«Ғарыш-бала» ойыншығы тек қазақша сөйлейді

07.02.2019
Қаралды: 379

Бүгінде өз елімізден шығарылатын отандық ойыншықтар қатары көбейіп келеді. «Замананың» өткен нөмірлерінің бірінде құран оқуды үйрететін Фатима қуыршағы туралы жазғанбыз. Енді Алматыдан шығатын «Ғарыш-бала» робот-ойыншығы туралы айтпақпыз.

 

Бұл ойыншықтың басты пайдасы – балаға әперсеңіз, ол бірінші кезекте смартфонды ұмыттырады екен. Бұрынғыдай телефонды бермесең, шалқасынан түсетін сәбилер енді «Ғарыш-баламен» достасады, әңгімелеседі. Олар өзара сөйлесіп, бір-бірінің басынан сипап, мақтап отыратын болады. Гаджеттегі 7 түрлі диалог арқылы балаңыз ойнап отырып сөйлеседі, тілін дамытады. Мәселен, ойыншыққа: «Сәлеметсің бе?» – деп сұрақ қойылса, ол: «Сәле­метсің бе, балақай?» – деп сол мезетте-ақ жауап береді.

 

– Қайдан келдің?

– Ғарыш әлемінен келдім.

– Ғарышта кімді көрдің?

– Талғат ағаны көрдім.

 

Міне, осылайша ол әр сұраққа жауапты мүдірмей айта бастайды. «Кімнің баласысың?», «Өскенде кім боласың?» деген сияқты сауалдар­ға да тіл қатады. Егерде балаңыздың тілі кейбір сөздерді айтуға келмей жатса, «Ғарыш-бала»: «Сіз қай тілде сөйлеп тұрсыз? Маған тұнық қазақша керек», – деп перзентіңіздің сөйлесуге қызығушылығын арттыра түседі.

 

Одан соң балаңыз ойыншықтағы қазақтың ұлы күйшілерінің он күйін тыңдап, әуен жаттауға бейімделеді. Сондай-ақ гаджетке бесік жыры, күлдіргілер жинағы, 16 балалар әні, әліппе, өлең мен жыр, ана тілін үйрету әдістемесі, жаңылтпаштар, санамақ және 50 әңгімелер топтамасы мен ертегілер жинағы ендірілген. Бұл арқылы перзентіңіздің ақыл-ойы мен дүниетанымы кеңейіп, қиялы дамиды. Еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарымпаздығын қалыптастырып қана қоймай, сәбиіңізді тал­ғампаздыққа тәрбиелеп, өнерге ынталандырады.

 

Баламен тек қазақша сөйлесетін бұл ойыншықтың бағасы 9 мың теңге тұрады. Тапсырыс бергіңіз келсе, «garіsh_bala» сайтына кіріп, немесе 8-775-138-33-48 нөміріне байланысып, сатып ала аласыз. Бұл робот-ойыншықтың Қазақстанның кез келген өңіріне жеткізілу құны тегін екен.

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ