Мектепте «ботаник» атанып, бай болуды армандаған Әбдірахымов қалай әкім болды?

27.07.2016
Қаралды: 920

Шымкенттің әкімі Ғаби­долла Әбдірахымов бала күнінде сиыр сауып, мал баққан. Ата-анасының қатал тәрбиесін алған ол үнемі кітап оқып, өз ортасында салмақты мінезімен ерекше­леніпті. 

Төртінші сынып оқып жүрген кезінде бірге ойнай­тын қатарластарына «ауыл­дың ең бай адамы боламын» деп уәде еткен екен.

Миллионға жуық халқы бар Шымкентті басқарып отырған әкім Әбдірахымовтың балалық шақтағы арманы да ерекше. Бұл туралы қала басшысының туыстары «Nur.kz» сайтының аймақтағы   тілшісіне айтып берді.

Ерекше қасиет дарыған бала

Шымкент басшысы Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Сары­ағаш ауданы, Дербісек ауылында қарапайым отба­сында дүниеге келген. Әкесі Рахматолла – инженер болған. Ал анасы Әнипа – ғұмырын білім саласына арнаған. Қарапайым қызмет­кер болып жүрген олар үш ұл мен екі қызды тәрбие­леген. Екеуі де бала тәрбиесіне өте қатал қарап­ты. Балаларынан тек білім мен тәртіпті талап еткен. Әкесі Рахматолла перзент­теріне: «Мен сендерге кере­мет етіп үй салып, дүние жинап қалдырмаймын. Тек білім мен тәрбие беремін. Ал жоғары білімді өз күште­ріңмен аласыңдар. Ақша беріп оқытады деп тіпті ойламаңдар», – деп үнемі ескертіп отырған. Әкенің бұл сенімін ұл-қыздары ақтап шығыпты. Бес перзенттің барлығы да мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған.

Бүгінгі әкім неміс тілін мектеп кезінен тереңдете оқыған. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен анасы сабақ берген.

Ғабидолла Әбдірахымов үйінде ұлдардың үлкені. Әпкесі Айжамал екеуі Қуаныш, Мұхтар есімді інілері мен Нұржамал қарындасын қамқорлығына алып, бауыр­мал болып өскен. Әлі күнге дейін бауырлары мен туыс­тарын қамқорлығына алып келеді екен. Еңбекқор, шын­шыл әрі пысық болған Шым­кент әкімі әділетсіздік орын алса, соны дәлелдемей жаны жай таппайтын бала болып өскен.

Әбдірахымовтың лақап аты жоқ. Туыстары үшін «қарапайым Ғабит». Ал жары Данара «Ғабидолла» деп атайды. Әкімнің туыс әпкесі Раушан Исмайылова Әбдіра­хымовқа ерекше қасиет дарыған дейді. Анасы Әнипа дін жолындағы қасиетті адам­дар­дың біріне барғанда Ғабидоллаға аяғы ауыр кезде ай сәулесі арқылы тылсым қасиет дарыған деп айтыпты.

Мектепте «ботаник» болған

Оқушы Ғабидолла мек­тепте көшбасшы болып, қоғамдық шараларға белсене ат салысып өскен. Н.Крупская мектебінде орысша білім алған оның кітап оқуға деген құштарлығы жоғары болғаны соншалық, бала күнінде інісі Мұхтармен мал бағуға шығып, кітаптың қызығына кіріп кетіп, он бес қойды жоғалтып алған екен.

Алайда білімге ерекше көзқараспен қарайтын тәрбие көрген әкесі Рахматоллаұлы бұл кезде ұлдарына ауыр сөз айтып, ұрыспапты. Тек оны жақсылыққа балап қоя салған. Содан бері Ғабидолла Әбдірахымов: «Алла бізге берсе, біз өзгелерге бөліп беру керекпіз» дегенді ұраны еткен. Туыстарының айтуын­ша, бұл ойын әлі күнге дейін өзгертпепті. Қатарласы  Мәлік Әлменов Шымкенттің басшысы көршілеріне үнемі қолдау көрсетіп отыратынын айтты. Осыдан біраз жыл бұрын жесір қалған көршісінің ұлының Астанада білім алуына демеу жасапты.

Ғабидолла Рахматоллаұлы оқушы кезінде өзгелер секілді сотқар болып, төбелеске құмартпаған. Бұзақылықтан жанын аулақ ұстауды құп көрген ол оқымыстылығымен ерекшеленген. Бірге оқыған ауылдасы Әлменовтен Шымкент бас­шы­сының балалық шақтағы махаббаты туралы сұра­ғанымызда ашылып айтқысы келмеді. Соған қарағанда оқушы Ғабидолланың мектеп кезде махабатта жолы болмаған секілді.

Сыныптастарымен әлі күнге дейін араласып тұратын Шымкент әкімі мектеп бітіргеніне 20 жыл толғанда жұмысбастылықтың салда­рынан мерекелік отырысқа келе алмай, 100 мың теңге беріп жіберіпті.

Шымкент басшысының ауылына барарда жолда онымен бірге өскен ауыл­да­сын жолықтырып қалдық. Өзін Қабыл деп таныстырған азамат жүк көлігімен Ресейге тауар жеткізеді. Ара-тұра Астанадан өткенде Ғабидол­ламен хабар­ласып (ол кезде Әбдіра­хымов Астанада қыз­мет ететін), тіпті бірге шәй ішіп, әңгімелесетін болып шықты. Кездейсоқ сұхбат берушіміз әкімнің қарапа­йымдылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес деп отыр.

Бай болуды армандаған Әбдірахымов

Сыр-сұхбат барысында Әбдірахымовтың нағашы жеңгесі Мақпал Айтуова оның балалық шағындағы арманын да атап өтті.

«Мен Ғабиттің (Ғаби­долланың) нағашы аға­сына тұрмысқа шыққа­нымда, ол бір жасар бала еді. Балаларым онымен бірге өсті. Сол кезде біздің балалармен Келес өзеніне шомылуға жиі баратын. Төменгі сыныпта оқып жүрген ол құрдастарынан «Ауылдың ең бай адамы кім?» деп сұраған. Қасындағылар «Сейіт­хан» ғой деп жауап берген. Сейітхан деген кісі екі қабатты үйде тұратын бақуатты кісі болатын. Сонда Ғабит: «Мен одан да бай боламын» деп тілегін айтқан екен», – деді әкімнің жеңгесі.

Шымкент әкімі Ташкент базарында ірімшік сатқан

Нағашы жеңгесінің әңгімесіне өзге де туыстары қосыла кетті. Айтуларынша, Ғабидолла Әбдірахымов анасын ерекше құрметтейді. Тіпті бала күнінде үйіне кім келсе де, анасы ұйықтап жатса, «тыныш, анам дема­лып жатыр» деп айтып, келген қонаққа көрпеше салып беріп, шәй қойып, дастархан жайып беріп жүрген. Ерекше айта кетерлігі, Әбдірахымов сыртқы келбеті жағынан анасына қатты ұқсайды. Балалық шағындағы тағы бір естелік, оқушы Ғабидолла анасымен бірге сиыр сауып, күбі пісіп, ірім­шік дайындап, Ташкент қаласындағы базарда сауда жасаған. Әпкесі Раушан оның сауда жасап тұрған жүзі әлі күнге дейін көз алдында екенін жасырмады.

Анасына үнемі көмектесіп жүретін Ғабит Ташкент базар­ларының бірінде сауда жасайтын кезде  сатып алушы­лар ұзын-сонар кезекте тұратын. Әрине, ұзын бойлы, түрі де келісті сатушыдан кім сауда жасағысы келмейді дейсіз? Алып келген тауарын әп-сәтте сатып қоятын ол қайтарда тапқан табысқа анасымен бірге азық-түлік алып қайтатын. Бірақ ана­сына үш келіден артық ауыр сөмке көтертпейтін», – деді әкімнің әпкесі.

Тағы бір айта кетерлігі, Ғабидолла оқушы кезінде інілерімен бірге әкесі мен анасын төл мерекелерімен құттықтауды ұмыт қалдыр­маған. Ағашты күйдіріп, қол­дан жасаған түрлі мүсіндер Әбдірахымовтар әулетіндегі бағалы сыйлықтардың бірі болып табылады. Айтпақшы, Шымкент әкімінің туыстары оның қызметтегі өсуіне ешкім­нің ықпалы болмағанын айтты.

«Бір жылдары «көке­сінің арқасында көтерілді» деген әңгімелер шыққан. Оның бәрі бос сөз. Ғабит таза білімінің, еңбекқорлығының арқасында қызметте өсті», – деді туыстары.

Қараусыз қалмаған қара шаңырақ

Әбдірахымовтың балалық шағы өткен шаңырақта бүгінде анасы Әнипа тұрады деген аты болмаса, ол кісі ұлы Ғабидолланың қолында. Қара шаңыраққа жаз ауа­сында жиі бас сұғады. Туып-өскен үйге Әбдірахымов соңғы рет Рамазан айында келіп, туыстарының басын қосып, құран оқытып кетіпті. Үй иелері жоқта бұл бас­панаға көршісі Дильфуза бас-көз болады. Екі күнде бір рет үйді жинап, қарап отырады.

ОҚО-ның экс-әкімі Тұрысбековтың ұлымен туған бажа

Әпкесі Раушан Исмайы­лованың айтуынша, әкім Ғабидолла Рахматоллаұлының жары Данара да текті жердің қызы. Танымал профессор Тынысбек Қалменовтің пер­зенті. Әпкесі Салтанат – кезін­де Оңтүстік Қазақстан облы­сына әкім болған, бүгінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарып жүрген Зауытбек Тұрыс­бековтің келіні. Данара мен Ғабидолланың таныстығына осы Тұрысбековтер әулеті септігін тигізген екен. Шым­кент басшысы Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Асқармен (бүгінде «Петро­Казахстан Ойл Продактс» компаниясының вице-прези­денті) туған бажа.

Жары Назарбаевқа иіліп сәлем салған

Әбдірахымовтың туыстары Шымкент әкімінің жары Данара Қалменованы жер-көкке сый­ғызбай мақтап тастады. Айту­ларынша, қазақи тәрбие алған Данара өте көпшіл. Үйіне келген қонақты асты-үстіне түсіп күтіп, дастар­ханын жайнатып, күлімдеп қарсы алады. «Мен әкімнің әйелімін» демей, туыстары қонақ күтсе, келіндік міндетін атқарып, ыдыс та жуып, басы­нан орамалын таста­майды.

Әбдірахымов Астанада қызмет етіп жүрген кезде Елбасының қатысуымен жаңа жылдық кеш өткен екен. Оған бірқатар лауазым иелері жұбайларымен қатысқан. Барлық қонақтар мерекелік бетперде киіп, көңіл көтеріпті. Кештің соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бетпер­десін шешіп, ортадағы сан­дықты ашпақ болады. Сол сәтте Президенттің алдында тұрып қалған Әбдірахымовтың жары иіліп сәлем салған. Мұны көрген Назарбаев көп жаса деп, «Қай жақтың қызысың?» деп сұрапты. Данара болса: «Оңтүстіктің қызымын. Ғабидолла Әбдіра­хымовтың жарымын» деп жауап берген. Елбасы: «Өзім де солай ойлап едім. Оңтүстіктің қыздарынан үлгі алу керек» деп ұзын бойлы, реңді келген жас келіншекке ризашылығын білдіріпті.

Дәл осы кеште  Президент «сиқырлы» сандықты ашқан сәтте өзгелер ішіндегі сый­лығын алуға талпынса, шымкенттік келін Данара сандықтың кілтін қағып алыпты. Қызыққа толы естеліктер айтқан Раушан Исмайлова Ғабидолла Әбдіра­хымовты Елбасы Назарбаевқа да теңеп алды.

«Болашақ» бағдарла­масы­мен Германияда білім алып, неміс тілін жетік меңгерген 41 жастағы Шымкент әкімі – көпбалалы әке. Жары Дана­рамен бірге қыздары Аделя, Алтынай, Хадишаны және ұлы Әлиханды тәрбиелеп отыр.

Ал үлкен қызы Әсел бүгінде Америкада білім алуда. Бес уақыт намазға жығылған Ғабидолла Әбдірахымовтың інісі Дербісек ауылында балабақша салып жатыр. Бұған дейін анасы меншігіндегі жерді мемлекетке беріп, ол орынға мектеп салыныпты. Айтпақшы, Дербісектегі орта­лық көшелердің біріне Ғабидолла Рахматоллаұлының атасы, өмірінің соңына дейін мектеп директоры қызметін атқарған Тәжітіллә Әбдіра­хымовтың есімі берілген.

Айта кетейік, Ғабидолла Әбдірахымовтың есімі был­тырғы жылдың көктемінде ел ішінде жиі айтылды. Кәсіпкер Қайрат Жамалиев жас жігіт Әліби Жұмағұловты өлімше етіп сабап тастаған соң аталған істің тергелу барысында ҚР Президент Әкімшілігі басшысының сол кездегі орынбасары (қазір­гі Шымкент әкімі) Әбдіра­хымовтың есімі аталған.

Соны­мен қатар отандық тіл­шілер­дің бірімен әңгімелескен Ғабидолла Әбдірахымов екі әйелі барын жасырмай айтқан. Тілшінің «Елімізде екі әйел алу заңда рұқсат етілген бе?» деген сұрағына: «Маған Аллаһтың өзі рұқсат берген» деп жауап беріп, жұрттың жағасын ұстатқан болатын.

(«Nur.kz»)

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ