Айсұлудың жағдайы не болып жатыр? (видео)

04.02.2019
Қаралды: 348

«Замана» газетінің өткен нөмірінде шымкенттік 12 балалы келіншек Айсұлу Жәлелқызының жай-күйі туралы жаз­ған болатынбыз. 13 жасында тұрмысқа шығып, тұңғышын 14-інде босанған 34 жастағы бұл әйелдің жетімдіктің тауқыметін көргенін, мектеп табалдырығын мүлде аттамағандығын айта келе оның қазіргі өмірі туралы да сөз еткен едік.

 

12 баламен пәтерден пәтерге көшіп жүрген Айсұлу табатын мардымсыз табысы пәтерақыдан артылмайтынын, ішіп-жем мен киім-кешекке жеткізе алмай, тарығып қалатынын да жасырмай айтқан болатын. Жолдасының денсаулығы ауыр жұмысқа жарай бермейтінін де түсіндірген еді.

 

Мақала жарық көрген соң келіншектің жанайқайы айтылған видео әлеуметтік желіде жарияланды. Ондағы Айсұлудың айтқандары біраз адамның назарын аудар­ған еді.

 

 

«Ақшалай әлеуметтік көмекке құжат өткізейін десең, «мынауың болмайды, анауың болмайды» деп шығарып салады. «40 мың теңге берсең, бәрін өзіміз істеп береміз» дегенді айтады. 40 мыңды мен оларға берем бе, жоқ бала-шағама бөлем бе?  Қарап тұрсам, ақша тықпалағандарға ғана жүгіріп жүріп жасап береді. Ал біз барсақ, көздеріне де ілмейді. Одан кейін көңілің қалып, барғың да келмей қалады. Олар сонда тек жағдайы барларға ғана қызмет көрсете ме?!» – деп ашынған болатын Айсұлу.

 

Күні кеше Айсұлудың өзімен тағы хабарласып, жағдайдың қалай болып жат­қандығы туралы сұраған едік. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасының қызмет­керлері Айсұлуды шақырып, құжаттарын қабылдап алған көрінеді. Енді ол біраз күннен соң аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрін ала алатын болады.

 

Десе де Айсұлуды қинайтыны – баспана мәселесі. 12 баламен кез келген пәтерге ала бермейтіні тағы бар. Айлығы шайлығына жетпей отырғанда пәтерақы төлеп күнелту қиынның қиыны.

 

«Менің айтқандарым жоғарыдағыларға жетсе, баспаналы болсам екен деймін. Біреудің уақытша берген үйінде де тұра алмаймын, көшіп-қонып жүру маған қиын. Өйткені бала-шағам көп, кіреді-шығады дегендей. Маған үкімет тарапынан жәрдем болса екен. Елбасының құлағына менің мұңым жетпейтінін білемін, әйтпесе барар едім, айтар едім. Үй кезегінде тұрмын-ау, бірақ менің кезегім қашан келеді? Барсам, 10 жыл болса да, 15 жыл болса да күтесіз, бере қояр дайын тұрған үйіміз жоқ дегенді айтады. Мен не істеймін енді?» – дейді Айсұлу.

 

Расында да, 12 баланы өмірге әкелген жас анаға жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Сол балалардың арасынан ертеңгі күні еліміздің туын көкке көтеретін азаматтардың өсіп шықпасына кім кепіл? Айсұлудың баспаналы болып, қуаныштан көз жасын сүртетін күні қашан туар екен?  

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ