Кипрде тұратын қазақ қызы

02.02.2019
Қаралды: 562

Бүгінде мүмкіндік туып жатса, алыс-жақын шетелдерге барып демалып қайту, білім алу, жұмыс істеп табыс табу деген аса қиын емес. Сондай-ақ қазіргі күндері шетел мектебінде дәріс алып жүрген оқушыларымыз да бар. Біз таяуда осындай балалардың анасы Диана Кемел есімді жерлесімізбен (суретте) сұхбаттас болдық. Ол бүгінде Солтүстік Кирпде тұрып жатыр.

 

Сапалы білім береді екен

 

Диана Кемел Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының орталығы – Қа­зығұрт кентінде туып-өскен. Өзінен кіші екі інісі бар. Ата-анасы Сәлімжан мен Фарида – мұғалімдер. Диана 8-сыныпта оқып жүргенде отбасы Шымкентке қоныс аударыпты. Ол мектепті Шымкентте бітірген, кейін Оңтүстік Қазақстан Мем­лекеттік университетінің «Кеден ісі» факультетінде білім алған. Оқу орнын аяқтағасын Шымкенттегі банктердің бі­рінде еңбек еткен. Тұрмысқа шыққаннан кейін Алматыдағы бір компанияда жауапты қызмет атқарған. Бүгінде жолдасы Болатпен бірге екі бала өсіріп отыр екен. Болат қазір Алматыда қызмет істейді.

 

Диана Солтүстік Кипрге өткен жылдың қыркүйек айында барыпты. Сондағы Искеле деп аталатын қалашықта тұрақтаған, екі бөлмелі пәтер сатып алған. Айтуынша, ол жақтағы мұндай пәтерлер бағасы 40 мың фунт-стерлингтен басталады. Баға пәтердің жай-күйі, тұрған аумағының тұрмысқа, қатынасқа қолайлылығына қарай одан әрі арта береді.

 

Диана Искеледе Жания және Жәңгір есімді балаларымен бірге тұрып жатыр. Қызы 5-сыныпта оқиды, ұлының жасы – 5-те.

 

«Алматының ауасы жағыңқырамай, аллергиямен жиі сырқаттанып қала берген­діктен балалардың денсаулығын әрі бі­лім алу жағын ойлап осында келдік. Мұн­да түрік және ағылшын тілдерінде, ұлы­британиялық білім жүйесімен оқытады. Білім сапасы өте жоғары. Аралдың ауасы да денсаулыққа жағымды. Қазір Жерорта теңізінің жағалауында тұрамыз, бұл жақтың климаты жақсы», – дейді Диана.

 

Білгеніміз – ол жақта бір балаға жылдық оқу ақысы 2500 доллар, сабақтарын сапалы, қызықты етіп өткізеді екен.

 

«Мысалы, 5 жасар ұлымның сыныбында робот жасау, кодтау сияқты нәр­селерді де үйретеді. Мектеп меншігінде ат, басқа да үй жануарлары бар. Балаларды атпен серуендетіп тұрады. Мектепте тек түрік және ағылшын тілдерінде ғана емес, неміс, француз тілдерінде де оқытады.

 

Балаларды мектепке арнайы автобуспен апарады. Мұғалімдері өте білікті, балаларға мейірімді. Мектеп директорының өзі бөтен елден бірінші мәрте келген баланы есіктің алдынан күтіп алып: «Қорықпа. Бұл жерде бәрі жақсы. Әлі-ақ үйреніп кетесің», – деп жатқанын бірнеше рет көрдім.

 

Таяуда 5-сыныптағылар арасында байқау өткен болатын. Ол үлкен залда ұйымдастырылды. Сахнаны кереметтей етіп безендірген. Әр елден келіп оқып жатқан 90-ға жуық бала өз өнерлерін көрсетті.

Осы байқаудың арасындағы үзілісте музыка пәнінің мұғалімдері концерт қойды. Кереметтігі сонша, мен алғашында оларды кәсіпқой әртістер екен деп ойлап қалдым. Сөйтсем, қызым олардың бәрі де біздің ұстаздар дейді.

 

Сол күннің ертеңіне 5-сыныптардың Ашық сабағы болды. Онда да мені таң­қалдырған әрі риза еткен жайлар аз болған жоқ. Балалар заманауи техниканы қалай меңгеріп жатқанын көрдім. Олар роботтарға жұмыс істетті. Жалпы, балалар мектептен ғылыми жағынан да көп нәрселерді меңгеріп шығады екен», – дейді Диана.

 

Олар қазір Искеледегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Үй ауласында жанға керектің бәрі бар, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін барлық жағдай жасалған. Диана онда спорт алаңшалары, жаттығу құралдары, үйірме, клубтар, бассейн, монша – қысқасы, жайлы тұрмыс үшін не керек, бәрі бар екенін айтады.

 

Теңізге шомылуға болады

 

Дәл қазір Кипрде күн жылы екен. Диана біздің өзіне теңізге шомылып қайтқан бетте хабарласып отырғанымызды айтты. Біздің есепке салсақ, Кипрде жыл тек екі маусымға ғана бөлінетін сияқты.

 

«Естуімше, мұнда мамырдан қазан айына дейін жаз болып тұрады. Ал қараша айынан наурызға дейін – көктем. Бұл жақтың адамдары жылы ауа райына үйренген, сондықтан қазір теңізге шомылатындар аз. Ауа райы 12 – 20 градус жылылық аралығында болып тұр. Өз басым мұндай кезде суға түссем, аса тоңа қоймаймын», – дейді Диана.

 

Ол жақтың адамдары өздерін «киприот», яғни кипрліктерміз деп атайды екен. Кипр республикасында – гректер, Солтүстік Кипр түрік республикасында түріктер тұрады. Екі халық та аралда бұрыннан тұрып келген. Кезінде бұл арал Осман империясының құрамында болған. Кейін ол Ұлыбританияның қол астына өткен. Онда қазір 1 миллиондай адам тұрады. Халқының үштен бірі – түріктер.

 

Кипр Ұлыбританиядан тәуелсіздігін алғасын, 1974-жылдары ондағы гректер мен түріктер арасында соғыс болыпты. Сонда түріктер тұратын жағына Түркия әскер кіргізген екен. Сосын Солтүстік Кипр түрік республикасы құрылған. Бірақ оны тек қана Түркия таниды, өзге мемлекеттер мойындамайды екен. Дегенмен де онда ұлтаралық араздық білінбейді, екі халық бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Тіпті ел астанасы Никосия да ортақ саналады, тек арасын арнайы жасыл белдеумен бөліп қойған. Оны Диана Никосияда болғанында көріпті.

 

Тағы бір қызығы, ондағы елді мекен­дердің атаулары екі-үш түрде аталады екен. Мысалы, Никосияны түріктер «Лефкоша» деп атайды. Дианалар тұратын Искелені гректер Трикомо дейді. Газимагус – Фамагуста деп, Гирне – Кирения деп аталады.

 

Есіктерін құлыптамайды, ұрлық, пара деген жоқ

 

Кейбір елдерде ұрлық, қылмыс, жем­қорлық жоқ екен десе таңқалатынымыз рас қой. Дианаға бұл жөнінде де сұрақ қойып, бір таңданып алдық.

 

«Бұл жақтың адамдарының кейде есігін құлыптамай жүретінін көріп, алғашында таңқалған едім, – дейді Диана. – Сөйтсем, ол қалыпты жағдай екен. Жұ­мыс­қа да үйінің есігін құлыптамай кете беретіндер бар. Кейде автотұрақтағы, көшедегі көліктің әйнегі ашық, ішіндегі орындықта түрлі заттар, әмиян жатқанын көресің. Оған ешкім де тимейді. Адамдары ұрлық дегенді білмейтін болған соң осындай шығар.

 

Бұл жақта ауыз судан проблема бол­ған екен. Суды краннан алмайды. Осыдан біраз бұрын Түркиядан су құбырын тартып жеткізіпті. Содан су тасушылар бар. Есіктің алдына 20 литрлік екі ыдыс­ты шығарып, жанына біздің ақшаға шаққанда 800 теңгедей қалдырамыз. Су тасушы келеді де, бос ыдыс пен ақшаны алып, орнына суға толы ыдыстар қалдырады. Біреудің суын біреу жымқырып кетіпті дегенді естіген емеспін.

 

Біреу пара алып ұсталды дегенді де ести қоймадым. Алғашында, осында келгенде бір кісілерден егер жол ережесін бұзсаң, полицияға пара беремін деп ойлама, ол үшін айыппұл салады, тіпті елден депортациялауы да мүмкін дегенді естігенмін. Жалпы, бәрі заңды түрде жасалады. Мысалы, мен осында тұруға  рұқсат беретін ықтиярхатты ешкімді араластырмай-ақ, заңды түрде, аз ғана уақыттың ішінде алдым.

 

Мұнда келгелі бір-ақ рет, Африкадан келген бір азаматтың кеңсеге ұрлыққа түсіп ұсталғаны туралы ғана естідім. Әзір­ге ұрлық, қылмыс, жемқорлық жөнінде бар білгенім осы», – дейді Диана.

 

Құрылыс қызу жүріп жатыр

 

Біз Дианадан Солтүстік Кипрде гастарбайтерлер бар-жоғын да сұрадық. Білгеніміз – ол жаққа бұрынғы КСРО-дан шыққан азаматтар көбірек барады екен. Қырғызстаннан, Түркіменстаннан, Әзірбайжаннан, Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Түркиядан барып, әр­түрлі  жұмыс істеп жүргендер бар. Түрік, ағылшын тілін білетіндерге көңілінен шығатын жұмыс табу оңайырақ көрінеді. Ондайларға өз бизнесін ашып алуға мүм­кіндік бар. Ал басқалар қолына ілікккен қара жұмысты місе тұтады.

 

Бүгінде ол жақта құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Оған Түркия мен Израиль инвестиция салуда екен.

 

«Дегенмен өз басым бұл жақты көп ақша табатындай жер деп ойламаймын, – дейді Диана. – Жұмысшылар алса, біздің ақшаға шаққанда 150 мың теңге шамасында жалақы алатын шығар. Не­гізінен бұл жақ – балалардың білім алуына, денсаулыққа қарап, демалуға, зейнеткер, қариялардың тыныш ғұмыр ке­шуіне өте жайлы жер. Жеке меншік мектептер, халықаралық оқу орындары бар. Туристер көп келеді».

 

Ол жақта ет қымбат

 

Біз Дианаға Солтүстік Кипрдегі азық-түлік, коммуналдық қызмет ақыларына байланысты да сұрақтар қойдық. Біл­геніміз – онда көбіне қой және сиыр етін тұтынады екен. Еттің килосы біздің ақшаға шаққанда 3 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін барады. Ол жақта тек балық еті ғана арзан. Өйткені Кипр аралы Жерорта теңізінің ортасында жатыр.

 

Солтүстік Кипрдің сауда айналымында  негізінен түрік валютасы – лира жүреді екен. Бүгінде оның бағамы жиі құбылып тұр. Қазір 1 лира бағамы біздің валютамен 70 теңге шамасында.

 

Ол жақта алманың килосы біздің ақшаға шаққанда 300 – 400 теңге аралығында. Цитрусты жемістер арзан. Лимонның килосын 150 теңгеге, апель­синдікін 200 теңгеге алуға болады. Бананның килосы 450 – 500 теңге тұрады.

 

Солтүстік Кипрде электр энергиясы қымбат, 1 киловатының құны – 70 теңге. Су бағасы да қымбат. Сондықтан үйлерінде ванна деген болмайды екен. Тек душты пайдаланады.

 

Ал орталықтандырылған жылыту жүйесі деген ол жақта жоқ. Себебі ауа райы жылы. Кейде үйлері суып кеткендей жағдай болса,  оны кондиционермен жылытады.

 

Сондай-ақ Солтүстік Кипрде табиғи газ да жоқ. Тұрғындар ас әзірлеуге баллондағы сұйытылған газды пайдаланады.

 

Ал жеке үйлер бөлмесін жылыту қажет болса, оған камин пештерін пайдаланады. Үйлердің көбінде Күннен қуат жинайтын батареялар бар. Су да Күн қуатымен қызатын арнайы резервуарларда жылытылады.

 

Ол жақта базар деген де болмайды екен. Керегіңізді супермаркет, минимаркеттерден сатып аласыз. Базар деген әрбір елді мекенде аптаның белгілі бір күнінде ғана, жәрмеңке сияқты етіп өткізіледі.

 

Бизнес жасаймын десеңіз...

 

Солтүстік Кипрде бизнеспен айналысамын  десеңіз, оның да өзіндік тәртіп-талаптары бар екен. Мұндай іске бел буған адам міндетті түрде жергілікті кипрлік тұрғынмен әріптес болуы тиіс. Компанияның 51 пайызы соған тиесілі болады. Сонда ғана жұмыс орнын аша аласың.

 

Екінші бір мүмкіндік беретін нәрсе – банкке ақша салу. Яғни депозитте 100 мың доллар қаржың болуы тиіс.

 

...Солтүстік Кипрде тұратын қазақ қызынан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Диананың енді алдағы наурыз айында ол жаққа тур ұйымдастыру ниеті бар екен.

 

«Солтүстік Кипр туралы білгісі келе­тіндерге қолымнан келгенінше көмектесуге дайынмын», – дейді ол. Яғни Диана Кемелмен «Инстаграмда» және жеке телефоны арқылы байланысуға болады.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

Диана Кемелдің байланыс телефоны: 8-777-440-15-78.

«Инстаграм»: @salemcyprus

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ