Түркістандағы дау қалай шешіледі?

01.02.2019
Қаралды: 620

Түркістанның облыс орталығына айналғанын естігенде барша жұрт қуанды. Бұл жаңалық алғаш тараған кезде әлеуметтік желілерде енді "снос" мәселесі туындап, тұрғындар жыламаса игі еді деп ой білдіргендер де болды. Бірақ бірен-саран мұндай сөздер жаңа облыс орталығы туралы қаптаған қуанышты пікірлердің тасасында қалып қойған болатын.

 

Әйтсе де сүрілу жөніндегі мәселе бәрібір кей түркістандықтардың алдынан кесе-көлденең шықты. Ол бүгінде үлкен дауға айналды. Үйіргелік жерлері мемлекеттік қажеттілікке ілінгендердің арасында баспаналарының бағалануына разы еместер де жетерлік.

 

Міне, солардың бір тобы бізді шақырып еді. Бардық, уәждерін тыңдадық. Ал­ғаш сұхбат берген Әзиза Бекенова өз ойын төмендегіше жеткізді.

 

«Менің үйім Иассауи кесенесінің сол жағында орналасқан, – дейді Ә.Бекенова. – Онда да тарихи ғимараттан әжептеуір алыста. Тіпті көшеміздің кесене жақ тұсын ұзын қабырға тұрғызып, бекітіп тастаған. Мұның өзі баспанамыздың тарихи орынға қатысы жоқ, одан тыс жерде екенін білдіреді.

 

Басшылар Түркістанның облыс орталығына айналуына байланысты шаһардың келбетін өзгерту жұмыс­тарын қолға алған. Жоба аясында кесене айналасына түрлі нысандар түспек. Соларға қажетті жер үшін біздің де үй сүрілмек. Бағалаушы компания баспанамызды 8 миллион теңгеге бағалапты. Мен оған келіс­пеймін. Аталған қаражатқа пәтер де ала алмаймын. Құр қара жердің өзі 6-7 миллион теңге тұрады. Арғы жағында баспана тұрғызуға қаржы қажет.

 

Жалпы, мен Елбасының саясатын қолдаймын.  Түркістанды түлету жұмыстарымен келісемін. Тек үйіме нарықтық бағада төлемақы шығарып берсін».

 

Ә.Бекенова осылай дейді. Мұнан кейін өзін Гүлнәр Зайнишева деп таныстырған әйел үйіне 5 миллион 500 мың теңге ұсынылып жатқанын жеткізді. Айтуынша, үйі төрт бөлмелі. Ауласында үш бөлмелі, іргесі биік, дуалы қалың, сапалы шатырмен жабылған үш бөлмелі шағын үй бар. Оны үй бағалаушы компания құжатта асхана деп көрсеткен. Гүлнәр оның тұрғын үй ретінде бағаланбағанына өкпелі. Шағын үй құрылысына қыруар қаржы жұмсағанын алға тартуда. Өзінің ойынша, жергілікті билік Гүлнәрдің екі үйі мен жеріне өтемақы төлеуі тиіс. Әйтпесе 5 баласымен далаға қалатынға ұқсайды. Үй іздеп көрсе қала шетіндегі газ, суы жоқ жердегі үш бөлмелі үйге қожайыны 9 миллион теңге сұрап тұр екен.

 

Г.Зайнишевадан соң сұхбат бергендердің барлығының да айтқан сөздері осы мағыналас болды.   Олар: Күнсұлу Бегалиева, Рәбия Абдукаримова, Бибіхан Жарылқапқызы, Ерлан Раев, Хамиамат Базарбаев, Дана Мырзахметова, Насырахмет Жалаладдин, Гүлнәр Мұртазаева, Күлжәмила Мұртазаева және Мирсаид Бакаевтар.

 

Біз аты-жөндері аталғандардың назын тыңдаған күні Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев жер телімі мемлекеттік қажеттілікке алынатындарға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында сөйлеген шаһар басшысы:

 

– Түркістанның дамуы үш аймақта жүргізілмек. Біріншісі – ЮНЕСКО-ның қатаң қорғауына алынған 88,7 гектар аймақ. Екіншісі – 98 гектар кесене айналасының реттелуі. Үшіншісі – әкімшілік-іскерлік орталық. Екінші аймақ бойынша 167 нысан мемлекеттік қажеттілікке алынбақ. Олардың 13-і – кәсіпкерлік нысан. Бүгінде 91 тұрғын нысан иесі бағалаушылар белгілеген құнға келіскен. 30 нысан иесіне үгіт жүргізілуде. Ал ұсыныл­ған бағаға келіспей отырғандар – 40 адам. Қазіргі таңда олардың арасында әкімшілік тарапынан қысым көрсетілуде деген сөз өтірік. Меншігіндегі жерді, нысанды арзан бағалап жатыр деп айтқандары да орынсыз, – дей келе барлық мәселенің келісіммен жүзеге асатындығын сөз етті. Белгіленген бағамен келіспейтіндердің өздері Қазақстанның кез-келген қаласынан бағалаушы компанияларды шақырып, үйлерінің құнын шығартуға болатынын жеткізді. Әйткенмен ол бағаның өзі де алдыңғы шығарылған бағамен қоса сот барысында қаралады екен. Сот әлгі бағаны сараптамаға жіберіп, дұрыс-бұрысын анықтамақ. 

 

Демек, тұрғындардың өздері шақырған компанияға шығартқан бағалары оңайлықпен қолдау таба бермейтін сияқты.

 

Қысқасы, екі тарап та оңтайлы келісімге келсе игі. Қашан да «өгіздің өлмегені, арбаның сынбағаны» дұрыс қой.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ