Өзі аспаз, өзі әнші, әрі кинотанушы

31.01.2019
Қаралды: 567

Бүгінде «Іnstagram» әлеуметтік желісі кеңінен танымал. Егер қолыңыздан ерекше «хайп» жасау келсе, сол арқылы жұртты дүр сілкіндіре алсаңыз, «Инстаграм» сізді бір сәтте жұлдызға айналдырады. Сондай жұлдыздарының бірі  – Оразбай Сайлаубай. Бүгінде 23 жастағы Оразбай – кинотанушы, әуесқой әнші, қолынан бал тамған аспаз. «Инстаграмда»  «qqonyratt» деген атпен танылып, 13 мыңға жуық жазылушы жинаған оның әрбір танымдық, пайдалы бейнежазбасын бірнеше сағаттың ішінде 50 мыңға дейін адам көреді. Әр күні оқырмандарын таңқалдыру үшін аспаздықтың қыр-сырлары баяндалған видеоларынан бөлек қызықты жазбаларымен де көпшілікті үйіріп отырады. Біз бір басында бірнеше өнері бар жігітпен сұхбаттасқан едік.

 

– Оразбай, өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

 

– Мен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Сайлау ауылынанмын. 1995 жылы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйдің тұңғыш перзентімін. Менен кейін екі інім бар.

 

«Желі жұлдызы» атанамын деп ойладыңыз ба? Жалпы, «инстаграмға» қашан тіркелдіңіз?

 

– Бұл желіден профайл ашқаныма екі жылдан енді асты. Күнделікті аспаздық жұмысымның бір сәтінен бейнежазба түсіріп жүрдім. Алғашқыда сыныптастар мен группаластарым менің «посттарымды» ұнатып, жақсы пікірлер қалдырып жүрді. Олардың біразы менің күндіз оқуда екенімді білгенімен түнде асханада түнгі ауысымда жұмыс істейтінімді білмейді. Осылай желідегі белсенділігім артқан са­йын, «подписчиктерім» де көбейе берді. Әсіресе өткен 2018-жылда оқырмандарым 7 мыңнан 13 мыңға дейін бір-ақ жетті.

 

– Жоғарғы оқу орнын өткен жылдың жазында ғана бітіріпсіз. Қазір мамандығыңыз бойынша жұмысқа тұра алдыңыз ба? Әлде аспаздықты жалғастыра бересіз бе?

 

– Қазақ Ұлттық Өнер университетін «Кинотанушы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Аспаздықты 7 жылға жуық кәсіп етіп жүргендіктен бе, қатты үйреніп қалыппын. Бірақ алдағы уақытта өнер саласында қызмет етуге құлшынысым жоғары. Жоспарда бар.

 

– Әнді керемет айтады екенсіз. Бұл қырыңызды жуырда танымал әнші Индира Расылхан да байқап, өзіңізді іздепті. Ол кісімен сөйлесе алдыңыз ба? Индира ханымнан қандай да бір ұсыныс түсті ме?

 

– Индира Расылханмен бірнеше күн бұрын ғана сөйлестік. Желіде тікелей эфир арқылы шағын әңгіме өрбіді. Алдағы уақытта қолдау танытатындығын айтты.

 

– Өнер саласы, соның ішінде кино танушысыз. Сынға алған фильм не сериалдарыңыз болды ма?

 

– Сынға алған фильмдер, туындылар болды ғой. Студент кезімде біраз сындар мен рецензиялар жазылды. Дипломдық жұмысқа да кіргіздік.

 

Қазір бізде отандық фильмдер қатары көбейіп келеді. Соның ішінде коммерциялық бағытта тү­сірілгендері басым. Қалай десе де, авторлық фильмдерді түсіретін режиссерлер де қалып жат­қан жоқ. Бірақ олардың  жарнамасы әлсіз болғандықтан ба, көпшілік ол режиссерлер мен фильмдер жайлы біле бермейді. Мысалы, Еуропа елдерінде біршама жүлделерге ие болған кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевты тек кино саласында жүрген мамандар ғана білмесе қарапайым халықтың хабары жоқ. Сондықтан мен мектеп бағдарламасына «Кинотану» пәнін енгізсе екен деймін. 9-сыныптан 11-сыныпқа дейін бұл пән өткізілетін болса жастардың санасын сілкінтуге болар еді. Оқушылар авторлық фильмдерді көріп, талқыға салу арқылы өз ойларын еркін жеткізумен қатар білімдерін де толықтара алады.

 

– Мәселен, қолыңызда барлық мүмкіндік бар делік, қандай кино түсірер едіңіз?

 

– Менде бір идея болған. Деректі фильмге байланысты. Яғни күнделікті өзіміз мініп-түсетін автобустардың «кондукторлары» жайлы бір қысқа фильм түсіргім келген. Ондағы басты мақсатым – сол «кондуктордың» өмірі арқылы қазіргі қоғам адамдарының қандай екенін көрсету. Қоғамның қандай дәрежеге жеткенін көрсете отырып, көпшілікке ой салу болатын. Әйтсе де, оған біраз қаражат керек. Сол жағынан жобам ақсап қалды.

 

– Ал аспаздыққа қалай келдіңіз?

 

– Біздің отбасында қыз баласы жоқ. Сондықтан анам маған үйдің шаруаларын көп істететін. Ара-арасында мал бағып, отын жарып, жер аудардым. Ата-анама қолғабыс ету, бауырларыма бас-көз болу менің парызым ғой.

 

Мектепті аяқтаған соң оқу орнына түсуге балым жетпей, Астанаға аттанып кеттім. Бір құрылыс фирмасына жұмысшы ретінде қабылданып, таңғы сегізден кешкі 20-00-ге дейін түрлі шаруаларды атқаратынмын. Біраз уақыт өткен соң ауырып қалдым. Құрылыстағы ақшамды да ала алмадым. Жұмыссыз сандалып, не істерімді білмедім. Қаржылай қатты қиналдым. Пәтер иесі жақсы адам еді. Жанына жақын тартып тұратын. Ол кісінің бекер отырмай, бәліш пісіріп сататынын жақсы біл­гендіктен тым болмағанда осыны үйреніп ала­йын дедім. Әйтеуір табыс табуым керек болды. Бәліш жасауды үйреніп, «хозяйкамның» орнына өткізіп жүрдім. Маған риза болса керек, өзінің аспаз танысына мені әбден мақтапты. Сол кездері оған жас көмекші керек болған екен. Осылай Астана қаласындағы «Назарбаев университетінің» асханасына жұмысқа келдім. Содан бері 7 жыл өтті. Асхана басшысы Омаров Эдик Аттинұлына алғысым зор.

 

Екі жыл бойғы ұмтылыстан кейін 3-ші жолы грант иегері атандым. Енді оқу керек. Ақша болса да керек. Басшым жағдайымды түсініп, мені түнгі ауысым­ға ауыстырды. Бірақ бізде түнгі ауысым дейтін жоқ еді. Маған түнде жұмыс істеуіме рұқсат беріп, үлкен жақсылық жасады. Кешкі 18.00-ден түнгі 12-ге дейінгі уақыт аралығында жұмысқа шығып жүргеніме 4 жылға жуықтады.

 

– Ән салу ше?

 

Менің қабілетім – анамнан дарыған қасиет. Нағашыларым шетінен өнерге жақын азаматтар. Әсіресе нағашы атам Мұстахи домбырада ойнап, керемет әндер айтады. Әкем Сәрсенбай ауылда егіншілікпен айналысады. Өз алдына шағын кәсібі бар. Ал анам Мейрамхан фельдшер болып жұмыс істейді.

 

– Қазіргі жастарға қандай кеңес бересіз?

 

– Жас түлектерге айтарым, мамандық таңдағанда өзінің жанына жақын саланы таңдаса деймін. Біреудің айтқаны бойынша емес, өзінің түйсігіне үңілгені жөн. Олар өздеріне болашақта қандай мамандықта, қандай салада жетістікке жетемін деген сұрақ қойып, арманы мен алдына қойған мақсатына жету жолында еш қорықпастан әрекет жасаса екен.

 

Осы тұрғыда ата-аналар да балаға демеу беріп, онымен санасқаны өте құптарлық әрекет дегім келеді.

 

Тағы бір байқағаным, өзіммен қатар жастардың көбісі рухани әлсіз. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын. Жалпы, рухани әлсіреуді діни сауатсыздықтан деп ойлаймын. Дін қандай қиындық болмасын сабырлы болуға шақырады емес пе? Жастарды дінді тануға әрі менталитетімізге сай ілім алып, солай әрекет етуге шақырамын.

 

– Оразбай, тағы неге әуессіз? Қазақ жігіттеріне үлгі боларлық қырыңыз өте көп. Сізді не шабыттандырады?

 

– Бала күннен әңгіме жазуға әуеспін. Бірақ бұл істі қазір қолға ала алмай жүрмін. Аздап өлең шығаратын да әдетім бар. Пародия жасағанды да ұнатамын. 7-сыныпта бір мерекелік қойылымда Қатираш апаның рөлін сомдағаным бар еді. Базаркүл есімді апайымыз қасыма ата қойып, мені әжеге айналдырып, өте қызықты концерт өткіздік. Мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар риза болысып, кейіпкерім Қатираш апа арқылы жұлдызым жанған еді. Қазір де сол кейіпкерімнің кейпінде түрлі видеолар түсіріп, көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлап жүрмін.

 

– Сізге рахмет, оқырмандарыңызға ұсынар танымдық жазбаларыңыз көбейсін дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ