Арамтамақ атаулыны ауыздықтаудың нақты жолдарын ұсынамын

30.01.2019
Қаралды: 181

Қай елдің болса да ең қауіптенетін жайларының бірі – адамдар арасында жұмыссыздықтың көбеюі. Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігінің өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмауы. Яғни ол әлеуметтік-экономикалық дағдарыс деген сөз.

 

Өткен кеңестік кезеңде арамтамақтық (тунеядство) заңы болғаны белгілі. Міне, осы заңды қайтадан біршама өзгерістер енгізіп, жандандыру қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда бұл заң бізге не береді? Ол өмірімізге түбегейлі өзге­рістер әкеліп, қоғамға, отбасыларға оң әсерін тигізеді деген ойдамыз.

 

Расында да қоғамдағы шешілмеген күрделі мәселенің бірі – жұмыссыздық. Бүгінде үкіметке бір тиын пайда әкел­мейтін шенеуніктерді, бандиттерді және олардың арасындағы қайшылықтарды (өндіріс орындарын, базарларды, казиноларды, ресторандарды, супер­мар­кеттерді, сауда салаларын өзара бөлісіп, соған таласу, соғысуға байланысты) күн­дегі жаңалықтардан көрсетеді. Ал ол жастарға кері әсерін тигізіп жатыр.

 

Жұмыссыздық көптеген келеңсіз жағдайларға итермелейді. Ол ұрлыққа, тонауға, алдауға және тағы басқа имансыз, ұятсыз істерге жетелейді. Кейбіреу­лері сотталады. Олар да адам баласы болғандықтан үкімет амалсыздан ондаған жылдар бойы халықтың ақшасымен асырайды, емдейді, күзетеді, қорғайды. Ал қартайғанда мемлекетке бір тиын пайда әкелмегенімен олар да Қазақстан азаматтарымен қатар пенсияға шығады.

 

Осыдан құтылатын әрекеттер:  18-ден асқан әр азаматтың жеке куәлігіне қосымша жергілікті «Халық банкінен» тікелей өзінің атынан жұмыссыздық шотын ашу керек. Жастар оқу орындарында күндіз дәріс алса, онда ай сайын 100 теңге, үш ай жұмыс істемесе, онда 200 теңгеден сол қорға ақша салулары қажет. Жұмыс істеген азаматтардың қорына жал­даушылардан ай сайын айлық еңбе­гінен 5 пайыздан жұмыссыздық қорына ақша аударып отыру керек.

 

Жұмысшы жалдаушының банкіге ау­да­ратын ай сайынғы ақша мөлшері ауылдық жерлерде – 2 мың теңгеден, ал қалаларда 3 мың теңгеден кем болмауы абзал. Кейбір жағдайларда жергілікті бан­ктегі жұмыссыздық қорына азаматтан үш ай арасында ақша түспесе, онда  жергі­лік­ті ауылдық, аудандық, қалалық әкім­шіліктер оның жұмысқа орналасуына міндетті түрде ықпал жасаулары керек.

 

Арнайы заң қабылдау керек

 

Ол үшін жұмыссыз азаматтарды вахталық әдістемемен үлкен құрылыстарға, жолдар салуға, вахталық мал бағуға, балық аулауға, аула тазартуға, ауыл шаруашылығы саласына және тағы бас­қа қарапайым, ауыр жұмыстарға жұмылдыру қажет. Оған бармағандарды жа­тыпішер арамтамақ ретінде заңды түрде 1 жылға соттау керек. Тұрғылықты жері­нен тыс аумақта ең ауыр жұмысқа салып, олар міндетті түрде жазасын өтеуі қажет. Осы статьямен сотталғандарға жеңілдік болмайтынын ескерту керек.

 

Халық депутаттары «жатыпішер арам­та­мақтыққа» қатысты заң қабылдау­лары тиіс. Ауылдық, қалалық, аудандық және облыс әкімдері жұмыстарының ең маңыздысы – жұмыссыздықты жою және халықты жұмысқа орналастыру. Бұл олардың жеке міндеттері болуы тиіс. Әкімдер халық алдында немесе жоғар­ғы басшылықтарға ай сайын міндетті түрде жұмыссыздық туралы ақпарат беріп отырулары керек. Осы дерт азаймаса, онда әкім өз орнынан кетуі тиіс немесе оны орнынан кетіру қажет. Бұл – қазіргі қиын заманда мемлекет үшін қажетті саясат. Онсыз мемлекет оңалмайды.

 

Ауылдардағы, аудан орталықтарындағы, қалалардағы мыңдаған базарлардағы алып-сатушылар – қоғамға пайдасыз жұмыссыздар. Олармен қоса жанындағы жүк тасушылар, дүкеншінің көмек­шілері, автокөлік жүргізушілер және басқа­ларды есептегенде миллиондаған адам­дар – өндіріске көк тиын пайда әкелмейтіндердің қатарында. Менің мұным көпшіліктің бәріне тас лақтыру емес, олардың кінәсі жоқ. Бұл – қазіргі замандағы келеңсіз жағдай. Барлық кінә жергілікті әр деңгейдегі әкімшіліктердің осалдығы, әлсіздігі, еріншектігінде жатыр.

 

Совет заманында жайлаудағы, қыстаудағы малшыларға үнемі үзілмей автодүкен қатынайтын. Алыстағы малшылардың тапсырған керекті киім-кешегін, қант-шайын және басқа да ұсақ-түйек­терін қысы-жазы уақтысында автодүкен сатушылары жеткізетін. Бұл жұмыстың басы-қасында болып, әрдайым қадағалау аудандық партия комитеті хатшысының құзырында болатын.

 

Бүгінде әкімдіктердің, министр­лік­тердің, басқа да мекемелердің жанындағы жұмыссыздардың саны да әжеп­тәуір. Олар – тендер ұйымдастырушылардың көмекшілері, «откатты» жинайтын кассирлері, өкіметтен пәтер, жер, банктен несие, лауазымды мемлекет «креслосы», балабақшаға орын, оқуға түсіру, жұмысқа орналастыру, тойды ұйымдастыру, диплом және автореферат жазу, емтихан өткізу, жоғарғы шенді шенеу­нікпен таныстыру, сұлу бикештермен кездестіру – не керек, бәрі қолынан келетін жұмыссыз алаяқ-байлар.

 

Мысалы, бензинді көпшілікке сату үшін отыздай алыпсатарлардың қолынан өтеді екен. Сонда алыпсатардың әрқайсысы 1 теңгеден қосқанда 30 теңге босқа «жылап» кетеді. Неге олар делдалдық жұмыспен айналысады? Оған кінәлі – өзіміз. Бензин неге мұнай өңдеген зауыттарынан тікелей халыққа сатылмайды? Ол үшін мұнай өңдейтін зауыттың сату бөлімі айналысуы керек.

 

«Жеңіл жүрістілерге» неге салық салынбайды?

 

Ескі дәуірлермен біте қайнасқан жезөкшелікті жою мүмкін еместігіне күмән жоқ. Жезөкшеліктің алғашқы көпшілік үйлері (публичный дом, дом терпимости немесе парнейон) біздің жыл санауымыздан бұрынғы 594-жылы афиналық ақын Солонның өмір сүрген кезінен бас­тау алады. Осындай жезөкше әйелдерден түскен қаржы ағылшын королі Генрих ІІ-нің тұсында заңдастырылған.

 

Бізде бүгінде жезөкшелік жоқ деп ешкім де айта алмайды. Ондай келең­сіздікті әр қаладан кездестіруге болатыны анық. Ендеше неге жезөкше әйелдерге, оларға баратындарға, оларды та­ситын көлікке, жалданған бөлмелерге, жеңгетай әйелдерге де салық салынбайды?

 

Алып-сатушылар, ұсталған алдаушылар, жезөкшелер, «откатты» жинаушы-кассирлер, тағы да басқа «алдар-көселер» «арамтамақтық» бабымен сотталуы тиіс. Олар – нағыз арамтамақтар.

 

Кезінде Орталық Еуропа мемлекеттері асфальт жолдарды елден жиналған айып­пұлдардың күшімен салған, осының ішінде қомақты салық мөлшері жезөкше әйелдерден жиналатын. Сол кезде Сигизмунд король: «Күнәлі жезөкше әйелдерге салынған салыққа, харам ақшаға біз жол салып, оны аяқпен таптап жүруіміз керек», – деген болатын.

 

Адал бәсекелестікті қалыптастыру қажет

 

Төмендегідей жайларды іске асыруға болар еді.

 

Ауылдық жерлерде: Жұмыссыздыққа төлейтін қаржының жартысына көктемде құс балапандарын елге үлестіріп беру. Күзде құс етімен қарызын өтеу.

 

Несиеге шағын жылыжай және шағын жел-электр станциясын салып беру немесе жалға беру. Қолмен ешкі, сиыр, бие саууды жаңғырту және өсіру.

 

Қалалық жерлерде: Жұмыссыздарды вахтамен алыстағы құрылыстарға, көш­пелі жайылымдарда мал бағуға, балық аулауға, рудниктерде, шахталарда қосал­қы жұмыс істеуге, темір жол және автожолдарды салуға жұмылдыру.

 

Тәуелсіздік алғалы қоғамның еңбек рыногында «көлеңкелі экономика» пайда болды. Жұмысшыларға жасырылған ақша төлеп, мемлекетке салық төле­мейтін сектор көбеюде. Осы секторлар­ға ең алдымен елге ағылған бос­қындар – гастарбайтерлер жатады.

 

Жұмыссыздықтың кері әсерлері мынадай:

 

- крименгонді жағдайдың өршуі;

- жұқпалы және психологиялық аурулардың көбеюі;

- алған білімнің құндылығын жоюы;

- жұмыссыздарға көмек шығындары;

- квалификациясын жоғалту;

- өмір сүру деңгейінің төмендеуі;

- ұлттық табыстың төмендеуі;

- салықтың аз жиналуы.

 

Егер арамтамақтыққа қарсы жаңа заң шығарылса, онда «көлеңкелі экономика», елдің үрейін алатын бандиттер, ұрлықшылар, жезөкше бикештер, босқа сандалып жүрген жастар, ұсақ-түйек сататындар және тағы басқалар өзінен-өзі кейін жойылуы да мүмкін. Түнгі клубтар мен казинолар да ақырындап жабылады. Ол үшін заңды барлық азаматтар мойындауы және оның талабын орындауы қажет.

 

Өткен Совет заманындағы жалған ұрандату мен мақтаншақтық әлі де қалар емес. Бүгінде дүниеде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың көптігі соншалықты, кейде қоғам оларды қорытып үлгере алмайды. Оларды ғаламтордан, тағы басқа өзгерістерден байқауға болады. Қоғамға жаңа білім, ғылым, жоғары технология, рухани жаңғыру арқылы жаңа көзқарас керек. Қазіргі заманда әр адам, әсіресе жастар бәсекелестікке түседі. Тек саналы, білімі бар жастар түрлі салада адал бәсекелестікке түсіп, өз елін биікке көтере алады.

 

Қысқасы, адам өмірінің барлық саласына бәсекелестік идеясы енгізілгені жөн. Әйтпесе бірнеше дипломы немесе ғылыми атағы барлар жұмыссыз да, керісінше, кейбіреулердің өзгелердің жұмыстарын пайдаланып, миллионер  болып жатқаны өтірік емес.

 

Сәдуақас ЕСІМБАЙ,

еңбек ардагері.

Астана қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ