Жиналған қаржыны қажылыққа жұмсайды

31.01.2019
Қаралды: 365

Алматылық Сәндібек Жұмания­зов жуырда кіші қажылыққа барып қайтыпты. Бір қызығы, қарапайым құрылысшы болып істейтін кейіп­керіміз «гәптен» жиналған ақшаға умра жасай алған. Есік қаласының бір топ жамағаты бірнеше жылдан бері ай сайын «гәп» ойнап, одан түскен қаржыға араларындағы екі азаматты Меккеге жіберуді дәстүрге айналдырыпты.

 

«Осы ойынды бастағалы умраға бара алатынымызға барлығымыз қуандық. Біз жиырма жігіт айына 10 мың теңгеден жинап, төрт ай тол­ғанда өзара жеребе тастаймыз. Сөйтіп жеребе арқылы анықталған екі кісіге төрт айдағы 800 мың теңгені екіге бөліп беріп, сауапты сапарға шығарып саламыз. 400 мыңның 370 мың теңгесі умра қажылыққа толық жетеді. Міне, Аллаға шүкір, бүгінде 14-іміз кіші қажылық парызымызды өтеп келіп отырмыз.

 

Өткен жылдың 10-желтоқсаны күні сыныптасым Қайрат, Оспан деген дос жігіт пен Болатбек бауырым, көрші тұратын Тілек есімді жігіт және оның анасы бәріміз Алматы әуежайынан аттандық. Бір топта 50-дей адам болдық. «Атлас-туризм» фирмасы арқылы таңғы бесте Бі­ріккен Араб Әмірліктеріне ұштық. Төрт жарым сағат дегенде Шарджа қаласына жеттік.

 

Ал Мекке қаласында 11 күн аялдадық. Біз жүгінген турфирманың маманы біздерге не істеу керектігін, қай уақытта қайда баруымызды тәптіштеп түсіндіріп, өзі алып жүрді. Қағбаға қарай бет алғанымызда басымызды төмен салып жүрдік. Өйткені бірінші рет барғандар солай етуі керек екен.

 

Бір умра жасауға 2 – 2,5 сағаттай жұмсалды. Еш қиындықсыз Аллаға құлшылық етіп келгенімізге шүкір дейміз. Осы он бес күндегі алған әсерім мен көргендерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны көру керек, сезіну керек. Алла әрбір мұсылманға кіші қажылық болса да парызын өтеуді нәсіп етсе екен. Себебі жер бетінде бұдан асқан нәрсе жоқ», – дейді Сәндібек ағамыз.

 

Бүгінде имандылыққа бет бұрғандар көбеюде. Барлығы бес парызды орындап, қажылыққа барғысы келеді. Бірақ парызды өтеуге кей адамдардың қалтасы көтермей жататыны тағы бар. Осындайда екінің бірі ойнайтын «гәпті» қызықшылық үшін емес, осы ағаларымыз секілді сауапты іске арнасақ, керемет болар еді.

 

Жалпы, негізінен Түркістан облысы аумағында туыстардың немесе достардың бас қосып өткізетін отырысы Алматы өңірінде де кеңінен тарала бастаған көрінеді. Оның үстіне мұндай отырысты көпке үлгі ретінде ұйымдастырып жатқаны тіпті ғанибет емес пе?

 

Д. ТОҚБОЛАТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ