Жерлесіміз, еңбек ардагері, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әмидулла Ермаханбетов ағамыз 80 жастың сеңгіріне шықты. Осы оқиғаға орай біз мерейтой иесімен әңгімелескен едік.
– Аға, сіздің Теміртауда Елбасы Н.Назарбаевпен бірге оқып, бірге еңбек еткеніңізді, ол кісімен бүгінгі күндері де жақын араласып тұратыныңызды білеміз. Әңгімені өміріңіздің осы тұсынан бастасақ. Қарағанды жаққа қалай барып қалған едіңіз?
– 1957-жылы орта мектепті бітіргесін жоғары білім алуға ниеттеніп, Ташкентке барған едім. Ташкент ирригация институтына құжат тапсырғанмын. Бірақ сынақтардан өткенмен конкурстан өте алмай қалдым. Содан оқуға түсе алмай қалыпты дегеннен намыстанып, Шымкентте қалып қойдым. Осында біраз жолдастармен кезігіп қалып, қорғасын зауыты аумағындағы №11 техникалық училищеге түстік. Оны бітіргесін сол кезде жаңадан салынып жатқан цемент зауытына монтаждаушы-слесарь болып жұмысқа тұрдым. Осы зауытта жүргенде Қарағанды жақта үлкен құрылыс басталып, «Қазақстан Магниткасына» жастарды қабылдап жатыр деген хабар шықты, соны естігесін қалалық партия комитетіне барғанбыз. Сол жерден Теміртауға комсомолдық жолдама алдық.
– Қанша адам бардыңыздар? Сіздерді «Магниткаға» бірден қабылдады ма?
– 120 адамдай жиналғанбыз. Бәріміз де 18 – 20 жастағы бозбала-жігіттер едік. Ол кезде Теміртауда Бүкілодақтық құрылыс жүріп жатқан. «Шатырлы қалашықта» Украинадан, Молдавиядан, Болгариядан, тағы басқа жақтардан құрылысшылар тұрып жатыр екен. Арасында әскер қатарынан оралғандар, жазасын өтеп жүргендер, бұрынғы «зэк»-тер де болды. Құрылыс жұмыстары қайнап жататын.
Жан-жақтан жиналған жастардың басын қосқанда 170-тей адам болдық. Алғашында бізді жатақханаға, сосын қатардағы жұмысшы ретінде құрылысқа орналастырды. Бір-екі айдан соң бөліп, Ресейдегі, Украинадағы үлкен металлургия комбинаттарына оқуға жіберді.
Біз Украинаның Днепродзержинск металлургия комбинатының жанындағы жұмысшы кадрларын даярлайтын техникалық училищеде 1,5 жыл оқып, іс-тәжірибеден өттік. Нұрсұлтанмен таныс-білістігім сол жылдарда басталған. Бірге жұмыс істедік, бірге оқыдық. Нұрекеңмен қазірге дейін хабар үзбей, жиі байланысып тұрамыз.
– Жаңа 170-тей адам жиналдық дедіңіз ғой. Солардың бәрі де кейін металлургия саласында еңбек етті ме? Жалпы, ол кезде жергілікті ұлттан шыққандарға қамқорлық қандай еді?
– Жолдамамен барғандардың көбі кейін ол мамандықты тастап кетті. Өйткені 1500 градус ыстық пештерде шойын, металл қорытылады, ботқа сияқты, қып-қызыл болып қайнап жатады, сол жерде істеуің керек. Арнайы киіз қалпақ, қара көзілдірік, киіз киіммен, арнайы аяқ киіммен жүресің, борша-борша болып терлейсің, тұзды суды жиі ішесің. Металлургтің жұмысы ауыр, оған төзімділер ғана шыдайды. Бізді қазақ екенсің деп ешкім мәпелей қойған жоқ. Өзімізге керектігі, өз мамандарымыздың болғаны жақсы екені айтылатын. «Қазақ қой жайып жүре беруі керек, олардан металлург шықпайды» деген сөзге қалғысы келмеген намысты жігіттер комбинатта қалып, еңбек етті. Кейін солардың арасынан цех басқарған, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған көптеген белгілі азаматтар шықты. Мысалы, Ғабидолла Сәйкенов министрлікте лауазымды қызмет атқарды, Төлетай Сүлейменов еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі болды. Асқар Шораев, Қуаныш Омашев, Жақсылық, Алтынбек есімді достарымыз үлкен қызметтер атқарды.
– Негізі Украинада қанша уақыт болдыңыздар? Сіздер оралғанда Қарағанды металлургия комбинаты іске қосылып қойған да болар?
– Біз Днепродзержинскіде 1,5 жыл болдық. Елге оралғанымызда металлургия зауыты әлі де іске қосылмаған еді. Арада бір-екі ай өткесін шойын қорытатын №1 домна пеші іске қосылды. Нұрсұлтан мен біраз жігіттер сонда жұмыс істейтін. Сол кезде өнімнің алғашқы құймасын жасаған, сынамасын алып, республикалық комсомол съезінде Дінмұхамед Қонаевқа тапсырған Нұрсұлтан Назарбаев болатын.
Осы жерде Нұрекең туралы бірер сөз айта кетейін. Ол тілге жетік, өте белсенді болды. Нұрсұлтан кейін цехтың комсомол комитетін басқарды, бастауыш партия ұйымының хатшысы, комбинаттың партия ұйымының хатшысы болды. Ол кезде комбинатта 40 мың жұмысшы бар еді, соның 5-6 мыңы коммунистер болатын. Нұрсұлтан Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуына мол еңбек сіңірді. Кейін оның қызметі облыстық партия комитетіне ауысты.
Ал мен зауыттың болат қорыту цехында, мартен цехында істегенмін. Үлкен ұлым мартен цехы іске қосылған кезде туған, атын соның құрметіне Темірболат деп қойғанмын.
– Жұмыс істей жүріп Қарағанды политехникалық институтын бітірген екенсіз...
– Қарағанды политехникалық институтына Украинадан келгесін, арада бір жыл өткесін Ғабидолла, Төлеутай, Қуаныш, Жақсылық және мен бесеуміз оқуға түстік. Кейін Теміртауда оның филиалы ашылды. ВТУЗ, яғни «Қарағанды металлургия комбинатының жанындағы жоғары-техникалық оқу орны» деп аталатын. Сол кезде шыққан заң бойынша өндірістен қол үзбей, яғни жұмыс істей жүріп оқыдық. 8 сағат жұмыс біткесін, екі-үш сағат үзілістен соң сабаққа баратынбыз. Жұмыстың өте ауырлығына қарамастан оқып, білім алдық. Мен ол жерден инженер-металлург мамандығын алып шықтым.
Кейін Өскемендегі жол-құрылыс институтының автотранспорт факультетін бітірдім. Оның өзіндік себебі бар. Анама, бауырларыма қарасуым қажет, елге оралуым керек болды. Сол оқуды бітіргесін Теміртаудағы «Металлургжилстрой» тресіне қарасты автобазада аға инженер, бөлім бастығы болып істедім. Сосын Қарағанды облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігінде бас инженер, директор қызметтерін атқардым.
– Ал елге оралғасын қандай қызмет атқардыңыз?
– Елге 1972-жылы келдік қой. Алғашында Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау тресіне қарасты №2 автопаркте бас инженер болып істедім. Кейін облыстық өндіріс-байланыс бірлестігіне қарасты автобазаны басқардым. «Шымкентсельстрой-25» тресіне қарасты автобазаның директоры, облыстық кәсіподақтар ұйымына қарасты автобірлестіктің директоры, бас директоры болдым. 2002-жылдан бері зейнеткермін.
– Енді өзіңіздің туып-өскен ортаңыз жайлы айтсаңыз.
– Мен мынау Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылында туып-өскенмін. Біздің елді мекеннен 5 шақырым қашықтағы Диханкөл мектебіне қатынап оқушы едік. Онжылдықты ауылдан 3 шақырым қашықтағы Қасқасуда бітіргенмін. Сол мектепті бітіре салысымен оқуға түспек болып Ташкентке барғанмын.
Біз бір әкеден екеу едік. Әкеміз Ермаханбет соғыста хабарсыз кеткен. Кейін біраз әрекет жасап, іздестірдім. Өкініштісі, еш дерегін таба алмадым. Әкем майданға аттанғанда мен 3 жаста екенмін, інім бесікте болған.
Ал анам Сәрсекүл бертінде, 103 жасында қайтыс болды. Қолымнан келгенінше бар жағдайын жасадым. Інімнің өзі 63 жасында өмірден өтті. Анамның кейінгі некеден 2 қыз, 1 ұлы бар.
– Ал өздеріңіз отбасында қанша бала өсірдіңіздер? Немере-шөберелер жайында айтсаңыз.
– Әйелім Роза екеуміз өмірге 3 ұл, 3 қыз әкелдік. 5-еуі бар, өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр. Бүгінде олардан өрбіген 22 немере, 7 шөбереге ата-әже болып отырмыз.
– Жұртшылыққа, жастарға не айтқан болар едіңіз?
– Біздің өткен өміріміз бір дастан, том-том кітап жазуға болады. Тоқығаным, адамға ең керегі – оның таза, әділетті, қай ортада жүрсе де абыройлы болғаны жақсы. Әдемі қартайған жақсы. Кейде ештеңеден хабары жоқ біреулердің саясатқа араласатынына, ел басқарып жүрген азаматтарға орынсыз тіл тигізетініне, біреуден бірдеңе естіп, «солай екен ғой» деп өзінше тон пішетініне қарным ашады. Адам жасы келгенде ел арасында көбірек жүреді, үлкен кісілерді той-томалаққа жиі шақырады, алдыңа бас тартып, бата сұрайды, шапан кигізіп жатады. Сондайда әркім мен осыған лайықпын ба деп ойлауы керек. Қолынан келсе, аталы сөз айтып, келмесе, тыныш жүргені дұрыс. Соның өзі абырой, жұрт сақалыңды, жасыңды сыйлап, төрге отырғызады. Ал жөнсіз сөйлеп, білмегеніне араласса, оның абыройы нөл болады ғой. Ең қауіпті жері – осы. Бүгінде түсіндіріп айтатын адамдар азайып бара жатыр. Сол ойландырады.
Қазір елімізде жастарға көп жағдай жасалып жатыр, олардың арасынан білімді, білікті жандар көптеп шығуда, ел басқаруға араласуда. Әрекет жасаймын дегендерге барлық жағдай бар. Ең бастысы – еліміз тыныш, осыны бағалай білу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!