Кеңбаба, Бәйдібэкспо деп есім берілген балалар өсіп келеді

31.01.2019
Қаралды: 288

Шымкент қаласында дүниеге келген Кеңбаба Әбдіманапқа есімі аян арқылы қойылған екен. 15 жастағы жеткіншек өзінің есімінен ешқашан ұялған емес. Керісінше, оны мақтаныш етеді.

 

«Адамның тағдырына оның есімі тікелей әсер етеді дейді ғой. Осы сөз рас секілді. Өйткені мен қандай да бір істі жоспарлап, бастасам, жолым болып кетеді. Достарым да өте көп. Қабілетіме, сабақ үлгеріміме ұстаздарым да дән риза. Оқу үлгерімім бойынша көптеген пәндік олимпиадаларға, спорттың бірнеше түрінен жарыстарға барып жүрмін. Әрбірінен жүлдесіз оралған емеспін.

 

Алтыншы сыныпта оқып жүгенімде Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқығым келді. Өзім Семейде тұрғандықтан ата-анам Өскеменде оқуыма қарсы болды. Сонда да осы оқу ордасында білім алуды қатты армандадым. Көп ұзамай тілегім орындалды. Әкем жұмыс бабымен Өскеменге ауысатын болды. Ол әскери қызметкер ретінде көптеген қалаларда еңбек етіп келеді. Осы кезде анам «Шын тілеген екенсің ғой. Мейлі, бағыңды сынап көр. Жолыңды бөгемейміз», – деді. Сонымен біраз дайындалып, тест тапсырдым. Ең жоғары ұпай жинап, оқуға түстім. Қазір химия-биология бағытында білім алып жүргеніме екі жылдан асты. Келешекте еліміздің ғылым саласында тың жаңалық ашсам деймін. Дәрігер болсам деген де жоспарым бар. Қай саланың маманы атанатынымды уақыт көрсетер. Әзірге бұл мектепте 12 жыл оқу міндеті тұр. Соны жақсы бағалармен тауысып алайын», – дейді зерек бала Кеңбаба (суретте).

 

Ал өзгеше есімді баланың анасы Жанар не дейді екен? Ұлына мұндай ат қоюына не себеп болыпты?

 

«Мен Оңтүстіктің қызымын әрі келінімін. Біздің өңірде сәбиге ат беруге немқұрайды қарамайды. Кеңбаба – тұңғыш перзентім. Оған аяғым ауыр кезде Жадыра есімді абысыным түс көріпті. Бірақ ол кісі жүкті екенімді білмейтін. Жеңешемнің айтуынша, түсіне аса таяғы бар, ақ сақалды қария кіріп: «Алдабергеннің шаңырағында үкілі ұл туылады. Қасиеті мен қабілетінің арқасында талай белестерді бағындырады. Атын Кеңбаба деп қойыңдар», – депті. Мұны абысыным апамызға, апамыз жолдасым Ғабитке жеткізген. Айтқанындай, ай-күнім жетіп, маңдайы торсықтай ұл босандым. Үйде құран оқытылып, балаға Кеңбаба деп ат қойдық.

 

Мұндай түс оңай адамға кірмесе керек. Мінезі салмақты, әулетке сыйлы абысынымды қатты құрметтеймін. Сондықтан менде қарсы келу туралы ой болған да жоқ. 

 

Тіл-көзім тасқа, балам зерек. Кішкентайынан ересек адамдарша ойлап, маған ақыл айтып отыратын. Спортты, кітап оқығанды жақсы көреді. Екі қарындасына, бізге қамқор. Алдына қойған мақсаттары өте көп. Барлық аналар секілді мен де ұлымның өмірден өз орнын тапқанын, денінің сау, ғұмырының ұзақ болғанын қалаймын», – дейді Жанар.

 

...Еліміздегі атаулы оқиғаларға байланысты сәбилерге түрлі есімдердің беріліп жатқанын естіп жүрміз. Бүгінде Саммит, Саммита, Теңге, Азиада секілді есімдерді иеленген балақайлар өсіп келеді. Мұндай есімдерді сирек десек те Қазақстан бойынша 66 Саммит, 16 Саммита, 56 Азиада, 13 Теңге бар екен. Тек Бәйдібэкспо дейтін есім біреу ғана.

 

Астаналық Бәйдібэкспо қазір екі жасқа толып, тәй-тәй басыпты. Біз өзгеше есімді балақайдың ата-анасымен байланысып, сөйлескен едік.

 

«Келіншегім Лаура екеуміз де Оңтүстік Қазақстан облысынанбыз. Астанаға көшіп келгенге дейін Бәйдібек ауданында тұрдық. Бәйдібек – Ұлы жүздің түп атасы. Біздің ауданға 1996-жылы Елбасының Жарлығымен Бәйдібек аты берілді. Ұлыма Бәйдібек деп ат қойғым келетін. Ал еліміз үшін жаңалық болған халықаралық көрме өткен соң әрі рухани жаңғыру аясында Бәйдібекке «ЭКСПО» сөзін жалғап, Бәйдібэкспо деп ат қойдық. Отбасында тағы екі ұлымыз бар. Үлкеніміз Алтынбек 16-да, Ринат 14 жаста. Тұңғышымыздың атын әжесі қойды. Ерте уақытта Алтынбек деген ел бастаған адам болыпты. Ырымдап, сондай тұлға атансын дедік. Ал екінші баламызға Ринат Заитов сияқты ақын болсын деп осы есім берілді.  Бәйдібэкспомыз да ақылды, адал адам болып өссе деймін. Солай тәрбиелеуге тырысамын», – дейді үш баланың  әкесі Мейрамбек Рсымов.

 

Жаңа туған сәбиге есім таңдауда қазақтан шебер халық жоқ. Қалай десек те, ұл-қызымыз қандай есім арқаласа да жақсы адам болып өссе екен.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ