Басшыларға қазақ тілінен емтихан тапсырту керек

05.02.2019
Қаралды: 398

Жауыр болған тақырып бар. Оның өзі – қазақтілді журналистердің көтеріп, айтып, жазып, қоғамға ой салып барып ақыры аяғы сиырқұйымшақтанып кеткен қазақ тілінің мәселесі. Бізде намыс жоқ, намыстан бұрын ақиқатын айтып, адалдығына жүгінетін патриот жоқ. Патриот болып жүргендердің бәрі бәлду-бәлду ешкінің құйымшағы.

 

Отыз жылға жақындаған тәуелсіздікті біз қағаз жүзінде ғана бас шұлғып мойындаймыз. Ал іс жүзіне келгенде Ресейдің боданы сияқтымыз. Кеңестік жүйенің ықпалында бол­ған одақтастардың барлығы өз тілінен бас тартпаған. Тек айыр қалпақты ағайын қыр­ғыз бен қазақ қана ресми тілдің көлеңкесінде отыр екен. Иә, төркіндес болғанда, жатырлас-ау екі ағайын!

 

Жалпы, мемлекеттік қызметке қабылдаған жас маманнан бастап, республиканы, өңірді, ауданды басқарып отырған барлық басшыға ана тілінен емтихан тапсырту керек. Сосын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын жатқа айтып, емтиханнан өтсін.

 

Құдай куә, жастарға патриоттық әңгімелер айтатын жақсы мен жайсаңдардың барлығы Әнұранды жатқа білуі екіталай. Білмейді де. Әнұранның авторын білетін-білмейтініне дейін түбегейлі тексеріп барып қызметке тағайындаған ләзім. Жиындар, дөңгелек үстелдер, бас қосулар орысша өрбіп жатса, қоғам болып қазақтілділер талап қойсын.

 

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсінбей жүргендер көп. Кейбіреулер оны концерт қойып, домбырамен ән айтып, ұлттық киімді киіп шығу деп ойлайды. Әй, олай емес, былай десеңіз түсінбейді олар. Өйткені «өзінен зор шықсаның» кері!

 

Қысқасы, орыс тілі кімнің тілі? Менің тілім емес, оның тілі емес, Ресейдің тілі! Ресей тілінің маған, қазаққа, ұлым мен қызыма қажеті жоқ. Ол тілде өздері сөйлесін!

Жеңіс ОСПАНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ