Үй кезегі неге жылжымайды, соны түсінбеймін. Алты жылдан бері еститін жауабым: «Салынып жатқан жоқ. Салынса айтамыз ғой. Өзіміз хабар береміз». Бірақ мен бұл жауапқа сенбеймін. Себебі менен кейін кезекке тұрғандар үй алып жатыр. Менен алдын ғана кезекке тұрған дені сау, маған қарағанда тұрмысы тәуір әйелдер де көп күттірмей-ақ Көмешбұлақ ауылындағы екі қабатты үйден пәтер алды. Мен екінші топ мүгедегімін ғой, екі балам да мүгедек. Неге маған үй берілмейді? Осыны айтып Сайрам ауданының әкімшілігіне дейін бардым. Есігінен кіргізбейді, кері қайтарады. Мен соған күйінемін.

 

 

Менің баратын жерім жоқ. Қазір Шымкент қаласындағы темір жол ауруханасы жатақханасындағы аядай бір бөлмені жалдап тұрып жатырмын. Бес баламен бір бөлмеге сиып тұру да оңай емес. Бізге мамыр айында бұл жерді түгел босатыңдар деп жатыр. Жатақхана біреудің меншігіне кеткен сияқты. Мен енді қайда барамын? Сайрам ауданына қайта-қайта бара берейін десем, еститін жауабым анау. Жол жүруге шамам да болмайды. Шаршап қаламын. Не нәрсеге тап болып қалады деп мүгедек балаларды тастап шыға да алмаймын.

 

– Балаларыңыз жайлы айтыңызшы. Оларға не болды?

– Біз Түлкібас ауданына қарасты «Колхоз Жамбыл» аталып кеткен ауылда тұрдық. Өзіміздің үйіміз жоқ, ол жақта да пәтер жалдадық қой. Балаларым мектепке баратын. 2012-жылдың бір күні мектептің директоры шақырды. «Тез келіңіз! Мына балаларыңыз жүйке дертіне шалдыққан-ау», – деді. Бардым. Директор қасыма бір апай мен ағайды қосып, дәрігерге жіберді. Аудан орталығындағы ауруханаға бардық. Дәрігерлер бізге Шымкенттегі жүйке аурулары диспансеріне жолдама жазып берді. Ондағылар күдікті растады. 1999-жылы туған егіз ұлдарымның біріне эпилепсия, екіншісіне ақыл-естің дамымауы деген диагноз қойды. Содан бері балаларым сол диспансерде есепте тұрады. Екінші топтағы мүгедек. Ұлдарым қазір 19 жасқа келді. Оларды ауру деп ойламайсың. Тәп-тәуір киіндіріп қоямын. Қолымнан келгенше ешнәрседен тарықтырғым келмейді. Бәрібір олардың жанында үнемі біреу қарап жүруі керек. Әйтпесе кейде өз тірліктеріне жауап бере алмайды, не істеп, не қойғандарын білмей қалады. Біреулер балаларыңды интернатқа өткізіп таста дейді. Көзім қиып қалай өткіземін оларды, айтыңызшы?!

 

Құлдыққа салмақ болған ба?

– Оларды интернатқа өткіз деуінің себебі неде? Жасырмай айтыңызшы.

 

– Өйткені үнемі көз жазбай қарап отыруым керек. Әйтпесе бір бәлеге тап болуы мүмкін.

 

– Мысалы?

 

– Үсенім 2017-нің тамыз айында үйден шығып кетті. Содан жоқ. Өздігімнен іздеп таппаған соң Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Олардың рұқсатымен телеарналардан суретімен көрсетіп, іздейтінімді хабарладым. Қаланың да әр жеріне баламның суреті мен өзімнің телефон нөмірім көрсетілген қағаз жапсырып шықтым. Он екінші күні жас қыздар хабарласты. Аты-жөндерін айтпады. «Колос» жақта сырты сары ломбард бар. Соның артында  қуыстау жерде бір жігіт ағашқа байланып тұр. Екі қолын екі жаққа керіп байлап тастаған. Біз қасына жақындауға қорықтық. Кімсің деп сұрап едік: «Мен Үсенмін. Полицияға айтыңдаршы», – деп жатыр», – деді. Баламды сол жерден алып келдім. Екі қолын екі жаққа керіп байлап қойыпты.

 

– Кім байлап қойғанын біле алдыңыз ба?

– Жоқ. Сол бойы біле алмадым. Баламнан сұрап едім: «Маған біреулер кафелерді аралап, ақша сұра деді. Мен әркімге барып ақша сұрадым. Содан кейін олар менің ақшамды алып, өзімді байлап қойды», – деп жауап берді. Кім десем, айтпады. Бала 12 күн жоқ болды. Оны кім мұндай жұмысқа жегіп жүргенін білмеймін. Кім де болса бұлардың осындай аурумен ауыратынын біледі. Соны пайдаланатын сияқты.

 

– Неге полицияға шағымданбадыңыз?

– Полициядан не көмек күтем? Олардың өзі де ақыл-есі сау емес баланы қамап қойып, әуреге салды емес пе? Өткен жылдың маусым айында әкемнің оразасы деп бір күнге ауылға кеткен едім. Қызым: «Тез жетіңіз, Үсенді полиция әкетіп қалды!» – деп хабарласты. Үйге келдім де Әл-Фараби, сосын Абай, одан кейін Еңбекші аудандық полиция басқармаларына бардым. Олар бізде жоқ деді. Жүрегім атқақтап, қан қысымым көтеріліп кетті. 102-ге хабарластым. Баламның аты-жөнін айтып едім, қайда екенін айтты. Абай аудандық полиция басқармасында отыр екен. Ондағылар: «Балаңыз біреуді ұрып кетіпті», – деді. «Бұл ауру, өз-өзіне жауап бере алмайтын бала ғой», – десем, тыңдамады. Сараптамаға жібереміз деді. Кешкі сағат тоғызға дейін сол жерде отырдым. Сот-медициналық сараптамаға бізді екі полиция қызметкері апарды. Барған кезде балам аласұрып, өз-өзін қылқындыра бастады. Бір кезде жерден бір уыс тас алып, оны қашырлатып шайнай бастады. Анамын ғой, жүрегім шыдамай, жылап, жалынып жүрмін. Бірақ олар мұны жауаптан жалтарудың жолы деп түсінді. Мен жедел жәрдем шақырдым. Баламды жүйке аурулар диспан­серіне апардық. Қабылдау бөлмесінде толық келген бір әйел  отыр екен, баламды тексеріп көрді. Апар­ған екі полицей әлгі әйелмен бір бөлмеге кіріп кетті. Бір сағаттай сөйлескен соң баламды сол жерден «Сәуле» жаққа «СИЗО»-ға алып кетті. Неге олар менен жасырын сөйлеседі? Ауру баланы қамап қоюына бола ма? Айтсам күйіп кетемін ғой, күйіп кетемін. Неге әлгі дәрігер менің баламның ауру екенін растамады? 2012-ші жылдан бері сол жерде есепте тұрады емес пе? Байғұс балам осылай түрмені де көрді, екі ай қамауда жатты. Осы дұрыс па?

 

– Бес балам бар дедіңіз...

– Үлкен қызым 33 жасқа таяды. Тұрмыста болған. Екіншісін көтерген кезде бала ішінде өліп қалыпты. Солай жатырын алып тастады. Осы себепті ажырасып кетті. Сосын осы егіздерім. Одан кейінгі ұлым студент, колледжде оқиды. Он жетіде.

 

Қызымның бір баласы бар. Менің қарауымда бол­ғандықтан бес балам бар деймін. Қызымның жұмыс­қа шығуға мүмкіндігі жоқ. Мен инсульт алғанмын, бір жақ аяқ-қолым дұрыс жұмыс істемейді. Екінші топ мүгедегімін. Күнара ауырамын. Балалар да, мен де мүгедектікті 2012-жылы алдық. Маған және іні­лерінің жағдайына қарап, қыз үйден шыға алмайды.

 

...Гүлмира Сыдықова осылай дейді. Жанайқайын жергілікті билікке жеткізе алмаған соң шағымын ақпарат құралдары арқылы айтуды жөн көріпті. Біз Сайрам аудандық әкімдігі Г.Сыдықованың үй кезегіне қатысты тиісті жауап күтеміз. Ал басқа да қайырымды адамдар бұл отбасыға сауап үшін жәрдем қолын созып жатса, қуана құптаймыз.

 

Қиналған жандардың сөзіне құлақ түрейікші!

 

Р. ОРДАБЕК.

Гүлмира Сыдықованың байланыс телефондары: 8-778-874-06-68, 8-771-681-61-04.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ